Қазақстан • 13 Қазан, 2022

Күрделі кезеңде ел басқарған

517 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елімізде жаңа мұрағаттық дерек­тердің ашылып, ғылыми айна­лымға енгізілуі кеңестік Қазақ­стан­ның бұрынғы басшылары туралы көбірек мәлімет алуға мүм­кіндік береді. Жұмабай Шаяхметов (1902-1966) – Отан тарихында лайықты орны бар, республикамыздың экономикасы мен әлеуметтік-мә­де­ни дамуына елеулі үлес қосқан белгілі мемлекет қайраткері. Оның ұзақ жыл­дар бойы еліміздің ең жоғары басқару жүйесінде еңбек етіп, сегіз жыл Қазақстанның бірінші басшысы қызметін атқарғаны жұртшылыққа мәлім.

Күрделі кезеңде ел басқарған

Жуырда Ғы­лым және жоғары білім минстрлігінің гран­ты бойынша «Көр­некті мемлекет қай­раткері Жұмабай Шаяхметовтің өмірі мен қыз­­метінен белгісіз беттер» деген жо­баны іске асыру аясында Ш.Ш.Уәли­ха­нов атындағы Тарих және этнология инс­ти­тутының ұйымдастыруымен «Жұ­ма­­бай Шаяхметов және Қазақстанның 1940-1960 жылдарындағы қоғамдық-­­
сая­си өмірі» атты халықаралық ғылы­ми-тәжі­рибелік конференция өтті.

Ғылыми жиын Жұмабай Шаях­ме­тов­тің Қазақстан тарихы кеңестік дәуі­рінің белгілі тұлғасы және мемлекет қай­раткері ретіндегі өмірі мен қызметі­нің негізгі кезеңдерін талқылауға арналды. Қатысушылар атап көрсеткендей, Ж.Шаяхметовтің өмірінің көп бөлігі И.В.Сталин мен Н.С.Хрущевтің әміршіл-әкімшіл жүйесінің қалыптасуы мен ор­ны­ғуына байланысты аса күрделі және қайшылықты уақытқа тұспа-тұс келді.

Конференцияға қатысушылардың па­­йымдауынша, мемлекет пен ұлт құ­ры­­лысының жаңа кезеңі жағдайында сая­си-әкімшілік басқарудың сынақтан өткен үл­гілері мен тұла бойында өз Ота­­ны­ның шынайы патриоты, мықты ұйым­­дастырушы және басқарушылық қасиеттері жинақталған мемлекетшіл тұлға болуға лайықты басшылар сұра­нысқа ие болуда, олар елімізді жаңғыр­ту жобаларын алға тартуға және рес­публикамызды саяси-экономикалық дағдарыстан шығаруға мүдделі болуға тиіс.

Қазақстанның тарих ғылымы қатаң сыртқы қысым жағдайында баяндау­дың форматтарын баяндаудың наррати­він және кеңес кезеңіндегі ел мен халық тарихындағы неғұрлым сындарлы кезең­дерді түсіндіру қағидаттарын тұжы­рым­дауға арналған.

Тарих және тарихи жады жаңа гео­саяс­и тәртіптің қалыптасуы жағдайын­да мемлекеттер мен халықаралық актор­лар мүд­делерінің қақтығысу өрістерінің бі­рі­не айналды. Олар оқиғаларды, тұлға­лар­дың рөлдерін түсіндірудің поляр­­лық нұс­қаларын ұсынып қана қоймай, сол тұжырымдарын жүзеге асыруға тырысады. Сондықтан тарихшылардың алдында мемлекеттер шеңберінде азаматтық бейбітшілікке және халықаралық аренада өзара іс-қимыл жасауға ықпал ете­тін верификацияланатын тарихи білімді қалыптастыру міндеттері тұр.

2022 жылы Қазақстан жұртшылығы мен академиялық қоғамдастық 1938-1954 жылдар аралығында Қазақ КСР-інің басшысы болған, Қазақстан Компартия­сы Орталық Комитетінің үшінші, екінші және бірінші хатшысы қызметтерін ат­қарған, 1954-1955 жылдары Оңтүстік Қа­зақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған көрнекті мемлекет қайраткері Жұмабай Шаяхме­тов­тің 120 жылдығын атап өту­де. Екін­ші дүниежүзілік соғыс жылдарында Ж.Шаях­­метов жеңіс үшін адами және мате­­риалдық ресурстарды жұмылдыру бойынша Қазақ КСР басшылығының штабын басқарды, КСРО-ның батыс аумақ­тарынан эвакуацияланған өнер­кәсіп­тік кәсіпорындар мен халықты қа­был­дауға жауап берді, Қазақстанның май­­дан арсеналына айналуына ық­пал етті. Оның тіке­лей басшылығымен ­рес­публика соғыстан кейінгі экономи­каны қалпына келтіру және кейінгі жаң­­­ғырту, сондай-ақ қазіргі заманғы Қа­зақ­­станның индустриялық, аграрлық, ғылыми-техникалық және рухани әле­уеті сүйенетін іргетасын құру және ны­ғай­ту сатыларына көтерілді.

Жұмабай Шаяхметов 1940-1950 жыл­­­дар аралығында Қазақстанның пар­тиялық-әкімшілік аппаратының құры­луына ықпал етті. Ол саяси-әкімші­лік құрылымдардың, экономиканың, мәде­ниет пен білім берудің дамуына елеулі үлес қосқан жарқын және ерек­ше басшылар тобын өсірді. Шаях­метов ұлттық басқарушы кадрлардың қалыптасуына зор көңіл бөліп, Д.Қонаев, Ж.Тәшенов, Қ.Сәтбаев, І.Омаров, М.Сужиков, Е.Тай­беков, А.Қойшығұлов, Д.Керімбаев, М.Бутин, А.Дауылбаев, А.Сембаев, М.Салин, С.Жанбаев, Д.Жанғозин, Г.Қар­жаубаев, Х.Арыстанбеков, М.Бейсенбаев, Р.Ильяшев және т.б. да­рын­­ды қайраткерлердің үлкен легін бас­­шылық орындарға ұсынуға өз үлесін қосты.

Оның белсенді араласуымен фаб­ри­­калар, зауыттар, қазақ театрлары, мек­­­тептер, техникумдар, институттар. Қа­зақ КСР Ғылым академиясы ашыл­­­ды. Қазақ студенттері үшін ке­ңес ода­­ғы­ның жетекші жоғары оқу орын­­да­рына квоталар бөлінді. 1950-1954 жыл­­дар аралығында Жұмабай Шаях­метов КСРО Жоғарғы Кеңесі Ұлт­тар кеңесінің төрағасы болып сайланады. 1946-1954 жылдары республика Жұма­бай Шаяхметов тұсында, әсіресе әлеу­меттік жобаларды жүзеге асыруда, ауыл шаруашылығында, өнеркәсіпте, білім беруде, ғылым мен мәдениетте жоғары жетістіктерге жетті. Жүзеге асырылуы Қазақстанды КСРО шеңберінде сая­сат­тың, экономиканың, мәдениет пен білім берудің барлық саласында жетекші орын­ға шығарған жобаларға Шаяхметов жеке өзі бастамашылық жасады. 1940-1950 жыл­дар аралығында Қазақстан аумағында кеңес одағының әскери-стра­­те­гия­лық жобаларын іске асыруға байланысты республиканың рөлі едәуір өсті.

Осы жобаларды жүзеге асыру барысында Қазақ КСР басшылары барлық дең­гейде шешімдер қабылдауға және оларды жүзеге асыруға қатысып қана қоймай, саяси-әкімшілік басқарудың құнды сабақтарын алып, қазақстандық басқарушылардың өзіндік мектебін қалыптастырды. Қазақ КСР-нің бірінші басшысы лауазымында Ж.Шаяхметов халықтың мүддесі мен мемлекеттің тұтас­тығына жауап беретін саясат жүр­гізді.

Соңғы жылдары ғалымдар да Жұмабай Шаях­метовтің өмірі мен қызметінің басты кезеңдеріне жан-жақты ғылыми сипаттама бер­іп жүр. Сонымен бірге Қазақ­стан тарихының кеңестік дәуірін зерттеуде және әр­түрлі ұлтқа жататын сол кезеңде басшы қызметтерде болған тұғырлы тұл­ғалардың, әртүрлі бағыттағы қоғам­дық-саяси қайраткерлердің рөлін көрсетуде жаңа ғылыми тәсілдер мен тео­риялық-әдістемелік негіздемелер әзір­леу қажеттігі күн тәртібінде тұр. Әкімшіл-әміршіл жүйенің қалыптасқан және ор­ныққан кезеңіндегі тұлғалардың рөлін зерттеудің қазіргі қазақстандық қо­ғам мен ғылымға ерекше маңызы бар, өйт­кені бұл идеологиясыздандыру, тота­литарлық режімнің мұрасын бұзу және одан бас тарту, отаршылдықтан кейінгі кеңестік сипаттағы синдромды еңсеру, сондай-ақ кеңестік және кеңестен кейін­гі қоғамдарды зерттеу үдерістеріне ты­ғыз байланысты болып отыр.

Кеңес­тік Қазақстандағы әміршіл-әкімшіл жүйе­нің қалыптасуы мен орнығу кезе­ңі­нің ерекшеліктеріне бай­ланыс­­ты мәселе­лер кешенінің күр­делілігін на­­зар­ға алып, Жұмабай Шаях­метовтің ел тари­хы­ның аса күрделі уақы­тындағы Қазақ ­КСР басшысы ретін­дегі орнын айрықша ­атап өтеміз. Сон­дай-ақ Қазақ­стан тарихы­ның жалпы бейнесі мен халықтың ұжым­дық зердесін қалыптастыру үшін сталин­дік және одан кейінгі кезеңдер тарихы­ның күңгірт беттерін толықтыру және түсіндіру қажеттігін алға тарта отырып, мынадай ұсыныс жасаймыз. Жұмабай Шаяхметовтің туғанына 120 жыл тол­уына орай кеңестік кезеңдегі бас­қа­ру ­аппаратын қалыптастыру тари­хы және ұлт­тық кадр­ларды даяр­лаудағы қайраткер еңбе­гін сараптайтын дерек­ті фильм­дер шыға­ру, тақырыптық ха­бар­лар ұйымдас­тыру, тарихшылармен сұх­баттар өткізу, Ш.Ш.Уәлиханов атын­дағы Тарих және этнология институтына кеңестік дәуірді, әсіресе 1930-1960 жыл­дар аралығын зерттеу бо­йынша дүниежүзілік жетекші орта­лық­тармен бірлескен ғылыми-зерт­теу жұмыстарын жүргізуді күшейту, ғы­лы­ми қоғамдастыққа Ж.Шаяхметовтің ке­­ңестік Қазақстан тарихындағы рөлі туралы отандық басылымдарда, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында ­жа­рия­ланымдар әзірлеуді жалғастыру қажет.

Жұмабай Шаяхметовтің «Ұлы дала­ның ұлы есімдері» жобасы негізінде мәңгі есте қалдыруға арналған тарихи қайраткерлер тізіміне енгізілгенін ескере отырып, тиісті мемлекеттік органдарға оның есімін мәңгілік есте қалдырудың іс-шаралары арнайы бекітілгені абзал.

 

Талғатбек ӘМИНОВ,

Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, профессор