Қоғам • 05 Қазан, 2022

Тұқым шаруашылығындағы түйткіл

167 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бір қарағанда, Қазақстан сияқты аграрлы елде азық-түлік тапшылығының байқалуы мен ауыл шаруашылығы өндірісі өнімдерінің қымбаттауы ақылға сыймайтындай көрінеді. Алайда қазір ішкі нарықты қымбатшылық жайлағаны жасырын емес. Қазір басқа азық-түлікті былай қойғанда, сұранысқа ие ұн бағасы да жиі құбылып отыр. Мысалға, өткен айдағы дерек бойынша елдегі бидайдың құны 40 пайызға дейін көтерілген. Соның салдарынан нан және нан өнімдерінің өзіндік құны шарықтай бастады.

Тұқым шаруашылығындағы түйткіл

Әрине, ішкі нарықтағы азық-түлік бағасының тұрақсыздығына әлемдік оқиғалардың шиеленісуі де әсер етіп жатыр. Әсіресе көрші Ресей мен батыс елдері арасындағы әскери және экономикалық текетірес дүние жүзінің сауда нарығына кері ықпалын тигізуде. Бұдан экспортқа иек артқан дамушы елдер зардап шегіп отыр. Соның бір көрінісін астық нарығынан байқауға болады. Бұл жерде тек нан және нан өнімдерінің өндірісі қиналып отырған жоқ, ауыл шаруашылығының бірнеше саласы тұралаудың аз-ақ алдында тұр екен. Мәселен «Атамекен» кәсіп­кер­лер палатасына шағымданған отан­дық өндірісшілер бидай бағасының 40 пайызға дейін күрт өсуінен елде­гі наубайханалар ғана емес, құс шар­уа­шы­лығы да зиян шегіп отыр­ға­нын айтуда. Бұларға сүт фермасын ашып, ет пен сүт дайындап отырған шаруалар да қосылып жатыр.

– Құс фабрикаларының иелері қазір үлкен мәселе көтеріп отыр. Өйткені би­дайдың бағасы осыдан 2 апта бұ­рын 120 теңге болса, бүгінде 180 тең­геге өсіп кетті. Бұл проб­лема біздің кә­сіп­керлерді қатты алаң­­да­ту­да. Ресей 15 наурыздан бастап қант пен астық экспортына ты­йым салды. Шектеу бірнеше айға жалғасады. Мұндай шұғыл ше­шім­нен еліміздің наубайханашылары ши­кізат тапшылығына ұшырады. Егер біз шешім қабылдап, экспорт мә­се­лесін уақытша жауып, шектейтін бол­сақ, ішкі нарықта баға түседі. Бү­гінде Қазақстан Орталық Азия ел­де­рі­не астық жеткізіп отыр. Бірақ дәл қазіргі жағдайда оған квота енгізу немесе түбегейлі тыйым салу қажет, – дейді «Атамекен» ұлттық палатасы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Нариман Әбілшайықов.

Алайда бұл елдегі астық өнімдері­нің бағасын тұрақтандыру мен азық-түлік тапшылығының алдын алатын жол емес. Мәселені әріден қозғап, нақты жұмыс істелмей ілгері басуымыз қиын. Мұны күні кеше Алматы облысына жұмыс сапарымен келіп, тұқым шаруашылығына арналған жиынға қатысқан сенатор Ақылбек Күрішбаев айтты.

– Отандық ауыл шаруашылығы өнімдері бағасының жоғары болуы делдалдардың көптігінен ғана емес, сонымен бірге өнімдердің өзін­дік құнының жоғары болуына да байланысты. Табиғи-климаттық жағ­дай­лары бірдей елдерге қарағанда Қазақ­станда ауыл шаруашылығы да­қыл­дарының өнімділігі әлдеқайда тө­мен. Біздегі өнімділігі жоғары және құр­ғақшылыққа төзімді сорттар мен будандардың жетіспеушілігі – осының басты себебі деп санаймын, – деді сенатор Ақылбек Күрішбаев.

Алматы облысының Іргелі ауылын­­да орналасқан Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерт­теу институтында өткен кездесу барысында отандық және шетелдік жетекші ғалымдар еліміздегі селекция мен тұқым шаруашылығын жедел дамыту үшін қандай шаралар қолдану керектігін де талқылады. Сарапшылар шетелдік үздік селекциялық жаңа­лық­тарды трансферттеу және бейім­деуге байланысты еліміздің солтүс­ті­гінде – Бараев атындағы астық шаруа­шылығының ҒӨО базасында және оңтүстігінде – Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерт­теу институтының базасында қа­зір­гі заманғы және молекулярлық биология әдістері негізінде отандық сорттар мен будан шығаратын екі селек­циялық орталықты жедел түрде құру­ды ұсынды.

Жиында еліміздің тұқым шаруашы­лы­ғы тығырыққа тіреліп тұрғаны да айтылды. Ғалым, сенатор Ақылбек Күріш­баевтың айтуынша, қазіргі уа­қыт­та қолданыстағы сорттық тұқым­дар­дың 60 пайызы, ал бірқатар ауыл шаруашылығы дақылдарының 100 пайызы шетелден, көбінесе Ресейден әкелінеді екен. Сәйкесінше, бұл ел­де­гі азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төн­ді­ретін жағдай.

– Санкциялық текетірестің қазіргі жағдайында әріптестеріміз сұрыптық тұқым экспортын тоқтататын болса, онда Қазақстанның ауыл шаруа­шы­лығы сапалы тұқым материалынсыз қалуы мүмкін. Отандық тұқым шаруа­шы­лығында қалыптасқан жағдайдан шығудың жалғыз жолы – қазіргі за­манғы селекциялық орталық құру. Жоғары өнімді және құрғақшылыққа төзімді, жергілікті ауа райына бейім­делген өзіміздің сорттармен ауыл шаруашылығы өндірісіндегі тұрақ­ты­лық пен өнімділікті арттыруда ай­тар­лықтай серпіліс жасай аламыз. Отандық ғалымдар шетелдік әріп­тес­тер­мен бірлесе отырып, Үкімет тарапынан тиісті мемлекеттік қолдауды талап ететін селекциялық орталықтар құру бағдарламасын әзірлеуге да­йын, – деді жиындағы сөзінде Сенат депутаты.

 

Алматы облысы