Руханият • 13 Қазан, 2022

Ізгілік рәмізіндей

302 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Көркем әдебиетте заманауи мәселелерді, адамның барлық болмысын, талайлы тағдырын жан-жақ­ты қозғап, толық түсінуге деген талпыныс қашан да өзекті болған, бола да бермек. Кө­кірекке сыр тұндыра сурет салу, оқырман жан дүниесіне терең бойлау – бұл әр сурет­кер­дің алдына қойған биік мұраты болса керек. Сондай сырбаз да сұлу суреткерлікті мұрат етіп, өмі­рінің өзегіне айналдырып, шығармашылық ізденісінің көкжиегі – туындылары арқылы оқырманның талғам-таразысынан табылып жүрген жазушының бірі – Сабырбек Олжабай.

Ізгілік рәмізіндей

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Соңғы жылдары өндірте жазып, «Жылыбұлақ», «Ақсақ Темірдің алмас қылышы» сияқ­ты біршама прозалық жи­нақтар беріп үлгерген қаламгер­дің жақында «Ақілгек» атты жаңа жина­ғы жа­рыққа шықты. «Ақілгек», «Олар – атасының балалары», «Бетпақдала балладасы» атты хикаяттар мен бір­қа­тар әңгімеден құралған жинақ оқыр­ман­ға сан алуан тағдырлардан ой өрбітіп, сыр түйгізеді. «Ақілгек» атауының өзі ерекше, көркемдік астары мол, адам бойындағы та­залық, ізгі­лік атаулы­ның рә­мізі секілді. «Менің есімім – Ақілгек. Әжем қойған» деп өзін таныс­тыратын кейіпкер­дің тағдыр-талайы мына қым-қуыт өмірде өз бақытын таба алмай адасқан, адаса жүріп өз сенімі мен адамдық қасиет­терінен ауытқымай өмірі үшін кү­ресе білетін бүгінгі замандас­тар бей­несін сәтті суреттеген. Жалпы, жазу­шы прозалық туындыларында әйел тағ­дырына, таным-түйсігіне, жан дүние­сіне, сезім серпілістері мені ішкі әлемінің иірімдеріне үңі­ле оты­рып, бүгінгі қоғам, рухани әлемі ұсақ­тал­ып бара жатқан адам бол­мысы­ның түйткілді мәселелерін көтереді. Аталған жинақтағы хикаяттардан бас­тап «Ешқайда бастамайтын сүрлеу», «Жезде», «Кермек дәм», «Күлпаш», «Қатерлі өт­кел», «Таңдайдағы тікен», т.б. әңгімелердің қай-қайсысы да өзін­дік салмақты ойы, жүгі бар дүние­лер... Әйтсе де «Бет­пақдала балладасы» қаламгер талантының жаңа бір қырын ашады. Хикаятта ұшса құстың қанаты, жүгірсе аңның тұяғы талатын қазақ­тың ұшы-қиырсыз кең де ұлы даласы – Бетпақдала образы бейнеленген. Хикаятта көліктеріне жүк артып, соны сүрлеумен жетінші тәулік жү­ріп келе жатқан қос жолаушы Рақым, Тұрсынәлі атты кейіпкерлердің басынан кешкен оқиғалары, жаратылыс­тың тылсым құпияға толы сырлары жазушының көркем тілімен шебер ­баяндалады. Сондай-ақ қазақтың ­ұлан-ғайыр дала­сындағы тарихи мекен атауларына қатысты аңыздық сю­жеттердің өрнек салуы хикаят­ бет­те­рінің құнарлылығын ­арт­тыра түс­кен. Хикаяттағы «Бет­пақдала» атану сыры; сол Бет­пақдаланы мекен еткен Уанас бай, оның әулие-ән­биелерді аралап зарығып көр­ген қызы Гүлжамалдың қай­ғылы махаббатынан туған жер атаулары (Қыземшек, Қо­тантас, Қатынның ұңғысы); Кескентеректің төбесі, Уанас тақыры; Өлке жазығы; Те­кей дат­­қа – Текей асуы; бір­ сөз­бен айтқанда ше­жі­ре­лі­ мекен Созақтың киелі жер атауларының тарихы сурет­кердің шұ­райлы тілімен көркем баяндалады. Мөңке бидің келер заманның кер сипатын болжаған толғауын енгізуінің де көркемдік астары мол.

Хикаяттағы екі жолаушы диа­ло­гін­де бірқатар шын­дықтың астары ашы­лады. Мінекейіңіз: «– Айуан­ды­ғы, жырт­қыштығы жағынан адамдар бү­гін­де қасқырдан асып түсті. Не деген жауыздық? Қайда кетіп барамыз? Түбінде осы ашкөздігіміздің сазайын тартамыз.

– Тартып та жатырмыз ғой, – деп қоштады Тұрсынәлі. – Жер астындағы оба, індеттің барлығы үстіне шықты. Бұл бір. Күні кеше емес пе еді, мына Бетпақдала, Арқа жазығында ақтылы қоймен бірге мыңдаған ақбөкен, киік жусап жататын. Олар қай­да кетті? Тойымсыздық пен то­­ғы­­шарлық түбіне жетті» («Ақілгек». 2021,91-б).

Жазушы кейіпкерлері­­нің әрекет-әдептерін, филосо­фия­сын саралағанда бүгінгі ­күн­нің тірлік-тынысы күр­делі өз­герістерге түскені­мен, ежелден келе жатқан адамгершілік, ар-ұждан, имандылық, кісіліктің мә­се­лесін қаузайтын әлеуметтік бағ­дары ұлттық өнердің күре­тамыры үзілмегенін дә­лел­дейді. Қаламгер қара­пайым бейнелері арқылы бү­гінгі қоғам үдерісіне сай адам­дардың психологиясында болып жат­қан өзгерістерді шынайы жет­кізе біледі. Өмірдің сан тарау соқпақтарына түскен қилы тағдыр иелері, өзекті өкі­ніш пен мұңға толтырар адамның өтпелі ғұмыры, ада­су­лар мен асулары – бәрі-бәрі қаламгердің шұрайлы тіл, қа­рапайым сөз өрнегімен жеткізіліп, оқырманды қара­пайым бір оқиғадан үлкен ой түюге жетелейді.

Жазушы кейіпкердің пси­холо­гия­лық күйзелісін көркем тілмен шебер бәдіздейді. Ай­та­лық, перзенттерін жа­ман­дыққа қимайтын әке жү­ре­гі кінә­ні өзінен іздейді. «Ба­­ла­­ларымның алдынан өт­пей, екінші әйелмен отбасы құ­руым» кінәмнің үл­ке­ні деп
шешуі кейіпкердің ба­ла­ла­ры­на деген әкелік ма­хаб­баты­ның белгісіндей. Иә, ең қасі­рет­тісі сол, ұлдан да, қыз­дан да кен­де емес Тас­қын­бай жал-­­
ғыз қалады. Әңгіме со­ң­ын­да кейіпкердің ешқайда бас­­та­майтын көне сүрлеуді таң­­да­ған шешімін өзің де құп­та­­ған­дай күй кештіреді. Бұл – ав­­тордың елеулі ізденісі. Оқыр­­ман­ды мұнар­лы мұң­ға, сыр­­лы сезімге орап, кім-кім­ді де ойландырарлық­тай әң­­гі­ме әлеу­мет­тік астары­мен­ са­наға салмақ артатын­­дай.

Түйіндей келгенде, ұлт, қоғам, бүгінгі ұрпақтың тағ­­дыр-талайына байыпты қа­райтын қаламгер Сабырбек Ол­жабай «Ақілгек» жинағы ар­қылы авторлық ұстанымын жаңа қырынан көрсетті деп есептейміз.

 

Жадыра ОРАЗАЛИЕВА,

филология магистрі

 

ШЫМКЕНТ