Аймақтар • 02 Қараша, 2022

Петропавлда сулы-батпақты жерлер құрғатылады

361 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Петропавлда қалаға іргелес жатқан сулы-батпақты жерлер зерттеледі. Бұл мәселе облыс әкімдігінде өткен жиында талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Петропавлда сулы-батпақты жерлер құрғатылады

«Қызылжар су» ЖШС сумен жабдықтау ұйымының бас директоры Жеңіс Сұлтанов жақын арада шешімін табуды қажет ететін мәселелердің қатарында, әсіресе, жекеменшік игерілген аумақтарда орталықтандырылған кәріз желілерін кеңейтуді атады.

«Тұрғын үйлерге су тартудың артуы байқалады, бірақ кәріз жоқ. Ең жақсы жағдайда септиктер салынып жатыр. Мұның барлығы жер асты суларының көтерілуіне және аумақтардың батпақтануына әкеліп соғады», деді Жеңіс Сұлтанов.

Қала әкімі Руслан Анбаев мәселемен келісіп, сулы-батпақты жерлерді жан-жақты зерттеуге ниетті екенін жеткізді. Әкімнің айтуынша, техникалық тапсырма дайын. Өткен жылы конкурс жарияланды, бірақ бұл жұмысты атқаруға ниеттілер болмады.

«Біз алматылық мамандарға хабарластық. Қала аумағына іргелес жатқан сулы-батпақты жерлерді нөсер ағындарын орнату үшін жобаны дайындауға конкурс өткіземіз. Алдағы уақытта су сорғы станцияларына жіберілетін болады», деді Р.Анбаев.

Жоспарларды облыс әкімі Құмар Ақсақалов қолдады. Ол қазір алдағы үш жылдың бюджеті қарастырылып жатқанын, онда сулы-батпақты жерлерді құрғатуға кететін шығын да қарастырылуы тиіс екенін айтты.

«Қаланың айналасындағы индустриялық аймақ дамиды. Біз аумақты кептіруіміз керек. «Қазу» ықшам ауданы тұрғызыла бастады, ол жер батпақты болғандықтан суды ағызу қажет. Су жиналатын жерлер көп», деді Қ.Ақсақалов.