Қазақстан • 15 Қараша, 2022

Қызметтерді цифрландыру деңгейі – 95%

251 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифр­ландыру деңгейі 95%-ға жетті. Қолжетімді 45 қызметтің 43-ін электронды форматта алуға болады. Жалпы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көрсететін қызметтерді дамыту тұрақты негізде жүргізіледі.

Қызметтерді цифрландыру деңгейі – 95%

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді трансформациялау және реинжинирингтеу, ақпараттық жүйелерді дамыту және интеграциялау, мүмкіндіктерге қол жеткізуді жеңілдету және қазақ­стан­дықтар үшін олардың санын кеңейту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Еліміздің азаматтары әлеуметтік-еңбек саласында 45 мемлекеттік көрсе­тілетін қызметті ала алады, оның 43-і, яғни 95%-ы электронды форматта қол­­жетімді, ал жартысын проактивті түр­де алуға болады. Жалпы, цифрлық құ­рал­­дардың арқасында жыл басынан бері азаматтар 15,6 млн мемлекеттік көр­­се­­тілетін қызметті немесе бүгінге дейін көр­сетілген қызметтердің жалпы саны­ның 87%-ын алды. Бұл жұмысты жалғас­­тырамыз. Жыл басынан бері «Элек­­трондық үкімет» порталында тағы 5 мем­­лекеттік көрсетілетін қызмет іске асырылды», деді вице-министр Ербол Оспанов.

Биыл цифрландырылған қызметтерге еңбек ету қабілетінен айырылған жағ­дайда, асыраушысынан айырылған жағ­дайда, жүктілік пен босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеу­меттік төлем тағайындау, қандас мәр­тебесін беру немесе ұзарту енгізілді.

Сондай-ақ 2022 жылы «Жерлеуге біржолғы төлем тағайындау» мемлекеттік көрсетілетін қызметі проактивті форматқа ауыстырылды.

«Министрлік екінші деңгейдегі банк­тердің мобильді қосымшалары арқылы қызметтерді алу мүмкіндігін іске асыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Был­тыр бала тууға байланыс­ты 2 қызмет іске асырылды, ал осы жыл­дың тамыз және қыркүйек айларында тағы 4 қыз­мет қосылды. Олар жұ­мыссыз ретінде тіркелгені туралы анықтама, БЖЗҚ салым­шысының қара­жа­тының түсуі мен қоз­ғалысы туралы ақ­парат беру, асырау­шысынан айырыл­ған жағдайда әлеуметтік төлем тағайын­дау және өтініш беру­шінің АӘК алушы­ларына тиесілігін растай­тын ақпарат беру. Іске асырылған мүмкін­діктер қо­рытындысында 173 мыңнан астам адам мемлекеттік қызметтерді банктік қо­сымшалар арқылы алды», деді Е.Оспанов.

Қазір бірнеше қанатқақты жоба іске асырылып жатыр. Атап айтар болсақ, марапатталған көпбалалы аналарға мем­лекеттік жәрдемақы тағайындау процесін автоматтандыру, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕАҚ арқылы беретін әлеуметтік көмекті төлеу.

2020 жылы мүгедектігі бар адамдарға техникалық құралдар мен оңалту қызмет­терін өндіруші мен жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік беретін Әлеу­­меттік қызметтер порталы іске қосыл­­ғанын айта кету керек. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызмет­ті алу­шының электронды цифрлық қолтаң­басымен растау арқылы жүзеге асырылады.

«Порталдың көмегімен 2021 жылы мүгедектігі бар адамдар 371 мыңнан астам қызмет алды. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Мысалы, оңалту бағдарламаларын орындау 2019 жылғы 69%-дан 2021 жылы 88%-ға дейін өсті. Биыл бағдарламаларды орындау деңгейі шамамен 90%-ға жетеді деп күтіледі. Бұдан басқа, оңалту және әлеуметтік қызметтер көрсету құралдарын ресімдеу қызметтері кезең-кезеңімен проактивті форматта іске асырылады, яғни оңал­тудың жеке бағдарламаларында көз­делген барлық шаралар автоматты түрде әлеуметтік қызметтер порталына жібе­ріледі», деді вице-министр.

Биылғы қыркүйек айында әлеуметтік, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру салаларында мемлекеттік қолдау шараларын проактивті тағайындауды іске асыру үшін жаңа ақпараттық жүйе – «Отбасының цифрлық картасы» жұмыс істей бастады. Оның негізгі мақсаты – өтініш берушіден мемлекеттік көрсетілетін қызмет көрсе­тудің анықтау форматына көшу және халық­тың қажеттіліктерін уақтылы қанағат­тандыру. Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік органдардың 24 ақпарат­тық жүйесімен интеграцияланған және олар­дың мәліметтері негізінде отбасы құ­рамын автоматты түрде айқындайды және өмір сүру деңгейін бағалауды қа­лыптастырады. Бүгінгі таңда Отбасының цифрлық картасы арқылы жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 10 түрі бойынша қызмет алу мүмкіндігі бар, 38,7 мың азаматқа қызмет көрсетуге келісім алу үшін SMS-хабарламалар жолданды, оларға 8,7 мың адам жауап берді.

Жұмыспен қамту саласында көрсе­тілетін шаралар мен қызметтерге келетін болсақ, 2020 жылы пандемия жағдайында оларды Электрондық еңбек биржасы арқылы онлайн форматта көрсетуге көшу жүзеге асырылғанын атап өткен жөн. Бұл цифрлық жұмыспен қамту орталықтарына көшу бойынша үлкен жұмыстың бір бөлігі. 2022 жылдың басынан бастап жұмыс іздеп жүрген 354 мың адам немесе олардың жалпы санының 60%-ы онлайн форматта тіркелген. Цифр­лық жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыспен қамтылғандардың үлесі 106 мың немесе 30%-ды құрады.

«Қазіргі уақытта ЭЕБ-ға 4 мемлекеттік көрсетілетін қызмет және халықты жұмыспен қамтуды қолдаудың 9 шарасы ауыстырылды. Онлайн қызметтерді іске қосу халықтың жұмыспен қамту орта­лықтарының қызметкерлерімен физи­ка­лық байланысын барынша азайтуға және азаматтар үшін қызметтердің қол­жетімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Осы жылы ЭЕБ арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің барлық белсенді шараларын көрсетудің онлайн форматына көшу жалғасады», деді Е.Оспанов.

Жалпы, ЭЕБ базасында азаматтарды кәсіп таңдаудан бастап еңбек қаты­настарын ресімдеуге дейінгі кәсіби жолында сүйемелдейтін бірыңғай цифрлық экожүйені қалыптастыру жоспарланған.

«Еңбек.kz басты порталы, жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық платфор­масынан басқа, жұмыспен қамту сала­сындағы болашақ «қызметтер супер­маркетін» құрайтын тағы 4 негізгі эле­ментті іске асырды. Олар «Skills.Enbek» онлайн-оқыту алаңы, жұмыскер мен жұмыс берушінің өзара іс-қимылы кезін­де қағазбастылықты барынша азайтуға мүмкіндік беретін еңбек ресурстары пор­талы «HR.Enbek», «Business.Enbek» – биз­нес-идеяларын іске асыруға мемле­кеттік гранттар алудың барлық проце­сін автоматтандыру жөніндегі платформа, сондай-ақ Армения, Беларусь, Қыр­ғызстан және Ресейдің ұлттық ақпа­рат­тық жүйелеріне қол жеткізе алатын «Шека­ра­сыз жұмыс» бірыңғай іздеу жүйесі», деді Е.Оспанов.