Аймақтар • 17 Қазан, 2022

Асанбай асуы

375 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Биыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың туғанына 100 жыл толды. Ел дамуына ересен еңбек сіңірген тұлғаның рухына тағзым ету іс-шарасы аймақтарда қызу өтіп жатыр. Заманында бірнеше ­облысты басқарған қайраткердің мемлекет тарихында қалдырған қолтаң­басы айшықты. Оның еңбек жолы ел аймақтарының қарышты дамып, өңірлер­дегі ауыл шаруашылығы мен экономиканың дәуірлеу кезеңіне тұспа-тұс келді. Ауылдарды дамыту мен қала сәулетін қалыптастыруға да өлшеусіз еңбек сіңірді.

Асанбай асуы

Асанбай Асқаровтың басшылық шеберлігі мен азаматтық ұстанымы Алматы облысын басқарған жылдары да жаңа қырынан көрінді. 1965-1978 жыл­дары аралығында Жетісудағы билік тізгінін қолына алған қайраткер әуелі облыстың экономикасын арттыруға күш салған екен. Аз жыл ішінде ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамыды. Аймақта қажетті құрылыс нысандары қарқын алды. Сол кездегі облыс орталығы болған Алматы қаласында да көз тартарлық тарихи ғимараттар салынды. Әсіресе елді электр қуатымен қамтамасыз етуге елеулі үлес қосқан, суармалы жерлердің аумағын арттыруға мүмкіндік берген Қапшағай су қоймасы мен ондағы су электр стансасының салынып, іске қосылуы Қазақстан тарихын­дағы жаңа бетбұрыс еді. Осы игі істің басында облыс басшысы ретінде Асанбай Асқаров тұрғаны аян. Ол басшылық еткен тұста Қарадала, Шеңгелді, Күртідегі Бозай аймақтары суландырылып, егін шаруашылығында мол өнім алудың не­гізі қаланған. Балқаш өңіріндегі Ақдала алқабында күріш өсірудің технология­сы енгізіліп, отанымыздың азық-түлік қауіпсіздігі үшін үлкен жұмыс істелді.

– Асанбай Асқарұлы еңбек жолын 1939 жылы мектептегі білім беру жүйесінде бастады. 1942-1946 жылдары әскер қатарында болды. 1946-1951 жылдары Меркі аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, об­лыстық комсомол комитетінің хатшысы, кейін Қазақстан комсомолы Жамбыл облыстық комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарды. Осы жылдар ішін­де Қазақстан Компартиясы Красногор, Меркі аудандық партия комитеттері­нің бірінші хатшысы, Жамбыл облыс­тық халық депутаттары кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. 1959-1985 жылдары Қазақстан Ком­партиясының Жамбыл, Алматы, Шым­кент облыстық комитеттерінің бірін­ші хатшысы қызметтерін атқарды. 13 жылдай Алматы облысын басқарды. Күнделікті жұмыстан бос уақытын шығармашылыққа арнады. «Тағдыр», «Жұмақ пен тозақ жырлары» жыр жинақ­тары, «Ұлы Тұранның ұлдары», «Мен еліммен біргемін», «Өлмейтін артымда сөзім қалса» атты өсиет кітаптары жарық көрді. Ол Социалистік Еңбек Ері­нің алтын жұлдызымен, Ленин, Октябрь революциясы, Еңбек Қызыл Ту орден­дерімен марапатталған, – дейді тұл­ға­ның тағылымды өмірін ғылыми-зерт­теуге арқау етіп жүрген ғалым, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этно­логия инс­титуты директорының ғылы­ми жұмыс жөніндегі орынбасары, тарих ғылым­дарының кандидаты Шәмек Тілеубаев.

Асанбай Асқаров Алматы облысын басқарған жылдары Қарадала өңірінің малшылары үшін өмірлік маңызы бар Шонжы мен Нарынқол ауылдарын жалғайтын тау асуына жол салуға бас­тамашы болған екен. Қайраткердің осы ісі кейінгі ұрпақ үшін үлгі ғана емес, ел дамуына үлес қосқан маңызды жұмысқа айналып отыр. Өйткені тау жолының жасалып, қатынастың орнауы аудан, қала берді облыс экономикасы үшін оңтайлы болып, қолданысқа еніп кетті. Қазір де бұл жолдың шарапатын өңір тұрғындары көріп отыр. Яғни Асанбай Асқаровтың 100 жылдығын мерекелеу ­іс-шарасы Алматы облысының аумағында, онда да Ұйғыр ауданында бастау алғаны кез­дейсоқтық емес-ті. Шонжы ауылында өткен тағылымды іске белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, Алматы мен Шымкент қала­ларынан, Жамбыл облысы мен Жетісу өңірінен келген делегациялар арнайы қатысты. Мерейтойлық іс-шара аясында Қарадала мен Шәлкөде жайлауын жалғап жатқан тау жолының Шонжы жақ бетіндегі асуға «Асанбай асуы» атауы ресми түрде беріліп, ескерткіш белгі орнатылды.

– Өткен ғасырдың 60-жылдары­ның ортасында Асанбай Асқаров басшы­лық еткен Алматы облысының даму қарқыны серпін алып, барлық салада өсу динамикасы байқалды. Қапшағай су қоймасы мен су электр стансасы салынып, еліміздің оңтүстік өңірлерін электр қуатымен қамтамасыз етіп, егіс алқабын ұлғайтуға мүмкіндік берді. Қарадала, Бозай, Шеңгелді жерлеріне су келіп, құ­нарлы алқаптарға айналып, Балқаш өңіріндегі Ақдала алабына күріш егіле бастады. Көп ұзамай Қазақстан картасында жаңа Қапшағай қаласы да пайда болды. Сол жылдары облыста жетпістен астам колхоз, совхоз, 2 ауылдық, 2 қала­лық аудан құрылды, – деді «Асанбай асуындағы» тас белгіні ашу барысын­дағы салтанатты жиында сөз алған облыс әкі­мінің бірінші орынбасары ­Ләззат Тұрлашов.

Мерейтойлық іс-шара Шонжы ауы­лының мәдениет үйінде өткен «Асан­бай Асқаров – тұғырлы тұлға» атты рес­­публикалық конференцияға жал­ғас­ты. Қазақстан Жазушылар одағы бас­қарма төрағасының орынбасары, ақын Бақыт Беделхан модератор­лық ет­кен конференцияға елге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, Алматы және Шым­кент қалаларынан келген делегациялар қатысты. Жиын барысында Асқаров тұлғасына қатысты көп әңгіме айтылды. Ал Асанбай Асқарұлымен Жам­был облысы мен Жетісу өңірінде иық тірестіре еңбек етіп, қызметтес болған тұлғаның адами қырын еске алды. Сондай-ақ «Асанбай Асқаров жайындағы естеліктер» кітабының тұ­сауы кесілді. Конференцияда сөз алған ақын-драматург Нұрлан Оразалин, Ал­маты облысының экс-әкімі Амандық Бата­лов, А. Асқаровтың немересі Қамбар Смайылов, Ұйғыр ауданының құрметті азаматы Нурвяг Сейітов, Алматы делегациясын бастап келген Мамай Ахметов және басқалар аты аңызға айналған біртуар тұлға туралы әсерлі сөз айтты.

– Ғасырлар жаңарып, арада қан­ша­ма жылдар өтсе де есімдері ел жүрегіне ұялаған жандар ешқашан ұмытылмай­ды. Өйткені өз тұсында ел көшін бас­тап, айналасындағы халқын игілікті істер­ге жұмылдырып, туған өлкенің то­пы­рағында ерен еңбегін, айшықты қолтаңбасын қалдырған жанның жарқын бейнесі көз алдыға келіп тұрады. Міне, сондай халқымыздың асыл да ардақты перзенттерінің бірі – қоғам қайраткері, заманының заңғар тұлғасы Асанбай Асқарұлы Асқаров. Қаламгерлігі, ақын­дығымен де ел жүрегінде қалды. Көр­гені көп, жиғаны жетерлік, ойы терең, елі-жерін, ұлтын жанындай жақсы кө­ріп өткен заңғар тұлғаның «Тағдыр», «Судь­ба», «Жұмақ пен тозақ жырлары» атты өлең, «Ұлы Тұранның ұлдары», «Мен еліммен біргемін», «Өлмейтұғын артымда сөзім қалса» атты ғибрат, өсиетнама кітап­тары қалды, – дейді тұлға туралы сөзінде белгілі ақын, қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин.

 

Алматы облысы