Спорт • 10 Қараша, 2022

Төрт қызымыз бас жүлдеге таласады

117 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Иорданияның астанасы – Амманда өтіп жатқан бокс­тан ерлер мен әйелдер арасындағы Азия чемпионатының жартылай финал жекпе-жектері аяқталып, бас жүлде үшін жұдырықтасатын былғары қолғап шеберлерінің есімі белгілі болды. ½ финалға Қазақстан құрамасы сапынан барған 25 боксшының 21-і (ерлерден – 12, қыздардан – 9 боксшы) шыққан болатын.

Төрт қызымыз бас жүлдеге таласады

Сәрсенбі күні Шәміл Са­фиуллин жаттықтыратын Қазақ­станның қыздар құрамасы жар­тылай финалда айқасып, төрт боксшымыз финалда жұды­рықтасуға мүмкіндік алды. Өкі­нішке қарай, қалған бесеуі жартылай финалда сүрініп, Азия біріншілігінің қола жүлдесін мойнына ілді. Атап айтқанда, 50 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Қазақстанның жеті, әлемнің екі дүркін чемпионы (2014, 2016) Назым Қы­зайбай жапониялық Намики Цукимимен шеберлік байқасып, жеңіліп қалды. Еліміздегі ең даңқты боксшылардың бірі саналатын Назым төрешілердің шешімі бойынша қарсыласына 4:1 есебімен жол берді. Былтыр Дубайда алтыннан алқа таққан отандасымыз биылғы додада сол чемпиондық атағын қорғай алмады. Сөйтіп, Н.Қызайбай қазақстандық боксшылардан бірінші болып ел қоржынына қола жүлде салды.

Сондай-ақ 52 килодағы жер­лесіміз Жазира Орақбаева, 66 килодағы Мәдина Нұршаева, Дариға Шәкімова (70 кило) және аса ауыр салмақтағы Ләззат Күнгейбаева (+81 кило) жартылай финалда қарсыластарына есе жіберіп, қола медальды қана­ғат тұтуға мәжбүр болды. Ең өкініштісі, Азия чемпио­натын жартылай финалдан бастаған М.Нұршаева мен Л.Күнгейбаева алғашқы жекпе-жектерінде сүрінді. Сөйтіп, жеребе бойынша небәрі екі-ақ кездесу өткізіп, алтын алуға болатын зор мүмкін­діктерін уыстан шығарып алды.

Жартылай финалда Жазира жапониялық Ринка Киноситеден жеңілсе, Азия чемпионы Мәдина Нұршаева кореялық Чой Хон Гюннен айласын асыра алмады – 3:2. Ал Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Дариға Шәкімова тайваньдық Чень Ньен Чиньнен 4:1 есебімен ұтылып қалды. Қазақ­станның тоғыз дүркін чем­пионы, әлемнің (2016) және Азия­ның (2021) жеңімпазы Ләз­зат Күнгейбаева үндістандық Аль­фия Тараннуммен қолғап түйістіріп, Альфия төрешілердің бірауыз шешімімен (5:0) отандасымызды тізе бүктірді. Осы­лайша, Назымнан кейін шаршы алаңға шыққан төрт боксшымыз да Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Ал жартылай финалда қар­сыластарынан бір бас жоғары өнер көрсетіп, төрешілердің бір­ауыз шешімімен жеңіске жеткен Алуа Балқыбекова (48 кило), Жайна Шекербекова (54 кило), Карина Ибрагимова (57 кило) мен ауыр салмақтағы Гүлсая Ержан (81 кило) финалда жұдырықтасуға мүмкіндік алды.

Биыл Түркияда ұйым­дас­тырылған бокстан әйелдер ара­сындағы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, былтырғы Азия чемпионатының алтын медаль иегері Алуа Балқыбекова бұл жолғы додада да тәуір өнерімен көзге түсті. Жартылай финалда Өзбекстанның мақтаулы бокс­шысы Фарзона Фозилованың жолын кескен отандасымыз Сары құрлық бәсекесінің финалына шықты. Тартысты өт­кен жекпе-жекте төрешілер бірауыздан жеңісті (5:0) қазақ боксшысына берді.

54 кило салмақта өнер көр­сеткен әлем чемпионатының жүл­­дегері, Азия чемпионы Жай­на Шекербекова жартылай финалда тайваньдық Хуан Сяо Веньмен қолғап түйіс­тірді. Хуан Сяо отандасымыздан әлдеқайда бойшаң болса да, сол басымдығын өз пайдасына жарата алмады. Бұл ай­қаста да қазақстандық боксшы қарсыласын 5:0 есебімен жеңіп, финалға жолдама алды.

Сонымен қатар 57 кило сал­мақтағы әлем біріншілігінің екі дүркін қола жүлдегері Ка­ри­на Ибрагимова да жартылай финалда филиппиндік Нести Петесионы айқын басымдықпен тізе бүктіріп (5:0), Сары құрлық додасының бас жүлдесін сарапқа салатын болса, ауыр салмақтағы Гүлсая Ержан да Вьетнам өкілі Тхи Хуонг Нгуенді жеңіп, ертең ал­тын үшін айқас өткізетін болды.

Кеше Қазақстан ерлер құра­масының 12 өкілі шаршы алаңға көтеріліп, олар да фи­нал жолдамаларын сарапқа салды. Атап айтқанда, күндізгі сессияда Санжар Тәшкенбай (48 кило) үндістандық Говинд Кумармен, Махмұд Сабырхан (54 кило) өзбекстандық Шахзод Муза­фаровпен, Саматәлі Төлтаев (60 кило) жергілікті боксшы Мохаммад Абу Джаджехпен, Дулат Бекбауов (67 кило) өзбек­стандық Асадхуджа Муйдин­худжаевпен, Нұрқанат Райыс (75 кило) ирандық Сейедшахин Мусавинмен, Сағындық То­ғамбай (86 кило) иорданиялық Одаи Рияд Адеальхиндавимен және Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кило) тәжікстандық Мухаммад Аброридиновпен жұдырықтасса, кешкі сессияда Сәкен Бибосынов (51 кило) жапониялық Томоя Цубоимен, Серік Теміржанов (57 кило) үндістандық Хус­сам Уддин Мохаммедпен, Ас­­ланбек Шымбергенов (71 кило) моңғолиялық Бьямберден От­гонбаатармен, Нұрбек Орал­бай (80 кило) иорданиялық Хус­сейн Эйшаиш Иашайшпен және Айбек Оралбай (92 кило) ирандық Туфан Шарифимен кездесті.