Қоғам • 11 Қараша, 2022

Ең төменгі жалақыны айқындаудың жаңа әдістемесі

184 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) айқындаудың жаңа әдістемесін әзірлейтін арнайы жұмыс тобы құрылды. Бұл әдістеме ЕТЖ мөлшерін кезең-кезеңімен ұлғайтуға мүмкіндік бермек.

Ең төменгі жалақыны айқындаудың жаңа әдістемесі

Бүгінгі таңда ЕТЖ мөл­шері тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы Заңмен белгіленеді.

2022 жылы ЕТЖ 60 мың теңгені құрайды, ал 2023 жыл­ғы 1 қаңтардан бас­тап 70 мың тең­геге дейін ұлғайтылады. Осы­лайша, екі жыл ішінде ЕТЖ мөлшері 65%-ға көтері­леді (2022 жылы – 41% және 2023 жылы – 17%). Бұл шара жалақысы ең төменгі деңгей­де 1,6 млн жалдамалы қызмет­кердің ақшалай табысының өсуіне әкеледі.

ЕТЖ анықтау әдістемесін әзірлеу оның мөлшерін кезең-кезеңімен ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Жұмыс тобының құрамына орталық мемлекеттік орган­дардың, әлеуметтік әріптес­тердің өкілдері, сондай-ақ ең­бек­ақы төлеу саласындағы сарап­­шылар кіреді. Әдістемені әзір­леу кезінде олар әлемдік тәжіри­беде қолданылатын ЕТЖ мөл­шерін анықтаудың әлеумет­тік-экономикалық көрсеткіш­тері мен тәсілдеріне сүйенеді.

Халықаралық тәжірибені ескере отырып, Қазақстан үшін тиімді болатын бірнеше нұсқаны қарастыруға болады. Біріншісі – өмір сүру құ­нын талдау, тұтыну себетінің құ­ны, ең төменгі күнкөріс дең­гейі, инфляция деңгейі, экономиканың өсу деңгейі, орташа және орташа жалақы деңгейі сияқты көптеген факторларды қолданатын кешенді тәсіл. Бұл тәсіл Еуропалық одақтың көптеген елдерінде қолданылады.

Екіншісі – орташа табыс­қа негізделген ЕТЖ анықтау. Халықаралық еңбек ұйымы ЕТЖ орташа жалақының кем дегенде 50%-ын құрауы керек деп санайды. Осыған ұқсас тәсіл Франция, Бразилия, Коста-Рика, Нидерланды және Малайзия сияқты елдерде қолданылады.

Мұндай тәсілді қолдану кезінде дәстүр бойынша ЕТЖ деңгейі жыл сайын белгіленеді, төмендетілмейді және күнкөріс деңгейінен төмен бола алмайды.

Қазіргі уақытта жұмыс тобының мүшелері барлық мүмкін нұсқаларды зерттеп, пысықтап жатыр. ЕТЖ анықтау әдіс­темесін әзірлеуді 2023 жы­лы аяқтау жоспарланған.