Аймақтар • 09 Қазан, 2022

Қылмыс құрықтала бастады

185 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Тобыл өңіріне жұмыс сапарымен келіп, облыс тұрғындарымен кездесу өткізді. Еліміздің бас полицейі Қостанайдағы «Жастар» сарайына жиналған мың жарымға жуық адамның алдында есеп беріп, көпшілік тарапынан қойылған сан сауалға жауап берді. Сонымен қатар, кездесуде құқық қорғау саласын реформалаудың барысы туралы айтылды.

Қылмыс құрықтала бастады

Министр қылмыстық атқару жүйесін ізгілендіру мәселесіне де тереңірек тоқ­талып, бұл саланың өткені мен бүгінін жан-жақты тарқатып өтті.

– Ел тәуелсіздігінің ал­ғашқы жылдары күр­делі кезеңдерді бастан кешір­геніміз рас. Қылмыстың өр­шіп тұрған уақытын да ең­сердік. Сол кезеңдегі ұйым­дасқан қылмыстық топ­тар мен жең ұшынан жал­ғасқан сыбайлас жем­қорлар ең алдымен біздің тәуелсіздігімізге үлкен қа­уіп төндірген еді. Мұны тек заңның күшімен ғана жою керек болды. Осылайша, қатаң заңдар қабылданды. Нәтижесінде, қылмыстық процессуалдық кодекске қудалаушылық сипаттағы баптар енгізілді. Бұдан басқа амал жоқ еді. Өйткені өтпелі кезеңде полиция қаталдық танытпаса, қоғамды үрей­лендіріп, іштей ірітіп жатқан қыл­мыстық элементтерге қарсы қудалаушылық сипаттағы шараларды қолданбаса, еліміздің аяқтан нық тұрып кетуі де неғайбыл еді. Кейін заман өзгеріп, заң үстемдігі орнай бас­таған тұста, қыл­мысты тергеп-тексеру және оған жаза тағайындау саласы екі бағытта дами бас­тады. Қоғамға ауыр зардабын тигізетін қылмыстар ауыр қылмыстар сана­тына жатқызылып, оған жауаптылықты қа­тайт­­тық. Ал қоғам­ға ай­тар­лықтай қауіп төн­діре қой­­майтын орта дәре­же­дегі қылмыстарды қудалау­шылықтан арылттық. Мұн­дай қылмыстарға бұрын қамау түріндегі бір-ақ санкция қолданылатын. Қазір оған шектеу, айыппұл, үй қамағы қосылып, азаматты бас бостандығынан ­айыр­майтын басқа да шараларды қолдана баста­дық. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­­дары Қазақстан түрме­ге қа­малғандардың саны жағынан әлем елдері бойынша АҚШ пен Ресейден кейінгі үшінші орында тұрды. Кейін бірте-бірте жү­йелі түрде жүзеге асырыла бастаған құқықтық реформалар өз нәтижесін беріп отыр. Бүгінде Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша 77-орында тұр, – деді Марат Ахметжанов.

Кездесу барысында министр қазіргі қоғамда белең алып тұрған заңсыз есірткі саудасы, интернет-алаяқтық және жол қауіпсіздігі сияқты өзекті мәселелерді қозғады.

Мәселен, Марат Мұрат­ұлы­ның айтуынша, елі­міз­де жасалатын барлық қыл­мыстың төрттен бірін азаматтардың аңғалды­ғын пайдаланып интернет арқылы тақырға отырғызып кететін алаяқтар жасайды екен.

– Кейде бір қылмыстық істің аясында 100-ден астам жәбірленушінің шағымы тексерілетін жағдайлар бо­лады. Жалпы, респуб­лика бойынша интернет алаяқ­тары азаматтарға 10 млрд теңге көлемінде шы­ғын келтірген. Қазір біз шетелдік әріптестерімізбен өзара ынтымақтастық ор­нат­тық. Нәтижесінде, бір­неше қылмыстық топ ұс­талды. Бірақ біз тек қылмыс фактісі бойынша жұмыс істемейміз. Екінші деңгейлі банктермен және ұялы байланыс операторларымен меморандумдарға қол қойылды. Әдетте банк қыз­меткерімін немесе полиция­данмын деп қоңырау шалатын алаяқтардың жолы кесілді. Қазір ауыспалы нө­мірлерді бұғаттауға көмек­тесетін құрылғы бар. Осы құрылғы арқылы ұялы байланыс операторлары алаяқтың қоңырауын бірден қабылдамай тастайды, – деді министр.

Ішкі істер министрі Ма­рат Ахметжанов өңірдегі қыл­мыстық ахуалға да тоқ­талды. Айтуынша, респуб­лика бойынша тіркелген қыл­мыстың 4,5 пайызы Қос­танай облысының үлесінде. Жыл басталғалы аймақта қылмыс деңгейі 15 пайызға төмендеген. Алайда өңірде биылғы тоғыз айдың ішін­де 27 қасақана адам өлті­ру оқиғасы тіркеліп отыр. Есірт­кі қылмысы да азаяр емес. Оған қарсы аяу­сыз­­ күрес жүргізіліп жатыр. Мәселен, Қостанай-Сұр­ған тас жолында 108 кило марихуана, Рудный қала­сында 176 кило есірткі заты, ал Әулиекөл ауданында 3 килодан астам гашиш тәркіленген.

Министр өңірде жол апатының жиілеп кеткеніне алаңдаушылық білдірді. Мәселен, биыл жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тапқандардың саны 37 па­йызға артқан. Былтырғы осы кезең ішінде жол апатынан 51 адам қаза тапса, биыл бұл көрсеткіш 70-ке жеткен.

Осы мәселелерді ал­ға тартқан Ішкі істер ми­нистрі облыстық полиция де­партаментінің бастығына жұмыс­ты қатаңдатуды тапсырды. Мұрат Ахметжанов кездесуден кейін Қоста­най қаласының учаскелік инс­пекторларына 20 қыз­мет­тік көліктің кілттерін табыс етті.

 

Қостанай облысы