Қоғам • 15 Қараша, 2022

Өзі қызмет көрсететін терминал

242 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Отандық лоукостер Астана әуежайында iJan атты инно­вациялық толық қызмет ұсы­натын терминалдарды іске қосты.

Өзі қызмет көрсететін терминал

iJan терминалдары арқылы FlyArystan тұтынушылары жылдам әрі жайлы қызметтер түрін ала алады. Атап айтқанда, сервис рейске тіркеу, жүкті өткізу және өлшеу қызметтерін жүзеге асырады. Жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасау мақсатында «Нұр­сұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында» 8 терминал орнатылды. Қазіргі кезеңде iJan терминалдары өз бетімен тіркеуді тек ішкі рейстерге ұсынады. Ал кейіннен халықаралық рейстер қосылмақ.

FlyArystan-ның басқарушы директоры Эдриан Хамильтон-Маннстың айтуынша, осы тақы­леттес терминалдар Алматы әуе­жа­йында 21 қазаннан бастап іске қосылды. 10 күннің ішінде iJan сервисінің қызметін 2,5 мыңнан астам адам пайдаланған. Сондай-ақ ол алдағы уақытта аталған тер­ми­налдар еліміздің барлық әуе­жайында орнатылатынын жеткізді.

«Бүкіл әлемдегідей Қазақ­стан­­да әуе көлігі жолаушылар легі­нің қарқынды өсуі байқалады. Осы­ған орай әуежайдағы қызмет көрсету уақтылы және жылдам өтуі аса маңызды. Қазіргі уақытта FlyArystan әуекомпаниясы елі­міз­дің 13 әуежайынан 26 ішкі әуе бағыты бойынша апта­сы­на 207 рейс орындайды. Сон­дық­­тан лоукостер ішкі нарық­тағы та­сы­­малдау көлемі мен бағ­­дар­­лар желісі бо­йынша көш­басшы болып саналады. Ал iJan терми­нал­дарының іске қо­сылуы жолау­шыларға кезексіз, өзін­­дік және тез тіркелуге мүм­кін­дік береді», деп атап өтті Аза­мат­тық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев Астана әуежа­йын­да терминалдарды іске қосу рәсімінде.

«Нұрсұлтан Назарбаев ха­лық­аралық әуежайы» АҚ басқар­ма төр­ағасы Дәулет Хамзиннің айтуын­ша, iJan сервисінің көме­гіне барлық жолаушы жү­гіне алады. Тіркеуден бөлек, мұн­да жүкті өлшеу, арнайы таң­ба­ланған қағаздар алу сияқты жұ­мыстар іске асырылады. Мұ­ның барлығы кезексіз орындалады. Бұл жаңашылдық жолау­шылардың әуежайға дер кезінде келуіне, тіркеуді өздігінен өтуі­не мүмкіндік бермек. iJan – қа­зақ­стандық авиация саласын цифр­ландырудағы елеулі жаңалық деп айтуға толық негіз бар. «Елорда әуежайында алғаш болып осындай инновациялық тәжірибенің енгізілгені біз үшін айтарлықтай оқиға», деді ол.

Лоукостер өз жолаушыларына танысу мен бейімделуге уақыт керек екенін ескере отырып, оларға 2023 жылдың қаңтар айына дейін терминалды қолдануға ақысыз бонус кезеңін ұсынады. Ал одан кейін тіркеу әуежай мен iJan терминалы арқылы ақылы болады.

Осы орайда айта кетерлігі, жолау­шылар FlyArystan мо­биль­дік қосымшасында немесе FlyАrystan.com сайтында тіркеуді те­гін алдын ала өте алады.