Қоғам • 10 Қазан, 2022

Әлімжеттіктің әуресі

320 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өкінішке қарай, қоғамда әлімжеттікті әдетке айналдырған адамдардың қатары көбейіп келеді. Оның дәлелін әр күн сайынғы ала-құла ақпараттан көріп жүрміз. Әсіресе, қорғансыз әйел мен әлжуаз баланы ұрып-соғу мен қорлап, зорлау оқиғалары жиілеп тұр.

Әлімжеттіктің әуресі

Жақында Алматы облысының Қарасай ауданында 6 баласы бар әйелге белгісіз біреу әлімжеттік жасап, өлімші етіп сабағаны жайында хабар тарады. Өкініштісі, тәртіп сақшылары бұл оқиғаға қатысты қатаң шара қолдануды жағдай әлеуметтік желіде жария болғаннан кейін ғана қолға алған көрінеді. Кейіннен аудандық полиция бас­қармасы 6 баланың анасын зорламақ бол­ған және өлімші қылып сабаған адамның бос­тандықта жүргені туралы жазбаға байланысты түсініктеме берді.

– Полиция басқармасының кезекші бө­ліміне Қарасай ауданы, Қаскелең қаласы ауруханасының жансақтау бөліміне 35 жастағы әйелдің ауыр жарақатпен түскені туралы ақпарат түсті. Бұл дерек Қылмыс­тық кодекстің 106-бабының 1-бөлімінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша тіркелді. Жүргізілген жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесін­де 23 жастағы күдікті аудандық полиция басқармасына жеткізілді, – деп хабарлады аудандық полиция басқармасының өкілі.

Қазір бұл қылмыстық іс бойынша бар­лық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Кінәлі сөзсіз сазайын тартады деген сенімдеміз.

Жалпы, биыл аймақта тұрмыстық зор­лық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балалардың саны азаймай отыр. Жыл басынан бері 39 адам Әкімшілік кодекстің 461-бабы бойынша жауапкершілікке тартылса, заңның 73-бабына сәйкес азамат­тар полицияға 1 311 рет арыз-шағым қалдыр­ған екен. Аталған арыздарды қарастыру нәтижесінде 435 азамат әкімшілік қамауға алынып, 298 азаматқа ескерту жасалған. Сондай-ақ екі тараптың татуласуына байланысты 578 іс тоқтатылған көрінеді.

– Өткен 7 айда өңірде 45 қылмыс тір­келді. Бұл қылмыстық істерді зерттеу нәти­жесінде 31 қылмыс адамдардың ішімдікке сылқия тойып алып, мас кезінде жасалғаны белгілі болды, – дейді облыстық полиция департаментінің өкілі.

Айтпақшы, облыс тәртіп сақшылары әлдіден әлімжеттік көрген әйелдер мен балаларды Алматы қаласындағы ана мен бала құқығын қорғайтын орталыққа жеткізеді екен. Жыл басынан бері полицияның көме­гіне жүгінген 30 әйел мен 91 бала осы орта­лықты паналаған.

 

Алматы облысы