Ахмет Байтұрсынұлы • 13 Қараша, 2022

Ақаң көшелерінің мәдени бәсекесі

156 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қостанайда Ахмет Байтұрсынұлы атын­да­ғы көшелер арасында өткен байқаудың жеңімпаздары марапатталды. Соңғы отыз жыл ішінде облыс аумағында оннан астам көшеге ұлт ұстазының есімі беріліпті. Облыстық мәдениет басқармасы ұйымдастырған салтанатты іс-шараға осы көшелердің тұрғындары, өңір зиялылары мен ауыл әкімдері қатысты.

Ақаң көшелерінің мәдени бәсекесі

«Ахмет көшелерінің керуені» деп аталатын облыстық байқау биыл сәуір-қазан айлары аралығында өтті. Ұйымдастырушылар конкурсқа қатыс­қан әр көшенің тазалығы мен әсем­дігіне, тұрғын үйлердің сырт­қы келбеті мен аула көркіне, ұлт ұста­зының қай­рат­керлік ғұмырнамасы мен бай мұра­сының ауыл тұрғындары арасында насихатталуына баса мән берген.

Байқау қорытындысы бойынша Торғай ауылындағы А.Байтұрсынұлы атындағы көше бас жүлдені жеңіп алды. Ал «Ең әсем, ең таза көше» аталымы бойынша Әулиекөл тұрғындары жеңіске жетті.

Облыстық мәдениет басқарма­сы­ның басшысы Ерлан Қалмақов байқау жеңімпаздарына арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етті.

– Ұлт ұстазының есімімен байланысты мектеп, университет, мекеме, көшелердің қай-қайсысының да атына заты сай болғаны маңызды. Біз байқауды көпке үлгі болсын, биыл ЮНЕСКО көлемінде әлемдік деңгейде аталып өтіп жатқан ұлт ұстазының тойын шалғай ауылдардың тұрғында­ры да сезінсін, ой түйіп өнеге жұқтыр­сын деген оймен ұйымдастырдық. Жеңімпаз көшелерге табыс етіліп жатқан ақшалай сыйлықтар нақты бір адамның қалтасында кетпейді. Бұл қаржы белсенді тұрғындардың қалауымен сол көшенің кем-кетігін түзетуге жұмсалатын болады. Мы­салы, Қостанай қаласындағы А.Бай­тұр­сынұлы және Әл-Фараби көшеле­рі­нің қиылысында Алаш арыстары­­ның есімдері жазылған белгі тақта бар. Жазуы көмескіленіп кеткен. Көшелер байқауының арнайы сыйлығына ие болған А.Никифоров атындағы дарынды балаларға арналған бейнелеу өнері мектебінің басшысы Татьяна Кузьменкова Ақаң көшесіндегі осы олқылықтың орнын толтырамыз деп отыр, – деді басқарма басшысы.

Науырзым ауданының орталығы – Қарамеңді ауылындағы Ақаң атындағы көше «Ынтымағы жарасқан көше» аталымы бойынша үздік шықты. Бұл көшеде екі мектеп, мешіт, жиырма шақты тұрғын үй орналасқан.

– Көшеміз орталықта, өте таза, кең әрі жарық. Облыстық байқауға тұр­ғындар аса жауапкершілікпен белсене қатысты. Сәуір айынан бастап абаттандыру жұмыстарын жүргіздік. Жаңағы екі мектептің ұстаздар ұжы­мы мен оқушылары, ауылдағы күллі мекемелердің қызметкерлері, өзіміз тұрғындар болып ерте көктемнен бас­тап қар түскенше он шақты рет сенбілік жасадық. Осы көшеде орналасқан ең әдемі үй, ең таза аула байқауларын өткіздік. Ескі қоршауларды ауыс­тырып, көше жағалай тал отырғы­зып, гүл ектік. Осы шаралардың бәрі 19 тамыз күні қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталды. Осыған орай көшемізде үлкен мереке ұйымдастырылып, екі киізүй тігілді, сахна безендірілді. Оған мектеп оқушылары, ауылдың қарапайым тұрғындары, аудан әкімшілігі мен жергілікті шаруашылықтардың басшылары, еңбек ардагерлері қатысты. Ахмет көшесі мерекесінің аясында ұлт ұстазының өлеңдері оқылып, ән байқауы, мүшәйра өтті. Аудандық кітапхана арнайы кітап көрмесін ұйымдастырып, жастар «Ұлт ұста­зының ұлағаты» атты танымдық кө­ріністі сахналады. Спорттық ойындар, жәрмеңке ұйымдастырылды. Өзіміздің ауылдан шыққан өнерпаздар тамаша концерт қойды. Жергілікті шаруа қожалықтарының демеуімен Ахмет Байтұрсынұлы көшесінің тұрғындарына үлгілі отбасы, көп­балалы отбасы, байырғы тұрғын, интернационал отбасы, сол күні шаңырақ көтерген жас отбасы деген сыйлықтар берілді, – дейді Қарамеңді ауылындағы А.Байтұрсынұлы атындағы көшенің тұрғыны Гүлнар Ахметова.

Салтанатты іс-шараның соңында ха­лық ақыны Әсия Беркенова мен Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының басшысы Жанұзақ Аяз­беков бастаған бір топ қаламгер ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы құрметіне шығарылған есте­лік медальмен марапатталды.

 

Қостанай облысы