Аймақтар • 17 Қазан, 2022

Шымкенттен шашу

217 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры Тобыл өңіріне гастрольдік сапармен келді. Өнер ұжымының қостанайлық көрермендерге ала келген репертуарында балаларға арналған көңілді қойылым, ертегілермен қатар, көпшілік көрерменге ой салатын салмақты дүниелер де бар.

Шымкенттен шашу

– Ұлт ұстазы Ахмет Байтұр­сын­ұл­ы­ның 150 жылдығына орай және төрт облыстың жаңадан ашылуына байланысты біз «Шымкенттен шашу» гастрольдік сапарын арнайы турне түрінде ұйымдастырғанбыз. Оны Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарынан бастадық. Биылғы жоспарымызды осы Қостанай сапарымен тоқтатамыз. Келесі жылы нәсіп етсе Жетісу, Абай, Ұлытау облыстары мен Қонаев қаласына гастрольдік турне ұйымдастыруды жоспарлап қойдық. Қостанайға Алаштың аяулысы Ақаңның рухына тағзым ету үшін келдік. Өзіміз сахналаған «Ахмет» қойылымын ұлт ұстазының туған топырағына апарып көрсетейік, Ахмет жылына орай, ЮНЕСКО аясында өтіп жатқан ұлан-асыр тойға біз де өз үлесімізді қосайық деген ниетпен келіп отырмыз, – деді театр басшысы Самат Алтай.

Шымкент театрының шымылдығы ақын-драматург Ақылбек Шаяхметтің «Ахмет» реквиімен ашылды. Қоюшы режиссері – Әліби Жәнәбілов. Драмаға ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы өмірінің соңғы сәттері арқау болған. Абақтыдағы азапқа қыңқ етпей, тергеушінің мысын басып, құтын қашырған Ақаңның асқақ бейнесі, Бәдрисапаның Ахметке деген сүйіспеншілігі, Іңкәрдің ынтызарлығы сахнада шынайы көрініс тауып, көрерменнің көзіне жас алдырды.

Келесі күні жас драматург Қолғанат Мұраттың «Мұғалім» пьесасы негізінде сахналанған «Мектеп» драмасы қазіргі білім ошақтарында бой көрсетіп қалып жататын келеңсіз жайттардың себеп-салдарларын ашып көрсетіп, көрерменді бала тәрбиесіндегі ата-ана мен мұғалімнің жауапкершілігі деген күрделі мәселеге тереңірек үңілуге жетелейді.

Қойылымға арқау болған оқиғалар білім ошағын үнемі артқа тартып отыратын, үлгерімі мен тәрбие көрсеткіші төмен ең қиын сыныпта орын алып жататын қым-қуыт шиеленістер негізінде өрбиді. Бұл сыныптың балаларының біреуі бұзық, біреуі қызық, біреуі шыжық. Ұлдарын былай қойғанда, қыздары бір-бірімен төбелесіп жатады. Қойылым басында мектептегі ерегес, алғашқы махаббат, не мұғалімді, не ата-анасын түсінбей, көп ішінде жалғыздық көрген оқушының жан дүниесінде болып жатқан өзгерістер, күн сайын «Сендер кімсіңдер? Ешкім емессіңдер!» деп оқушының намысына тиіп, ішкі «менін» жоққа шығарып кететін қатал директордың айқайы, таяу­да ғана келген сынып жетекшісі Айдана Айдарбекқызының шәкірттері үшін шырылдап, олардың өміріне өзгеріс енгізуге ұмтылуы сияқты әрекеттер көрініс тапқан.

Жаңа мұғалім білім ошағында болып жатқан келеңсіз құбылыстардың бірін видеоға түсіріп, жеке парақшасына салып қояды. Бұл әлеуметтік желіге тарап кетіп, көпшіліктің наразылығын туғызады. Ақыры мектеп директоры мен ата-аналар жабылып жүріп «бүлікшіл» мұғалімнің үстінен арыз жазып, іс насырға шаппай тұрғанда өз еркімен жұмыстан кетуін талап етеді.

Осы мәселеге орай өткен жиын-талқыда «Әп-әдемі оқып, өзімен-өзі тыныш жүрген баламыздың психологиясын сіз келіп бүлдірдіңіз, бізге мінез көрсетіп, сөз қайтаратын болды. Бұл масқара ғой! Сіз мұғалім болып, бала оқытуға лайық адам емессіз» деген ата-аналардың уәжін тыңдап болған Айдана Айдарбекқызы жаңаша жол тауып, жиналысқа келгендерді «Сырласу бөлмесіне» шақырады. Бұл бөлмеде әр ата-ана өз баласымен оңаша сырласып, оқу үлгерімі мен тәртібінің неліктен нашарлап кеткені жайында ашық әңгімелесуі керек. Осылайша, көптен бері дұрыстап сөйлесіп көрмеген жұмысбасты әке мен бала бір-біріне деген өкпе-реніштерін айтып, әбден шер тарқатысады. Сөйтсе, бар мәселе мектепте емес, үйде екен. Бала ажырасып кеткен ата-анасының қайта қосылуын қалайды. Анасының қаңғырып жүргенін әкесінен көреді. Әкесі кезінде төсек тартып жатып қалған қиын-қыстау кезеңде өзін тастап кеткен әйелінің опасыздығын кешіре алмайды. Әңгіме түйінінде өзара түсініскен әке мен бала қайта түсінісіп, құ­шақтасып табысады. «Енді бұлай өмір сүруге болмайды, өз өмірімізді өзі­міз өзгер­тейік, қарым-қатынасымызды тү­зе­йік» деген шешімге келеді.

– Бұл қойылымды І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрында үшінші рет сахналадық. Одан бұрын Қостанай қаласы мен оған іргелес аудандардағы бірнеше мектептерге барып қойып келдік. Балалар жақсы қабылдады. Ата-аналардың жұмыс-жұмыс деп жүріп өз балаларына уақыт бөле алмауының салдарын осы спектакль арқылы көрсетуді мақсат тұттық. Қойылымда мұғалім: «Баланың дұрыс дамып, жақсы азамат болып қалыптасуына тікелей әсер ететін – ата-ана», дейді ғой. Қазіргі қоғамда ата-ана мектепті күстәналап, мұғалім ата-ананы кінәлап жататын жағдайлар кездесіп жатады. Бала тәрбиесіне екі жақ бірдей ат салысуы керек. Мен қызға тән қылығы бар Ербол есімді баланың бейнесін сомдадым. Ерболдың әкесі әскери адам, ұлының да әскери болғанын қалайды. Бірақ бала тәрбиесіне көңіл бөлетін мүлде уақыты жоқ. Соған қарамастан, ұлына қатал қарайды. Баласына «Жігіт боп неге ешкіммен төбелеспейсің? Неге қыз сияқты нәзіксің?» деп ашуланады. Әке мен баланың арасындағы шиеленіс осыдан туындайды. Ерболдың мінезі жібектей, тәртіпті. Оның мақсаты – әскери болу емес, осы өмірден өз орнын табу. Сырласу бөлмесінде Ербол әкесіне жаңадан келген сынып жетекшісіне ғашық екенін айтады. Мұны естіген әкесі ішек-сілесі қатып бір күліп алады да, ұлын құшақтап маңдайынан сүйеді. Осылайша, әке мен бала түсініскендей болады, – деді Ербол рөлін сомдаған жас актер Жарас Исмайыл.

Спектакльдегі оқиғалар осы сырласу бөлмесінде шешімін табады. Қойы­лым­ның алғашқы көріністерінде күліп отырған көп көрерменнің соңына қарай көзіне жас алып, ерекше әсерге бөленгені байқалды. Бұл күні театрға келгендердің біразы үлкен ой түйіп шықты.

Сахналық қойылым «Мектеп» деп аталғандықтан ба, бірен-саран ересектер ғана болмаса, бұл жолы театрға келген көрерменнің тоқсан пайызы мектеп оқушылары болды.

– Кеше «Ахмет» спектакліне келгім келіп еді, жұмыстан шыға алмадым. Бірақ енді бүгін келіп «Мектепті» көріп шықтық. Өте керемет. Кәсіби тұрғыдан баға бере алмаспыз. Бірақ ұнады. Идеясы мықты. Әсіресе мектептегі «Сырласу сыныбы» деген қазіргі білім ошақтарына жаппай болмаса да ішінара енгізуге болатын қажет дүние екен. Кішкентай болса да, ой түйіп қайттық. Сынып жетекшісі Айдана Айдарбекқызының образы да ұнады. Қазіргі мұғалімдерге үлгі етуге болады екен. Қазір мұғалімнің бәрі психология мамандығын алу керек деген ұсыныстар шығып жатыр ғой. Жалпы, кез келген мұғалім жақсы психолог болу керек. Біздегі басты проблема – балаларды елемеу ғой, сен әлі кішкентайсың деп тыйып тастау дұрыс емес. Ал шетелдік психологияда баланың пікіріне көп мән беріледі. Мұны киноларында да насихаттайды, әр нәрседе ақылдасып отырады. Сонда бала өзін толықққанды тұлға ретінде сезініп, дұрыс қалыптасады. Жалпы, біздің қоғамдағы қазіргі бас­ты мәселе – осы. Көбіне, әй, қойшы, ба­лалар өзімен-өзі өседі деген ұғым кез­де­се­ді. Жасыратыны жоқ, көбіміз сондай тәрбиеде өстік қой. Театр үлкен миссия арқалап келген, бірақ көрермендердің көбі мектеп оқушылары болды, мұны балалардан гөрі ата-аналардың көргені дұрыс болар еді, өйткені бүгінгі қоғамда бала тәрбиесіне жетпей жатқан көп дүние көрініс тапты, – дейді көрермен, Қостанай қаласының тұрғыны Дәулет Жадырасын.

Тобыл өңірінде төрт күн бойы өнер көрсеткен Шымкент театры мұнан өзге «Бір күндік бақыт» драмасы мен балаларға арналған «Туған күн кеші» ертегісін сахналады.

Режиссер-мамандар кез келген театр­дың осылайша өзге облыстарға, шет аймақ­тарға шығып, көрермен ауыстырып тұруы өнерпаздар ұжымының кәсіби тұрғыдан дамуына оң ықпал ететінін айтады.

– Әртіс өзінің ауылынан шықпай, бір жерде спектакль қойып ойнай беретін болса, еті өліп, бір сыдырғы болып кетеді. Енді басқа өңірлерге барып, таным деңгейі мен қабылдауы бөлек көрерменнің алдында әртістің қатып қалған, тығылып жатқан, жансызданып бара жатқан резервтері оянады. Бұл кәсіби деңгейді көтереді. Сосын біз Шымкент театры әртістерінің сахнадағы қимыл-қозғалысын, жүріс-тұрысын, ойнау тәсілдері мен стильдерін, қандай бағытта көбірек жұмыс істейтінін көріп отырмыз. Сонда «Мына көріністі біз қалай сахналар едік? Мына сәтті былай ойнаса қалай болар екен?» деген ойлармен отырасың. Осының бәрі бүтін бір процесс қой, былай қарағанда. Жалпы, мұндай гастрольдік сапарлар актердің, театр ұжымының кәсіби деңгейінің өсуіне пайдасы көп, – деді Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының бас режиссері Батырбек Шамбетов.

 

Қостанай облысы