Саясат • 14 Қазан, 2022

Елеулі күн

324 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тоқсаныншы жылдардың соңында елімізде демократияның дүмпуі сезіліп, дербестікке ұмтылған халқымыз азаттықтың самалын сезіне бастады. Бұрынғы одақтың шаңырағы шайқалып, тоқырау шегіне жете бастаған тұс еді бұл. 1990 жылы 25 қазанда Жоғарғы Кеңестің төрағасы болған Ерік Асанбаев осыған орай депутаттар алдында көлемді баяндама жасайды. Президенттің қолдауымен сол жолы еліміздің егемендігі туралы декларация қабылданып, ел тарихында маңызды құжатқа қол қойылды.

Елеулі күн

Осылайша, 25 қазанда Қазақ­­стан өзінің егемендігін қабыл­дады. Сол кезеңнен бастап ел тәуелсіздігінің алғашқы белгілері байқала бастады. Бұл тарихи оқиғаның маңыздылығы сонда – 25 қазан Қазақстан өзінің Еге­мендік декларациясын қабыл­даған күн ретінде мейрам болып белгіленді.

Ерік Асанбаев кейіннен осы та­рихи күндер туралы естелік­терімен бөліскенде: «Мен Пар­ламент алдында «егемендігі­мізді 25 қазан емес, 6 қазанға бел­гілеу керек» деген ұсыныспен шық­тым. Оның екі себебі бар еді. Біріншіден, 1920 жы­лы 4-12 қазан аралығында Орынбор қаласында Қазақстан Кеңестерінің құрылтайы өтті. Сол 6 қазан күні оған қатысқан деле­гация мүшелері Қазақ автоно­миясын құру туралы үкім шығарды. Біздің бүгінгі егемен­дігіміздің ең алғашқы нышан­дары сонда көрініс тапқан. Ол былайша айтқанда, кален­дар­лық күн. Негізінде 1920 жылы Ленин, Сталин, Свердлов секіл­ділер қылыштарынан қан тамып тұрғанда ештеңеден қай­мық­пай, тайсалмай, қазақтың жерін қорғауға шыққан арыста­ры­мыздың батылдығы мен батыр­лығы еді. Олардың қазақ елінің дербес мемлекет болуына қажетті дәлелдері мықты болған. Қазіргі Ресей құрамына өтіп кеткен алғашқы астанамыз Орынбор қаласы мен облысы және 1936 жылы Өзбекстанға беріп жібер­ген Қарақалпақстан аймағы сол тұста Қазақ елінің құрамында еді. Сондай құжаттарды жинап, бұлтарпас дәлелдер келтіріп, Мәскеудегі қызыл басшыларға қарсы батыл шығып, ол ежелден қазақтың жері деп, ақыры сол үшін жандарын пида етіп өткен арыстарымыздың еңбегі орасан. Сол тұстағы тұлғаларымыздың батылдығы болмаса, қазіргі Қазақстан осы күнгі территория­сына ие болар ма еді?! Ол бір Аллаға ғана аян», деген еді.

Сол жылы биік мінберден сонау жиырмасыншы жылдардағы қазақ елінің территориясын қорғап қалған арыстарымыздың ерен ерлігін, көзсіз батырлығын құрметтей отырып, 6 қазанды еге­мендігіміз қабылданған күн ретінде жариялайық деген ұсыныс осылай жасалған. Өкі­нішке қарай, осы мәселені көтер­ген ағаларымыз артынан бәрі ұсталып, айдалып, атылып кетті.

Е.Асанбаев Қостанай өңірінің Амангелді ауданында туған. Сол өңірден Әліби Жангелдин, Байқадам Қаралдин деген белгілі адамдар шықты. Қаралдин отызыншы жылдардың басында атылды. Ол патша заманында жоғары білім алған адам. Жиған-тергенін тығып жанталаспаған, байлығын тиімді пайдаланып, қысты күндері Торғай үйезінде жұртқа бал таратып, жазды күндері ақсүйектік ғұмыр кешіп, халықпен етене араласқан.

1986 жылғы желтоқсан көтерілісі кезінде Е.Асанбаев орталық комитетте ғылым және білім бөлімін басқарып жүрген. Сол кездері тыным көрмей, түн­делетіп қонып та жұмыс істейтін көрінеді. Өмірінің соңғы жылдары газетке берген сұхбаттарының бірінде ел азаматы: «Желтоқсан оқиғасы болған күндері кеудесін соғып, мен бүйтіп едім, сөйтіп едім деген көкірегін ұрып жүрген бір қазақты, интеллигенция өкілдерінің біреуін таба алмадым. Біреуі ауырып қалыпты, біреуі саяжайға кетіп қалыпты, біреуі алыста жүр... Артынан жастарды оқудан жаппай шығара бастады. Біздің ЖОО ректорлары өздерінің басын қорғау үшін шаш ал десе бас алып, қаншама қазақтың балаларын қудалауға түсірді. Колбинге жағымпазданып өз бастарын арашалап, талай жасты тектен-текке оқудан шығарып жіберген кезді көрдім. Бір жыл бойы сондай зобалаң туды. Соның куәсі болдым. Сол балалардың ата-аналарын қабылдап, біразын қайтадан орналастырдым. Көп кешікпей мен де орнымнан кеттім. Қазір сондайлардың өтірік әңгімесін естігенде жыным келеді. Солардың бәрі тығылып, жан сауғалап, бастарын ала қашты», дейді.

25 қазан – күздегі жиын-терімнің аяқталған, еңбектегі жұрттың арқаны кеңге салған жаяма-шуақ шағы. Ұлық мере­кені тойлауға тіпті келмейтін, теріскейдегі қақаған қыстың бет қаратпайтын аязы емес. Кей­біріміз қуаныш пен қасірет ұғымдарын шатастырып алғандаймыз. Қазақ үшін сөз жоқ, Тәуелсіздіктен асқан мереке жоқ, отбасының ынтымағынан асқан мереке жоқ. Осындай киелі де қасиетті мерекені қасірет күніне әкеп қосақтап, былық­тырғанымыз тағы бар. Тіпті осы күні кейбіреулер Егемендік дек­ларациясы, яғни тәуелсіздік жарияланған күн деп елді алдарқатып жүр. Ал сонда 1990 жылғы 25 қазанды қайда қоямыз? Ол күн тарихымызда тайға таңба басқандай жазылып тұр.

Ендеше, еліміздің егемендігі туралы декларация қабылданған күнді ұмытпайық! Бұл біздің жүріп өтккен жолымыз. Отыз жыл бұрынғы тарихымыз. Қа­сиетті кезеңіміз.

 

Саясат БЕЙІСБАЙ,

Философия, саясаттану және дінтану институтының бас сарапшысы

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024