Қазақстан • 08 Қараша, 2022

Нарықтағы тәуекелшіл стартаптар

216 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Акселерациялық бағдарламаға қатысушылардың арасында үш айда бағасын екі есеге арттырған компаниялар да, айлық табысы 22 есеге өскен стартаптар да бар.

Нарықтағы тәуекелшіл стартаптар

Silkway Accelerator аясында жобаларын дамыту мүмкіндігіне ие болған 13 стартап бағдарламаны сәтті аяқ­тап, акселератор кезінде қол жеткізген жетістіктерімен бөлісті. Мысалы, Citix ақпараттық-навигациялық жүйесі Түркия мен БАӘ нарығына шықты. Zypl.ai стартабының негізін қалаушылар екі жаңа нарықта – Қазақстан мен Қырғызстан­­да сатылымды ұлғайтып, құнын 6 млн-нан 10 млн долларға дейін арттырды. Ал Beyne.ai бет-әлпетін тану және фейкті іздеу жүйесі тек технологияларды әзірлеуден тұтас экожүйені құруға, ірі компаниялар интеграциясы және компьютерлік көруді дамытуға көшті.

«Бастапқыда бұл жай ғана стартаптарға арналған кезекті қарапайым бағдарлама деп ойладым. Бірақ қазір өмірімдегі ең жақсы бағдарлама деп санаймын. Белсендірек, сонымен бірге барынша ойласып әрекет ете бастадық. Дамуды жеделдететін жаңа бизнес қадамдар іздестірдік. Атап айтқанда, Америка, Канада және Аустралия нарықтарында белсенділігіміз артты», деп әсерімен бөлісті Smoothly LTD бас директоры Ержан Асанов.

Оның ұйқыны жақсартатын Smoothly мобильді қосымшасы «Денсаулық және фитнес» категориясы бойынша Канада мен Аустралиядағы App Store 100 үздік қолданбасының тізіміне еніп, 30 мыңнан аса жүктелген.

Қатысушылар бағдарлама мен трекерлер арқылы жаһандық деңгейде ойланып, бизнес стратегиясын қайта қарастырғандарын атап өтті. Silkway Accelerator бағдарламасы аясында стартаптар үш айда жақсы нәтиже көрсетті.

Акселератордың жүргізушісі – өнім­дерді, қызметтерді және компания­ларды әзірлеу, дамыту және нарыққа шығару бойынша халықаралық кеңесші Әлішер Хасанов. Оның Rutube, Рамблер, Яндекс, Yandex.Turkey, Digital October сияқты ірі компаниялар мен басқа да әйгілі акселераторларда жұмыс тәжірибесі бар.

«Бұл стартаптармен жұмыс барысында керемет күйде болдым. Өйткені батыл және сенімді қимылдайды. Олар – Silkway Accelerator-дың алғашқы түлектері, барлық стартаптарға қалай дамып, әр елдерде өз позицияларын қалай нығайту керектігін көрсетеді. Мен қолымнан келгенше оларды шарықтатуға тырыстым және бұдан да биік асуларды алады деген үміттемін», деді Ә.Хасанов.

Үш ай ішінде CTOgram жобасы 230 мың белсенді автокөлік иелері мен 2 мыңнан астам жөндеу шеберханаларын қамтыды. Моңғолдық Fibo.cloud компаниясы Моңғолия үкіметімен мемлекеттік бұлттық қызметтерге келісімшарт жасасып, Қазақстандағы телекоммуникациялық компаниямен келісімге қол қою арқылы ай сайынғы кірісін 22 есеге арттырды. FocusED now 15 млн теңгеге келісімшарт жасасып, нарықтағы орнын тапты. iDos Games 60 мың жаңа қолданушы тауып, айлық кірісін төрт есеге ұлғайтты. Naimi БАӘ нарығына шығып, 70 тапсырыс алды, оның сатылымы 6 мың долларды құрады. Қырғызстандық NB Fit компаниясы өнімін АҚШ нарығына бейімдеп, АҚШ пен Еуропадан түсетін төлемдерді 20%-дан 30%-ға дейін арттырды. Ал Tripsome.com акселератордың 3 айындағы сатылымы бағдарламаға дейінгі 17 айдағыдан асып түсті. Сонымен қатар компания Қазақстанда веб-сайтты сәтті іске қосып, 30-дан астам жергілікті серіктестермен келісімшартқа отырып, алғашқы сатылымдарын жүзеге асырды. UvU айналымды, кірісті және тапсырыстарды қоса алғанда, негізгі көрсеткіштерін 3-5 есе арттырды және бағытын кеңейтіп, бизнес үлгісін өзгертті. Zan.bar Еуропа нарығына шығып, өз өнімін Ұлыбританиядағы 12 банкпен біріктірді.

«Silkway Accelerator-дың бірінші легі өзінің тиімділігін көрсетті. Үш айдың ішінде барлық қатысушы компаниялар айтарлықтай өсті. Google және Astana Hub сарапшыларының қолдауымен стартаптар трансформациядан өтіп, тамаша нәтижелерге қол жеткізді. Қатысушылар осындай қарқында дамыса екен дейміз. Және біз бағдарламаны жалғастырып, жуырда екінші легінің жақсы нәтижелерін көреміз деген үміттеміз», деді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.

Еске сала кетелік, Silkway Accelerator бағдарламасының бірінші легі биыл шілде айында басталып, 28 қыркүйекте Digital Bridge форумында бағдарламаның қорытындысы бойынша Demo Day өтті. Оған Орталық Азия, Әзербайжан және Моңғолия елдерінен стартаптар қатысты.

Silkway Accelerator бағдарламасының екінші легі 2 қыркүйекте басталды. Астанада офлайн тәртіпте өтіп жатқан оқу 3 айға созылады. Silkway Accelerator қатысушылары тәлімгерлікпен қатар, Astana Hub жанында тегін баспанаға, жұмыс орнына ие болды, сондай-ақ Seed Money бағдарламасы бойынша 55 мың долларға дейін қаржы алу мүмкіндігі бар.

Google for Startups – 2011 жылы Google корпорациясы іске қосқан стартап бағдарламасы. Ол 125 елдегі 50-ден астам коворкинг пен акселератордан тұрады және бизнесті жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін практикалық сабақтар ұсынады. Astana Hub биыл Google for Startups бағдарламасының Орталық Азиядағы алғашқы серіктесі болды.

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024