Спорт • 09 Қараша, 2022

Ең қымбат қазақ футболшысы

287 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жуырда Германияның Transfermarkt порталы бірқатар қызықты мәлімет жариялады. Футболшылардың нарықтағы құнына талдау жүргізіп отыратын интернет басылымның дерегі бойынша, Англияның «Манчестер Сити» және Норвегия ұлттық құрамасының шабуылшысы Эрлинг Холанд әлем футболының ең қымбат ойыншысы атанса, Англия 2022 жылғы 10 айдың қорытындысында ең қымбат құрамалардың көшін бастады. Ал Қазақстан құрамасы бұл рейтингте 85-орынға жайғасқан. УЕФА бойынша 38-сатыда тұр.

Ең қымбат қазақ футболшысы

Биыл жаз айында Дортмунд­тың «Боруссиясынан» Англияның «Манчестер Ситиіне» ауысып кел­ген 22 жастағы Эрлинг Холанд франциялық Килиан Мбаппені бірінші орыннан ығыстырып, ең қымбат футболшылардың рейтингінде топ бастады. Дәл қазіргі таңда Transfermarkt порталы норвегиялық футболшыны 170 млн еуроға бағалап отыр. Ал желтоқсан айында 24 жасқа толатын ПСЖ және Франция ұлттық құра­масының ойыншысы Килиан Мбаппе 160 миллион еуроға ба­ғаланған. Үздік үш­­тікті Испанияның «Реал» және Бра­зи­­лия ұлттық құ­ра­ма­сының 22 жас­та­ғы жартылай қор­ғаушысы Ви­нисиус (120 млн еуро) түйін­деп тұр.

Өкінішке қарай, әлем­нің ең қымбат 500 фут­бол­шы­сының тізімінде бірде-бір қа­зақстандық ойыншы жоқ. Дегенмен германиялық ба­сылымың мәліметі бойын­ша, Қазақстан құрамасының ең қымбат футболшысы деп Ресейдің ЦСКА клубында доп тебетін жартылай қорғаушы Бақтиер Зайнутдинов (3,5 млн еуро) танылды. Одан кейінгі орындарға «Зениттің» қор­ғау­шысы Нұрәлі Әліп (1,5 млн), «То­был» мен «Ахматтың» (Ресей) қорғаушылары Сергей Малый мен Марат Быстров (900 мың), Асхат Тағыберген (750 мың, «Тобыл»), Мұхамеджан Сейсен («Тараз»), Бағдат Қайы­ров («Тобыл») және Артур Шушеначев («Қайрат», 700 мың) жайғасқан.

Ұлттық құрамаларға тоқталар болсақ, 1 млрд 40 млн еуроға ба­ғаланған Англия әлемдік рейтингте бірінші орында тұр. Екінші орын­ға әлем чем­пио­натының бес дүркін же­ңімпазы Бразилия (1,14 млрд) орналасса, 2018 жылы Ресейде өткен дүниежүзілік доп додасында бас жүлдені олжалаған Франция (898 млн) үшінші орында келеді. Құрлық бойынша бөліп қарасақ, Еуропада – Англия, КОНМЕБОЛ-да – Бразилия, Азия құрлығында – Корея (152,02 млн), Африкада – Кот-д’Ивуар (366,75 млн), КОНКАКАФ-та –АҚШ (209 млн) құрамалары көш бастап тұр.

Қазақстан құрамасы УЕФА-да 17,6 млн еуромен жалпы есеп­те 38-орыннан көрінді. Ал ТМД құрамаларының арасында алтыншы орынға жайғасқан. Келмеске кеткен КСРО мемлекеттерінің рей­тин­гінде Украина құра­масы ең қымбат ұжым атанды. Trans­fermarkt сарапшылары Андрей Шевченконың ізбасар­ларын 176,5 млн еуроға баға­лаған. Ең қымбат фут­болшысы – Рус­лан Малиновский («Ата­ланта», Италия). Оның нарықтағы ба­ға­сы – 28 млн еуро. Екін­ші орынға Ресей құ­рамасы жайғасты (138,8 млн еуро). Ең қым­бат футболшы­сы – «Краснодар» қақ­­пашысы Мат­вей Сафонов (16 млн еуро). Үшінші орынды Грузия құрамасы (83,95 млн) түйіндеп тұр. Қап тауы елінің ең қымбат футболшысы – Хвича Кварацхелия («Наполи» Италия) – 35 млн.

Кейінгі орындарды Армения (27,65 млн), Өзбекстан (24,65 млн), Әзербайжан (17,15 млн), Молдова (14,75 млн), Беларусь (12,60 млн), Эстония (10,6 млн), Латвия (9,6 млн), Литва (6,78 млн), Қырғызстан (5,98 млн), Тә­жікстан (5,28 млн) және Түрік­менстан (2,06 млн) құра­малары еншіледі.