Бокс • 13 Қараша, 2022

Амманда топ бастай алмадық

179 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Иорданияның бас шаһары – Амманда өткен бокстан ерлер және әйелдер арасындағы Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Екі аптаға жалғасқан Сары құрлық додасында Қазақстанның ерлер құрамасы жүлде саны жағынан тәуір нәтиже көрсеткенімен, сапа жағынан Азиядағы басты бәсекелесімізге жол беріп қойды. Қыздар құрамасы да жігіттердің жағдайын қайталап, жалпыкомандалық есепте Үндістаннан кейінгі екінші орынға жайғасты.
Азия чемпионатына аттанар алдында бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында: «Былтыр Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен біріншілікте жігіттеріміз алтынсыз оралып, қоғамның сынына ұшыраған болатын. Дубайдағы сол сәтсіздіктің есесін биыл қайтарып, Амманда жалпыкомандалық есепте көш бастаймыз», деп мәлімдеген болатын.

Амманда топ бастай алмадық

Суреттерді түсірген Аян ТӨЛЕГЕН

Өздеріңіз көргендей, жігіттеріміз финалда тоғыз салмақта бақ сынағанымен, небәрі үш боксшымызға ғана тұғырдың биік сатысынан көріну бақыты бұйырды. Ал финалға небәрі жеті былғары қолғап шебері шығып, соның бесеуі алтын тұғырдан көрінген Өзбекстан құрамасы сапалы жүлде жағынан жалпы есепте топ жарды.

Биылғы Сары құрлық додасынан бас­тап боксшылар әдеттегідей 10 емес, 13 салмақта жұдырықтасты. Барлық салмақта боксшы апарған Қазақстан құрамасы «ә» дегеннен чемпионатты сәтті бастағанымен, финалда бар өнерін ортаға сала алмады. Амманға аттанған 13 өкіліміздің тек біреуі ғана (Санатәлі Төлтаев, 63,5 кило) іріктеуден өте алмай, қалың топтың арасында қалып қойса, жартылай финалға шыққан 12 боксшымыздың үшеуі қола жүлдені қанағат тұтты. 60 кило салмақтағы Санатәлінің сыңары Саматәлі Төлтаев финалға жолдама берер бәсекеде жергілікті боксшы Абу Джадже Мухаммедке есе жіберсе, 2018 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы, ел біріншілігінің жеңімпазы Нұрбек Оралбай да (80 кило) иорданиялық боксшы Хусейн Эйшайшиашайштың осал тұсын таба алмады. Бір қызығы, шаршы алаң иесінің екі өкілі де өз елінде өткен құрлық додасында алтыннан алқа тақты. Сондай-ақ 86 килода бақ сынаған Сағындық Тоғамбай тағы бір иорданиялық Рияд Адельхиндави Одаидан ұтылды. Осылайша, үш спортшымыз қола медальды мойындарына ілді.

Жанкүйерлер тағатсыздана күткен финал жекпе-жегінде еліміздің тоғыз боксшысы жұдырықтасты. 13 салмақтың бесеуінде Азия жұрты қазақ-өзбек текетіресін тамашалады. Шаршы алаңға бірінші болып қазақстандықтардан  48 кило салмақтағы ел чемпионы Санжар Тәшкенбай көтеріліп, жапониялық Казума Аратакені бет қаратпай жеңді. Жеңіл салмақтағы жерлесімізге Азия чемпионатының жеребесі ауыр түссе де, ол барлық қарсыласынан бір бас жоғары тұрып, төрешілердің бұра тартуына еш мүмкіндік берген жоқ. Бірінші айналымда өзбекстандық Асылбек Жалиловты 5:0 есебімен тізе бүктірсе, екінші айналымда қырғызстандық боксшыны дәл сондай нәтижемен жеңді. Жартылай финалда үндістандық Кумар Сахани Говиндті жарыс жолынан ығыстырды.

Былтыр бұл салмақта тағы бір жас талантты боксшымыз Даниал Сәбит қатысып, күміспен күптелген еді. Екі боксшының жас екенін ескерсек, бапкерлер алдағы бес-алты жылда бұл салмаққа аса қатты бас қатыра қоймас. Ең өкініштісі, 48 кило салмақ Олимпиада бағдарламасында жоқ. Әйтпесе, Тәшкенбайдың мына қарқынымен Парижде де топ жаруға мүмкіндігі болатын еді. 

Өкінішке қарай, одан кейін рингке шыққан үш қандасымыз да Санжардың жеңісті жолын жалғай алмады. Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, былтырғы әлем чемпионы Сәкен Бибосынов финалда сыралғы қарсыласы өзбекстандық Хасанбой Дусматовтан төрешілер шешімімен жеңіліп қалды. Сербиядағы әлемдік доданың алғашқы айналымында осы екі боксшы кездесіп, сол кезде жерлесіміздің мерейі үстем болған еді. Бұл жолы Дусматов басым болды. Әзірше екі боксшы арасындағы есеп – 1:1.

57 килода өнер көрсеткен Серік Темір­жанов та финалда өзбекстандық бокс­шыға есе жіберді. Жастар арасындағы Олимпиада және әлем чемпионы, ересектер арасындағы жаһандық доданың және Азия­ның күміс жүлдегері Абдумалик Хало­ков­пен жұдырықтасқан Серік қарсы­л­асынан таза жеңілді. Өзбек боксшысы жыл­дамдық жағынан да, көп соққы дарытудан да жерлесімізден бір бас жоғары болды.

Сербиядағы әлем чемпионатының финалында сүрінген Махмұд Сабырхан (54 кило) биылғы Азия біріншілігінде де сол межеден көрінді. Алтын үшін өткен айқаста Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері филиппиндік Карло Пааламнан ұтылды. Ал 67 килода құрлық біріншілігіне алғаш рет қатысқан Дулат Бекбауов Тайланд боксшысы Бунджонгу Синсириге төрешілердің аралас шешімімен (3:2) жол берді.

Ұлттық құраманың капитаны 71 килодағы Асланбек Шымбергеновтің өнері көпшіліктің көңілінен шықты. Құрамадағы ең тәжірибелі боксшының бірі саналатын жамбылдық өрен финалға дейін еркін жетті. Екі қарсыласын есінен тандырған ол шешуші бәсекеде жергілікті боксшы Зиед Ишашнды төрешілердің аралас шешімімен жеңді – 3:2.

Өкінішке қарай, 75 килодағы Нұрқанат Райыс финалда тағы бір өзбекстандық Саиджамшид Джафаровқа есе жіберді. Өзбек боксшысы былтырғы Азия біріншілігінің финалында отандасымыз Әбілхан Аманқұлды жеңіп, Сары құрлық чемпионы атанса, биыл да жерлесімізді тізе бүктіріп, алтыннан алқа тақты.

92 кило салмақтағы Айбек Оралбайдың финалдағы жекпе-жегі көпшіліктің көлінен шықпаса да, финалда Өзбекстан құрамасындағы тағы бір этностық қазақ – Мадияр Сайдрахимовтан басым түсіп, ел құрамасына үшінші алтынды салды. Алғашқы екі раундта белсенді қимылдаған жерлесіміз үшінші раундта тек қорғанумен болды. Абырой болғанда, Мадияр Айбекті жойқын соққысымен нокаутқа түсіре алмады. Бұл екі боксшы алғаш рет Сербиядағы әлем чемпионатының екінші айналымында кездесіп, М.Сайдрахимов 4:1 есебімен жеңіске жеткен еді. Енді, міне, араға бір жыл салып Айбек былтыр кеткен есесін қайтарып, өзбекстандық боксшыны алтынсыз қалдырды.

Аса ауыр салмақта жұдырықтасқан Қамшыбек Қоңқабаевқа қазақстандық бокс жанкүйерлері де, осы саланың мамандары да жеребе қорытындысы бойынша Азия біріншілігінің алтын жүлдесін алдын ала беріп қойған еді. Себебі, Қоңқабаевтың бас­ты қарсыласы – өзбекстандық Баходир Жалолов биыл додаға қатысқан жоқ. Деген­мен мамандардың болжамы әрдайым шындыққа сәйкес келе бермейді екен. Кейінгі 2-3 жылдың көлемінде біресе кә­сіпқой, біресе әуесқой бокста өнер көр­сетіп жүрген Қамшыбек күтпеген жерде өз­бекстандық жас боксшы Лазизбек Мулла­жо­новтан жеңіліп қалды. Азия чемпи­онатына тыңғылықты дайындалып кел­ген өзбек боксшысы тактикалық та, техни­калық та тұрғыдан басым болып, Сары құр­лықтың бас жүлдесін еш күмәнсіз жеңіп алды.

Ерлер арасындағы жалпыкомандалық есепте 5 алтын, 2 күміс, 3 қола жеңіп алған Өзбекстан құрамасы топ жарса, Қазақстан 2-орынға ие болды. Үздік үштікті жарыс қожайыны Иордания (2 алтын, 2 күміс, 1 қола) түйіндеді. Одан кейінгі орындарға Таиланд (2 алтын), Филиппин (1 алтын), Үндістан мен Моңғолия (1 күміс, 4 қола), Жапония (1 күміс, 1 қола), Қырғызстан (4 қола), Иран мен Тәжікстан (2 қоладан) және Пәкістан пен Тайвань (1 қола) құрамалары жайғасты.

Ал әйелдер бәсекесіне тоқталар болсақ, Шәміл Сафиуллин жаттықтыратын Қазақстан ұлттық құрамасы 3 алтын, 1 күміс, 5 қола медаль жеңіп алды. Атап айтар болсақ, Иорданияда Алуа Балқыбекова (48 кило), Жайна Шекербекова (54 кило) және Карина Ибрагимова (57 кило) Әнұранымызды шырқатса, Гүлсая Ержан (81 кило) күміс медаль иегері атанды. Сондай-ақ Назым Қызайбай (50 кило), Жазира Орақбаева (52 кило), Мәдина Нұршаева (66 кило), Дариға Шәкімова (70 кило) және Ләззат Күнгейбаева (+81кг) өз салмақтарында үштікті түйіндеді.

Әйелдер арасында Үндістан құрамасы (4 алтын, 1 күміс, 1 қола) көш бастаса, 2-орын Қазақстанның (3 алтын, 1 күміс, 5 қола) еншісінде қалды. Одан кейінгі орындарға Жапония (1 алтын, 3 күміс), Оңтүстік Корея (1 алтын, 1 күміс, 4 қола), Өзбекстан (1 алтын, 1 күміс, 1 қола), Тайвань (1 алтын, 3 қола), Вьетнам (1 алтын, 1 қола) жайғасты.

Суреттерді түсірген Аян ТӨЛЕГЕН

P.S. Аммандағы Азия чемпионатында Қазақстан ерлер құрамасының өнері жанкүйерлердің көңілінен шықты деп айта алмаймыз. Қытай құрамасы қатыспаған, Өзбекстан, Моңғолия, Жапония сияқты елдердің негізгі боксшылары келмеген жарыста жеңіп алған үш алтынның құны шамалы екені белгілі. Сондай-ақ финалдағы бес қазақ-өзбек тартысының біреуінде ғана жерлестеріміздің жеңіске жетуі (оның өзінде айқын басымдық танытқан жоқ) қазақ боксының деңгейі аса жоғары емес екенінен хабар беріп тұрғандай. Бокстан келесі жылғы әлем чемпионаты Өзбекстанның бас шаһары – Ташкентте өтеді. Масқараның көкесі сол кезде болмасын деп тілейік. Қазақстан бокс федерациясының басшылығы мен жаттықтырушылар құрамы бұл додадан тиісті нәтиже шығарып, алдағы әлем және Азия ойындарына жақсы дайындықпен барады деген үміттеміз.

Аммандағы Азия чемпионатында ерлер арасында мына боксшылар жеңіс тұғырынан көрінді: 48 кило – Санжар Тәшкенбай (Қазақстан), 51 кило – Хасонбой Дусматов (Өзбекстан), 54 кило – Карло Паалам (Филиппин), 57 кило – Абдумалик Халоков (Өзбекстан), 60 кило – Абу Джадже Мухаммед (Иордания), 63,5 кило – Руслан Абдуллаев (Өзбекстан), 67 кило – Бунжонг Синсири (Тайланд), 71 кило – Асланбек Шымбергенов (Қазақстан), 75 кило – Саиджамшид Жафаров (Өзбекстан), 80 кило – Хусейн Эйшайшиашайш (Иордания), 86 кило – Жакапонг Емхот (Тайланд), 92 кило – Айбек Оралбай (Қазақстан) және +92 кило – Лазизбек Муллажонов (Өзбекстан).

Қыздар бәсекесінің жеңімпаздары мыналар: 48 кило – Алуа Балқыбекова (Қазақстан), 50 кило – Тхи Там Нгуен (Вьетнам), 52 кило – Киносита Ринка (Жапония), 54 кило – Жайна Шекербекова (Қазақстан), 57 кило – Карина Ибрагимова (Қазақстан), 60 кило – Енджи О (Корея), 63 кило – Парвин (Үндістан), 66 кило – Новбахар Халидова (Өзбекстан), 70 кило – Чень Ньень Чинт (Тайвань), 75 кило – Ловлина Боргохайн (Үндістан), 81 кило – Савити (Үндістан) және + 81 кило – Альфия Тараннум Акрам (Үндістан).