Таным • 14 Қараша, 2022

Ауладан табылған балбалтас

274 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шилібастау – Алматы облы­сы­ның Жамбыл ауданындғы ша­ғын ғана ауыл. Енді осы ауылға қазақ ғалымдарының назары ауып отыр. Өйткені жа­қында ауыл тұрғындары су құбырын тартып жатқан кезде балбалтас тауып алған еді.

Ауладан табылған балбалтас

Оразбековтер отбасының ауласынан ежелгі түркі дәуіріне жататын тарихи жә­дігер табылды деген хабарды естігенде елең ете қалғанымыз рас. Мұндай балбал­тастың шынымен де ерте заманғы ес­керт­кіштерге ұқсай­тынын зерттеу жұ­мыс­­та­рынан білеміз.

– Түркі кезеңінде мұндай балбалтас­тар қайтыс болған адамдардың қа­біріне айрықша белгі ретінде орнатылатын бол­ған. Яғни ескерткіштің ежелгі түркі дәуірінен бері сақталып келгені анық. Өкінішке қарай, бүгінде олардың көбі қирап, жоғалып кетті, – дейді Жамбыл ауданы аумағында орналасқан «Таңбалы» тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі бөлімінің басшысы Қуаныш Нұрмақсұтов.

Ауладан табылған балбалтастың биіктігі шамамен 1 метр, ені 70-80 сантиметр екен. Жалпы, жергілікті тұрғындар ауылдың байырғы қарияларынан мұндай тарихи құндылық туралы көп естігенін айтады. Ал ауласынан балбалтас шыққан Еламан атаның ұрпақтары осы жерге тағы екі балбалтас көмілген болуы мүмкін деп жорамалдайды. Естулерінше, заманында ауылда екі тас ескерткіш болған-мыс. Олар­дың бірінде әйел бейнесі қашалған сияқты.

– Бұл тасты атамыз Еламан сақтап келген екен. Осы туралы көп аңыз айтылады. Кеңес өкіметі тұсында жәді­гердің құнды дүние екенін білмеген сияқты. Кейін келе балбалдар топыраққа көміліп қалғанға ұқсайды, – дейді Шилібастау ауылының тұрғыны Роза Шылғаубаева.

Қалай болғанда да табылған тастың құндылығы жайында соңғы сөзді археологтер айтуға тиіс.

 

Алматы облысы