Таным • 14 Қазан, 2022

Ұлт ұстазының патефоны

333 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Торғайдағы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулат­ұлының әдеби музейіндегі ең құнды жәдігерлердің қатарында ұлт ұстазының көзіндей болған ыстық дүниенің бірі – осыдан бір ғасыр бұрын Ақаң ұстаған ескі патефон да тұр.

Ұлт ұстазының патефоны

Торғай мұражайлар кеше­нінің директоры Гүлбану Сәрсекейдің айтуынша, бұл патефонды Ақаң Ленинмен кездесуге барған сапарында Мәскеу қаласынан сатып алып келген.

1988 жылы Алаш арыс­тары ақталғаннан кейін сол кез­дегі Торғай облыстың партия комитетінің идеология жө­ніндегі хатшысы Өзбек­әлі Жәнібе­ков, аудан хатшысы Жақан Қоса­баев пен өлке тарихының білгірі Ғазиз Әмір­қанұлы сынды азаматтар бастап, қалың жұрт қоштап, бүкіл ел болып ақшалай-малдай қор жинап, Торғайда Ахаң мен Жа­қаңа арналған музейді ашады. Ақаңның патефоны сол кезде Алматыдан келген алғашқы жәдігерлердің бірі болса керек.

– Қаржы жиналып, музей ғимараты дайын болған соң, әр жаққа арнайы адамдар жіберіліп, кімде не бар екенін сұрастырып, жәдігер іздес­тіру, музей қорын толықтыру жұмыстары басталады. Сол кезде Шолпан апамыздан ең бірінші келген дүние – осы ­аяулы Ақаңның алақанының табы қалған көне патефон еді. Ахмет Байтұрсынұлы Ленинге дала қазақтарына жаңа өкіметте болып жатқан жаңалықтарды біліп отыру үшін құрал керек қой. Ол үшін, ең бірінші кезекте, ел тыңдайтын граммофондар ­мен патефондар, күйтабақтар болу керек деген талап қойып, қазақ даласына тұңғыш рет радионы әкелгенін жақсы білесіздер. Шолпан Ах­метқызы сақтап, жет­кізген бұл пате­фон кейін біраз уақыт Алма­тыдағы қазіргі Ахмет Бай­тұр­сынұлының музей-үйінде тұрған, – деді Гүлбану Сәрсекей.

Музейде патефон сөйлетіп, музыка тыңдап отырған Ақаң мен Бәдрисапа ананың, олар­дың ортасында тұрған Шол­панның да мүсіні тұр.

 

Қостанай облысы