Қазақстан • 11 Қазан, 2022

Ербол Қарашөкеев нан бағасы неге қымбаттағанын түсіндірді

365 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Қазақстанда нан бағасының шарықтау себебін түсндірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ербол Қарашөкеев нан бағасы неге қымбаттағанын түсіндірді

Министрдің айтуынша, нан бағасына құрамдас бөліктердің, электр энергиясының, дизель отынының және коммуналдық қызметтердің қымбаттауы себеп болған.

«Қаңтар айынан бастап біз бағаны тұрақтандыру үшін барлық шараларды қабылдап жатырмыз. Жалпы, үлкен серпіліс үшін ешқандай себеп жоқ, өйткені өткен жылмен салыстырғанда биыл ұн көбірек өндіріледі. Биыл бізде бидай көп», деді Ербол Қарашөкеев.

Оның айтуынша, биыл АШМ тұрақтандыру қорына 1,1 млн тонна астық жинауды жоспарлап отыр, оның 900 мың тоннасы - бидай.

«Азық-түлік корпорациясында» бар қорларды ескере отырып, біз әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің, оның ішінде әлеуметтік ұнның бағасын тұрақтандыратын боламыз», деп қосты министр. 

Сондай-ақ министр биылғы жылы астық бағасы жылдың ортасымен салыстырғанда төмендегенін атап өтті. 

Бұған дейін Қазақстанда нанның бағасы бір жылда 19%-ға өскені хабарланған еді. Сарапшылардың айтуынша, нанның бағасы елдің барлық аймақтарында біршама қымбаттады.