Қазақстан • 14 Қараша, 2022

Экология министрі браконьерлермен күресуге 8 миллиард теңге сұрады

209 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі тыйым салынған құралдармен балық аулағаны үшін айыппұлды 20-дан 50 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін көтеруді ұсынып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz

Экология министрі браконьерлермен күресуге 8 миллиард теңге сұрады

Министрдің айтуынша, биыл құқық бұзушыларды қылмыстық жауапкершілікке тарту жағдайлары көбейген. 2020 жылы - 54, 2021 жылы - 67, 2022 жылдың 9 айында - 53 адам жазаланды.

«Браконьерлікті азайту үшін әзірленіп жатқан Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекс жобасы аясында жауапкершілікті күшейтуді ұсынамыз. Атап айтқанда, бұл - тыйым салынған құралдармен балық аулағаны үшін айыппұлды 20-дан 50 АЕК-ке дейін арттыру және бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу», деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.

Ол алдағы үш жылда инспекцияларды толық жабдықтау үшін қосымша 8 миллиард теңге қажет екенін айтты. Оның айтуынша, бұл браконьерлік құқық бұзушылық туралы алғашқы деректерді жылдам әрі сапалы толтыруға және оған қарсы күрестің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ министр балықтың уылдырық шашу кезеңінде қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге ерекше назар аударылатынын айтты. Мәселен, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында мүдделі мемлекеттік органдардың бірлескен бұйрығы аясында жыл сайын «Бекіре» балық қорғау акциясы өткізіледі. Ал басқа өңірлерде көктемгі кезеңде «Уылдырық шашу» акциясы ұйымдастырылады.