Спорт • 09 Қазан, 2022

Словенияны сан соқтырды

137 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2024 жылы өтетін әлем біріншілігінің іріктеу кезеңін жеңіспен бастады. Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» спорт кешенінде ұйымдастырылған топтық кезеңнің бірінші турында Рикардо Кака шәкірттері Словения футзалшыларын қабылдап, 2:0 есебімен басым түсті.

Словенияны сан соқтырды

Осы жаздың шілде айында тар­тылған жеребе қорытындысы бо­йын­ша, Қазақстан құрамасы әлем чем­­пионатының негізгі іріктеу кезе­ңін­де Словения және Черногория құра­ма­ларымен бесінші топта ойнайтыны бел­гілі болды. Жалпы, Қазақстан мен Сло­вения футзалшылары бүгінге дейін ха­лықаралық ойындарда үш мәрте кез­десіп, соның тек біреуінде ғана жерлестеріміздің мерейі үстем болған еді. Қалған екі кездесуде құрамалар тең нәтижемен тарқасқан болатын. Ал Чер­ногория құрамасымен биыл бірінші рет кездеспек.

Бесінші топтағы алғашқы іріктеу ойыны қыркүйекте Словенияда өтіп, жергілікті футзалшылар Черногориядан келген қарсыластарын 3:1 есебімен тізе бүктірді. Сөйтіп, бірінші жеңісіне және алғашқы үш ұпайына қол жеткізген словениялықтар Қазақстанға бесінші топтың көшбасшысы ретінде келді.

Елордадағы ескі қарсыластардың төртінші ойыны тең дәрежеде өтті деу­ге болады. Себебі екі құрамада да гол соғып, есепте алға шығатын бірнеше мүм­кіндік болды. Тек Словенияға қара­ғанда гол соғатын оңтайлы сәтті мүлт жібермеген біздің жігіттер жеңіске жетіп, «Жекпе-жек» спорт кешеніне жиналған жанкүйерлерді қуанышқа бөледі. Кездесудің жетінші минутында Дугластың бұрыштамадан қосқан добынан кейін Альберт Ақбалықов ойынның есебін ашты – 1:0.

Қазақстан құрамасының футзалшылары екінші таймда да өте белсенді ойнағанымен, Словения қақпасына бір доптан артық гол соға алмады. Жер­лестеріміз есепті еселеуге қанша тырыс­са да, көздеген мақсатына жете ал­май біраз әбігерге түсті. Матчтың аяқ­талуына бес минут қалғанда Сло­вения құрамасының бас бапкері тәуе­келге бел буып, қақпашының орнына алаңға бесінші ойыншыны шығарды. Қар­сыластың кезекті бір шабуылы нәтижесіз аяқ­талып, олар допсыз қалғанда Дуглас бос қалған қақпаны дәл көздеп, ойынның нүктесін қойды – 2:0.

Осылайша, Қазақстан құрамасы алғашқы ойында Словенияны жеңіп, үш ұпаймен бесінші топта көш бастады. Ал екі матч өткізген словениялықтарда да үш ұпай бар, бірақ жеке кездесуде жерлестеріміздің мерейі үстем бол­ған­дықтан олар әзірге екінші орынға түсіп қалды. Қазақстан құрамасы келесі ойынын ертең, яғни 12 қазанда сырт алаңда Черногориямен өткізеді.

Еуропа футбол қауымдастықтары одағының (УЕФА) ережесі бойынша, Кәрі құрлықтағы әлем чемпионатының іріктеу бәсекелері бес сатыдан тұрады. Бұл – екінші іріктеу кезеңі. Негізгі іріктеу сатысында Еуропаның 36 ұлттық құрамасы үш-үштен 12 топқа бөлініп, ойнап жатыр. Топтық кезеңнің ойындары 2022 жылдың 12-21 қыркүйегі, 3-12 қазаны, 6-9 қарашасы және 2023 жылдың 27 ақпаны мен 8 наурызы аралығына жоспарланған.

Топтық кезеңде бақ сынайтын құра­малар бір-бірімен үйде және сырт алаңда бір-бір ойын өткізеді. Нәти­жесінде, әр топтың жеңімпаздары мен екінші орын алған төрт үздік команда элиталы кезеңге тікелей жолдама алады. Ал екінші орын иеленген қалған сегіз команда 2023 жылдың 10-19 сәуір аралығында өтпелі ойындар арқылы тағы төрт жолдаманы сарапқа салады. Сөйтіп, іріктеудің элиталы кезеңіне 20 құрама қатысып, олар төрт-төрттен бес топқа бөлініп ойнайды. Әр топта жеңімпаз атанған құрама әлем чемпио­натына жолдама алса, екінші орын алған құрамалар бір-бірімен ойнап, қосымша екі жолдамаға таласатын болады.