Экономика • 17 Қазан, 2022

Жаңа технологиялар жәрмеңкесі

335 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Астанада Орталық Азия бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы ең ірі KazAgro/KazFarm-2022 көрмесі өтті. Көрме аясында агроғылым, тенденциялар, инновациялар мен технологиялар, сондай-ақ үздік сауыншылар байқауы, асыл тұқымды мал тұқымының аукционы және 200 кг алманың таратылуы секілді түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.

Жаңа технологиялар жәрмеңкесі

Көрмеге әлемнің әр түкпірінен аграр­шылар, ғалымдар, бизнесмендер, ше­неу­­ніктер, сарапшылар, инвесторлар, им­порт­тау­шылар мен экспорттаушылар кел­ді. Жиыны 20-дан аса елдің сала ма­ман­дары және 300-ге тарта компания өкіл­­дері бас қосты. Олардың барлығы серік­­те­стерді, одан әрі транзакциялар үшін бай­­ланыс­тарды, жаңа шешімдер мен тех­но­логия­ларды, құралдарды, идея­ларды және ынты­мақ­тастықтың жаңа жолдарын іздеді.

«KazAgro/KazFarm көрмелерінің мақсаты – ауыл шаруашылығы саласын­дағы жетістіктерді көрсету және Қазақ­станның барлық фермерін бірегей алаңға біріктіру. ExpoGroup компаниясы биыл осымен 13-рет ұйымдастырған көрмені биыл 20 мыңнан аса адам тамашалады.

«Айта кетерлігі, агроғылымға үлкен мән беріп, отандық ғалымдарға қолдау көрсетіп, олардың ауыл шаруашылығы саласындағы әзірлемелерін жариялап жа­тырмыз. Олардың жұмысы қай кезд­е де көлеңкеде қалып қояды. Біз олар­дың жұмыстарын жандандырып отыр­мыз. Сонымен қатар биыл серіктес­тері­міз – ауылшаруашылық тауар өн­ді­ру­ші­лері дәстүрлі түрде ауқымды стенд­тер­ді ұсынып, мәмілелер жасап, жаңа тұтыну­шы­ларды тапты. Олар­дың барлығы келесі жы­лы көрмеге қатысатын­дарын растады», деді ұйымның директоры Шолпан Қожабаева.

Көрменің өтуі ғалымдар, бизнесмендер, шаруалар үшін де маңызды болды. Олар көрмеде жаңа ауыл шаруашылығы технологияларымен, тың тәжірибелермен және сала бойынша дамып келе жатқан сервистік қызмет түрлерімен танысты. Мәселен, осы мақсатта «Агротрендтер – топырақ құнарлығын сақтау, органикалық егіншілік, климатқа қолайлы өндіріс» атты конференция ұйымдастырылды.

Қазақстан мен Германия сарапшылары ауыл шаруашылығында ресурс үнемдейтін технологияларды қолдану тәжірибесімен бөлісті, оның ішінде су ресурстарын басқаруға, өсімдіктерді кешенді қорғау мен қоректендіруге, органикалық егіншілікке тұрақты ауыл шаруашылығы жүйесіндегі блок ретінде баса назар аударылды.

Тұқым шаруашылығындағы ғылым мен бизнестің ынтымақтастығына арналған тағы бір конференцияны «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ ұйымдастырды. Баян­дамашылар мемлекеттік және жеке саланың ғалымдары болды. Олар Қазақ­станда тұқым шаруашылығын дамыту­дың мемлекеттік саясаты, тұқым на­рығындағы ағымдағы жағдай және тен­денциялар, Қазақстандағы тұқым ша­руашылығы, сорт сынау және тұқым са­пасына сараптама, сондай-ақ тұқым ша­руашылығының ғарыштық мониторингі тақырыптарын қозғады. Сонымен қатар Қазақстандағы ауыл шаруашылығы мәселелері қаралды.

Ең маңызды жиындардың бірі – Қазақстан өсімдік өсірушілерінің ІІ слеті. Оған қатысу үшін еліміздің бар­лық өңірінен жетекші сала маман­дары жиналды. Шараны еліміздің Ауыл ша­руашылығы министрлігі ұйымдастырды.

2022 жылдың жаңалықтарының бірі – AgroStream компаниясы әзірле­ген агрономдарға арналған AgroMap мобильді қосымшасы келушілер назарын аударды. AgroMap агрономның жұмысын жеңілдету және ақпаратты өңдеуге көмектесу үшін жасалған. AgroMap-пен барлық ақпаратты өрістер бойынша топтастыруға, егін картасын жасауға, қауіптерді анықтауға, фотосуреттер мен тексеру парақтарын түсіруге, қауіптер каталогін құрастыруға, ауа райы карталарын көрсетуге және т.б. жасауға болады.

Жұртшылықты таңғалдырғаны, сиыр­ларды өздігінен сауа алатын робот болды. Сиырларға қолайлы жағдай жасап, өнімділікті арттыруға арналған «Dairy Robot R9500» сауын роботының тұсаукесеріне адам көп жиналды. Өлшем­дері ықшам болғандықтан, жүйе жаңа құрылыс кезінде де, ескі сүт фермасын қайта құру кезінде де кәсіпорындардың инфрақұрылымына біріктірілуі мүмкін.

Сонымен қатар келушілерге жаңа жүк көліктері мен техникалар, маман­дандырылған шетелдік қондырғылар, Қазақстандағы алғашқы ауыл шаруа­шы­лығы техникасының ішкі нарығы және т.б. көрсетілді.

Өткізілген барлық конференциямен қатар, әртүрлі өндірістік компа­ния­­ның көрмесі өткенін айта кеткен жөн. Бизнес-қауымдастық өкілдері ынтымақтас­­тық туралы меморандумдарға қол қо­йып, серіктестер іздеп, мәмілелер жасады. Көрме барысындағы келіссөздер нәтижесінде 100-ден аса әртүрлі келісім, мәміле, меморандум мен келісімшарт жасалды.

Биылғы ең үлкен стендтердің бірін Қостанай агромеханикалық зауытының ресми дилері Kamz Agro ұсынды. Кәсіпорын өкілдері көрме кезінде 26 млн теңгенің өнімін өткізіп үлгерді.

«Біз бұл көрмеге екінші жыл қаты­сып отырмыз, өткен жылы жалға алу алаңы шамамен 100 шаршы метрді құрады. Биыл – 720 шаршы метр. Халық Қазақстанда машина жасау саласының дамып келе жатқанына көз жеткізді деп ойлаймын. Сондай-ақ біз өз жұмысымызда Беларусь, Испания, Түркия және басқа елдің зауыттарымен ынтымақтасамыз. Осы көрме аясында 26 млн теңгеге екі бірлік техника саттық. Бір сатып алушы Ақмола облысының Ақкөл ауылынан болса, екінші сатып алушы – Оралдан», деді Kamz Agro директорының орынбасары Қуанышбек Әбдірахманов.

Көрмеге өнім ұсынған компаниялар­дың бірі – 1953 жылдан бері ауыл шаруа­шылығы машиналары мен жабдықтарын шығаратын ірі америкалық өндіруші Massey Ferguson. Қазақстандық CanAgro 2016 жылдан бері осы компанияның еліміздегі дистрибьюторы қызметін атқарып келеді. CanAgro маркетологі Руслан Жоламанов қандай нәтижелерге қол жеткізгенін айтып берді. «Біздің компа­ния нарықта 20 жылдан астам уақыт­тан бері жұмыс істеп келеді. Қазіргі уақытта Massey Ferguson брендін ұсынамыз. Компания көрмеге құрылған күннен бастап жыл сайын қатысып келеді. Тапсырыс берушілер көп, бағаның қымбаттауына қарамастан, құрал-жабдық алуға қызығушылық танытқандар бар. Бізде қазірдің өзінде жабдықты сатып алу туралы алдын ала ниеттілер тіркелді, келісімшарт жасастық» деді ол.

«KazAgro/KazFarm-2022» халық­ара­лық аграрлық көрмесі аясында еліміз­дің барлық өңірінен жетекші сала мамандарының қатысуымен Қазақстан селекционерлерінің ІІ слеті өтті. Слет барысында өсімдік шаруашылығындағы жаңа технологиялардың көрсетілімі, спикер­лердің саланың маңызды мәселе­лері бойынша баяндамалары, еліміздің барлық облысынан үздік және озық егін шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтарды марапаттау рәсімдері өтті. Қонақтарға көрме алаңының жанын­дағы көшеде асыл тұқымды бұқалар мен қошқарлардың көрмесі ашылды.

Көрмеге қатысушылардың бірі – Қара­балық ауыл шаруашылығы тәжіри­бе стансасы. Қостанай облысында жұмыс істейтін Қазақстанның жетекші селекциялық орталығы мұнда еліміздің солтүстік және орталық аймақтарында жақсы нәти­же көрсеткен бидай сұрыптарының бар­лық ассортиментін ұсынды. «Қарабалық» АШТС басқарма төрағасы Дамир Қалды­баев жұмсақ жаздық бидай сорттары­ның көшбасшылары «Айна», «Фантастика» сорттарымен қатар көрмеге қойылған жаңа сорт туралы да егжей-тегжей айтып берді. «Сонымен қатар көрмеге жаңа өніміміз – «Ламис» сортын ұсынуға келдік. Бұл интенсивті типті құрғақшылыққа да, ыстыққа да төзімді өнімді сорт. Ол сон­дай-ақ үш солтүстік аймаққа бөлінеді. Биыл «Қарабалық» АШТС 500 тоннадан аса жоғары репродукциялы «Ламис» сортының тұқымын сатуға дайын. Жалпы, сатылым өте қарқынды жүріп жатыр. Көрме басталғалы станса 4 700 тонна тұқым жеткізуге келісімшартқа отырдық. Көрме қорытындысы бойынша тапсырыс берушілер қатары көбейетіні сөзсіз. Ендеше, оригинатордан тұқым сатып алғысы келетін фермерлерге өтініштері­ңізді ұзақ уақытқа қалдырмаңыздар, тұқым­дар таусылып қалады дегіміз келеді», деді Д.Қалдыбаев.

Ал «АстанаАгроӨнім» компаниясы­ның өкілі Есім Жанпейісов Италия, Германия және басқа да Батыс Еуропа елдерінде заманауи ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын зауыттарға дилерлік қызмет атқаратынын мәлімдеді. Компанияның әкелген тұқым сепкіш, химиялық өндеу техникалары көрменің едәуір бөлігін алып тұр. Олардың баға­лары 80 млн теңгеден басталып, 130 млн теңгеге дейін жетеді. Есесіне, техни­ка­лардың өнімділігі аса жоғары көрінеді.

Көрменің тағы бір шетіне Қытайдың «Юнмин» компаниясының өнімдері қойылыпты. Оның өкілі Сәрсенбай Тал­ғат бұл компания тарихы 1967 жылдан бас­та­латынын айтты. Қазір Қытайдың өз ішінде 4, шетелдерде 2 зауыты жұмыс істейді.

«Зауыттардың бірі Мысырда орналас­қан. Ол Африка елдеріне техникалар мен технологиялық құралдар шығарады. Екіншісін биыл Қытай мен Қазақстан ортасындағы Достық кеден бекетінен аштық. Бұл зауытымызда жылыжай техни­калары мен технологияларын, жем за­уыттарының құралдарын шығару үстін­деміз. Бірте-бірте өнім ауқымын кеңейте береміз. Өйткені бұл зауыт Қазақстан арқылы Орталық Азия, Ресей және ТМД елдеріне өнімдер шығарып, жөнелтуді көздейді» деді С.Талғат.