Аймақтар • 04 Қараша, 2022

СҚО-дағы кәсіпорынға 16 млн теңгеге жуық айыппұл салынды

139 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша экология департаменті «Biooperations» ЖШС, бұрынғы «Биохим» зауытына қатысты профилактикалық бақылау жүргізді. Нәтижесінде кәсіпорынға 15,8 млн теңге көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

СҚО-дағы кәсіпорынға 16 млн теңгеге жуық айыппұл салынды

Департаменттің баспасөз қызметі хабарлағандай, Тайынша ауданында орналасқан кәсіпорын қоршаған ортаға теріс әсер ету бойынша қауіптің бірінші санатына жатады.

«Профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша экологиялық заңнама жеті рет бұзылған. Кәсіпорын өндірістік экологиялық бақылау жүргізу кезінде алынған деректердің сапасын қамтамасыз етпеген. Компания үш жұмыс күні ішінде өндірістік экологиялық бақылауды жүзеге асыру барысында анықталған экологиялық заңнаманың талаптарын бұзу фактісі туралы ақпарат ұсынған жоқ. Қоршаған ортаға теріс әсер ететін автомобильдер мен өзге де көлік құралдары үшін белгіленген шығарындылар нормативтерінің бұзылуына, эмиссиялар нормативтерінің, қалдықтарды есепке алу, қалпына келтіру, жою және залалсыздандыру жөніндегі экологиялық талаптардың сақталмауына жол берілді», деп түсіндірді баспасөз қызметі.

Экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін заңды тұлғаға жалпы сомасы 15,8 млн теңгеге айыппұл түрінде алты әкімшілік жаза қолданылды. Нұсқамалардың орындалу мерзімі аяқталған кезде экологтар кәсіпорынды жоспардан тыс тексеруден өткізеді.