Білім • 02 Қараша, 2022

Сабақ берудегі жаңа сапа

389 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ақпарат ағыны тасқындап, жер-жаһанның жаңалығын смарт­фон­ға сыйғызған технократия заманының жеткіншектерін таңғалдыру қиын. Олардың дүние туралы танымын, білімге деген зейінін ашу үшін жаңаша әдістерді пайдаланудың артық­шы­лығы мол.

Сабақ берудегі жаңа сапа

Қазір мектеп бағдар­ла­ма­сы­мен шектелуге әсте болмайтынын әлем­дік тәжірибе көрсетіп отыр. Білім беру үдерісінде ғылымның соңғы жа­ңа­лықтарын кеңінен пай­­далану, сол арқылы жас зият­кер­лердің ынтасын ояту озық ойлы педагогтерге зор жауап­кер­ші­лік жүктейді. Елімізде мұға­лім­дер мен оқушыларға арналған «Қы­зық­ты ғылым» жобасының ауқы­мы кеңейіп келеді. Соның бірі Алматы қаласындағы «Өр­леу» білік­тілікті арттыру ұлт­­тық орта­лы­ғында жалғасын тап­ты.

Алматы қаласының білікті мұғалімдерін бір алаңда жинаған арнаулы семинарда 134 жылдық тарихы бар, география, жаратылыстану ғылымдарынан бастап, ғарышты игеруге дейінгі салаларда көпжылдық халықаралық ғылыми-зерттеулер мен фото-бейне деректердің бай қорын қа­лып­­тас­тырған National Geog­raphic жур­налының ре­сурс­­та­­рын тиімді қолдану әдіс­тері та­ныс­тырылды. Тың баста­ма­ның тиімділігін қа­тысқан мұ­ға­лімдер де атап көр­сетуде. Ал­маты қаласындағы №41 жалпы орта мектебінің биология пәнінен сабақ беретін Зәуре Өскенбай семинар барысында мол мағлұмат ала отырып, балаларды жаратылыстану ғылымына қызықтырудың тың тетіктерін игергенін айтады.

«География мен биология пәні мұғалімдеріне арнайы өткізіл­ген семинар барысында біздің сала­мызға тікелей қатысы бар, әлем­дік деңгейдегі National Geographic журналының ғылыми-танымдық онлайн ресурстарымен танысып, оларды сабақ барысында қалай тиімді қолдануға болатынын білдік. Биология пәні бо­йынша оқушыларды олимпиадаға қалай дайындау қажеттігі жөнін­де бағыт-бағдар алдым. Өз басым, пән мұғалімі ретінде журналды сабақта қолдану арқылы оқу­шы­ның ғылымға деген көзқара­сын өзгер­тіп, қызықтыруға бола­ты­­­ны­на көз жеткіздім», дейді З.Өскенбай.

Журнал авторлары мектеп мұға­лімдеріне арнайы тақырып­тық семинарлар өткізу арқылы әлемдік ғылыми-ресурстарды сабақ барысында қалай қолданып, оқушыларды қалай қызықтыруға бола­тынын, бұл бағыттағы тә­жіри­бені талапкерлердің ғылы­ми жобаларына дұрыс пайдалану тетіктерін жан-жақты түсіндіріп келеді. Өйткені бұл ресурстардағы еңбектердің бәрі ғылыми тұрғыдан расталып, дә­лел­денген, авторлық құқығы қор­ғалған зияткерлік меншік нысаны. Ал ғылымның әліппесі өзіңе дейінгілердің еңбегін оқып-біліп, керегіңе жаратудан басталатыны белгілі.

– Ғылыми сауатты адам ғы­лым­ды «шексіз шекара» ретін­де таниды. Жаһандық экономи­каға негізінен ғылым мен техно­ло­гия­ның жетістіктері әсер ететінін мойындайды. Дәлелді насихаттан, деректі көркем әдебиеттен, мағынаны бос сөзден, білімді пікірден ажырата алады. Сабақ барысында журналдың материалдарын мәтін түрінде яки бейне түрінде пайдалана отырып ұстаздар талапкерлердің қызығушылығын арттыра алады. Мұғалімдерді журналымыздың білім саласындағы тегін онлайн платформасымен таныстыра отырып, материалдарды сабақ барысында қалай қолдануға болатыны жайлы бағдар бердік. Алдағы уақытта оқушылар ауди­то­риясын қамтуды да көздеп отыр­мыз, – дейді «National Geographic» журналының өкілі Қанат Нұралыұлы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Оқуға құштар мектеп» бастамасын қолдау мақсатында жүзеге асырылған жобаны «Шеврон» компаниясының қолдауымен «Kazmedia Holding» жүзеге асыруда. Алып компанияның атсалысуымен жыл соңына дейін Батыс Қазақстан облысының және Астана, Алматы қала­ла­рының мектептеріне журнал топтамалары тегін тапсырылады.

«География, биология, физика, химия, жаратылыстану пәндерінің мұғалімдері үшін бұл жобаның мүмкіндіктері мол. Олар тек оқу құралдарындағы мағлұ­мат­тармен шектелмей, танымдық ізденістерден туған мақалалар мен зерттеу жұмыс­тарын қалаған тілінде пайда­лана алады. Кейбір аудиторияда жасауға болмайтын лабораториялық жұмыстарды виртуалды іске асырудың оңтай­лы жолдарын да мамандар көр­­сетіп беріп отыр. Әлемде қан­дай өзгерістер болып жатыр, ­ол жаңалықтарды өз пәніне мұ­ға­лімдер қалай енгізе алады, соның бәрі кездесу барысында қамтылды», дейді «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Алматы қаласы бойынша Кәсіби даму инс­титуты директорының орынбасары Қайсар Нұрлыбаев.

Журналдың түрлі түсті бояуға қанық таңғажайып фотосуреттері мен қызықты мақалалары оқыр­ман­дарға үйден шықпай-ақ, аптап ыстық Африкадан, солтүстіктегі мұз басқан Арктикаға дейін қай­­таланбас сапар сыйлайды. Адамзат өркениетінің өзекті мә­се­лелерінен бастап көне та­ри­хына дейін барлап, тұмса табиғат, география, археология, тарих, биология, астрономия секілді ғылым салаларын кеңінен қамтыған басылым ел мұғалімдерін сабақ берудегі заманауи ресурстармен таныстыру ісін жалғастыра бермек.

 

АЛМАТЫ