Аймақтар • 19 Қазан, 2022

Қазанаттар жүйткіген маусым

283 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қостанай ауданындағы «Арғымақ» ипподромында ұлттық ат спортынан Қазақстан чемпионатының қорытынды кезеңі өтті. Республикалық «Бәйге» федерациясы мен Қос­танайдағы ұлттық ат спорты федерациясы мұрындық болған спорт мерекесінде қыз қуу, теңге алу, аударыспақ, көк­пар ойындарын тамашалап, аламан, құнан жарыстары ұйым­дастырылды.

Қазанаттар жүйткіген  маусым

Маусымның жабылу рәсі­міне жиналған ұлттық спорт жанкүйерлерін облыс әкі­мі­нің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов пен Қос­­та­най облыстық ат спор­ты фе­де­рациясының вице-пре­зи­денті Нұрбол Әбдірахманов құт­тықтады.

Ғауез Торсанұлы биылғы жаз бүтіндей Қостанай тұқымды тұлпарларды насихаттауға ар­налғанын және қазіргі таңда осы тұқымның қанын таза сақтап, мейлінше көбейтіп алудың жолдары іздестіріліп жатқанынан хабардар етті.

– Қостанайда он тоғызыншы ғасырдың аяғына таман қа­зақтың қазанатының негізінде жылқы зауыты ашылып, алпыс жылға жалғасқан үздік­сіз күрделі будандастыру жұ­мыс­тары жүргізілгені белгілі. Нәтижесінде, алынған Қостанай қазанаты 1951 жылы ресми түрде жеке тұқым ретінде тіркелді. Бітімі бөлек, денесі шымыр, сүйекті, сіңірлі, болат тұяқ асыл тұқымды бұл тұлпардың саны кезінде 44 мыңға дейін жеткен. Өкінішке қарай, бүгінде мүлде азайып кетті. Сондықтан аталарымыздан қалған асыл тұқымды сәйгүлікті сақтап қалу міндет, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Бұл жолғы бәйгеде Қоста­най қазанатына айрықша мән беріліп, тек осы тұқымға ар­налған 2 400 метрлік ұшқыр жарыс, 5 шақырымдық құнан бәйге және 18 шақырымдық ала­ман ұйымдастырылды. Мұның сыртында, аралас тұқым­ды сәй­гүліктердің 4 шақы­рым­дық құ­нан жарысы мен 16 шақы­рым­дық аламан бәйгесі өтті.

Ұйымдастырушылардың ай­туынша, өңірде ұлттық спорт­қа деген қызығушылық жыл­дан-жылға артып келеді. Қазір облыста 13 мыңнан астам адам ұлттық ойын түрлерімен ай­на­­лысады екен. Ал биылғы мау­сым олар үшін нәтижелі болды деуге толық негіз бар. Мә­селен, Тобыл өңірінде мамыр айынан бері сегіз бәйге өткізілген. Бұл жарыстарды бас бәйгеге тігілген автокөлік пен жүлдегерлерге табыс етілген қаржылай сыйлықтың көлемі 90 миллион тенгеге маңайлап қалады. Сыйлық қоры келер жылы да қомақты болмақ.

– Алдағы маусымда да дәл осы биылғыдай 7-8 бәйге өт­кіземіз деп жоспарлап отырмыз. Соңғы жылдары аймақта ат спортына деген қызығушылық ерекше. Жүйрік жылқы сатып алып жатқан, ат баптап, бәйгеге қосып жатқан азаматтардың қатары көбейіп келе жатыр. Біздің алдымызда тұрған ең бас­ты жоспарымыз осы ғой, – дейді ат спорты федерациясының вице-президенті.

р

Маусымды қорытындылаған бәйгеге еліміздің бірнеше өңі­рінен 30-ға жуық сәйгүлік қатыс­ты. Таза Қостанай қазанаттары арасында өткен 20 шақырымдық аламанда Ақмола облысының сәйгүлігі алдына қара салдырмады.

– Тұлпарларымыз талай жарыста топ жарып жүр. Бұл жолы да жүлделі орындардан кө­рінді. Жақсы орындарды алып жатырмыз. Екі автокөлік ұттық. Мұның сыртында, екінші, үшін­ші орындарға жетіп жатырмыз. Мұндай бәйгелерге ешкім осал ат қоспайды. Қазақтың «Бақ шаба ма, бап шаба ма де­ге­ні осы ғой, өзгелерге де жұ­ғыс­ты бол­сын деп тілеймін, – де­ді аты озған ақмолалық атбегі Әділет Тасмұхамбетов.

Бүгінде елімізде Қостанай тұқымына жататын жылқының саны 173-ке жетіпті. Ұзақ жыл­дар бойы жүргізілген се­лек­циялық жұмыстардың нә­тижесінде алынған қазақ қаза­натының күш-қуатына, бітіміне шетелдік мамандар да жоғары баға беріп отырған көрінеді. «Қа­зақ тұлпары» ЖШС бас­қарма төрайымы Айгүл Аман­дықованың айтуынша, Қос­танай тұқымды сәйгүліктер ұшқырлығы жағынан әлем бойынша екінші орында тұр. Алысқа салуға да аса төзімді келеді.

Маусым қорытындысы бо­йынша әр қашықтықта жүл­делі орындардан көрінген шабан­доздарға қомақты қаржылай сый­лықтар табыс етілді.

 

Қостанай облысы