Қоғам • 18 Қараша, 2022

Садақ ату мектебі қолдауға зәру

288 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанайда былтыр қараша айында ашылған ұлттық садақ ату мектебінің шәкірттері әуелде «Наурыз» шағын ауданындағы тұрғын үйлердің бірінің жертө­лесінде жаттығып жүрген. Бала­лар­ға жебе тартудың ережесі мен мер­гендіктің қыр-сырын үйре­тіп жүрген Аяулым Аппазова – са­дақ тартудан ел чемпионы, талай халықаралық жарыстарға қаты­сып, жоғары нәтижеге қол жет­кізіп жүрген тәжірибелі спортшы.

Садақ ату мектебі қолдауға зәру

Өкінішке қарай, әу баста келешегі зор көрінген мектеп жыл өтпей көлде­нең кедергілерге ұшырап, қиын жағдайға душар болып отыр.

– Осы жылы ақпан айынан бастап біз жаттығып жүрген жертөлені бірнеше рет су басып, садақ-жебелеріміз, нысана ілетін тақталарымыз су болып қалды. Содан кейін ол ғи­ма­­рат­тан көшуге тура келді. Қос­та­найда коммерциялық ғима­рат­тарды жалдау ақысы өте қымбат. Мысалы, қалада бос тұрған қойма ғимараттарының бір шаршы метрі­нің құны 2 500 теңгеден бас­тала­ды. Садақ тарту үшін ауданы кем дегенде 200 шаршы метр болатын ғимарат керек, яғни ғимарат жалдауға ай сайын 500 мың теңге қажет. Осылайша, тығырыққа тіре­ліп отырмыз, – дейді Аяулым.

Спорт үйірмесіне қатысып жүрген балалар қыркүйекке дейін «Наурыз» шағын ауданындағы жер­төледе жаттығып келген. Қолайсыз ғимараттан біржола көшкен соң, жаттығу өткізетін орын таппай қиналған Аяулым Аппа­зоваға қала имамы көмек қолын созып, мешіт жанынан салынып жат­қан құрылысы бітпеген қатымхана ғима­ратын уақытша пайдалануға рұқсат етіпті.

Қазір садақ ату мектебінің 20 шақты шәкірті осы жерде жаттығып жүр. Жылу жүйесі жоқ ғимараттың іші тастай суық.

Ақылы мектепке барып жүрген балалардың әрқайсысы бертінге дейін айына 10 мың теңге төлеп келген. Алайда таяуда үйірме ақысы 15 мың теңгеге дейін өсіпті. Өйткені шәкірттерден жиналған қаржы ғимарат жалдау мен қажет бұйымдарды сатып алуға әзер жетеді. Мысалы, қазір бір нысананың өзі 15 мың теңге тұрады, оның өзі екі аптадан кейін шұрық-шұрық тесіліп, жарамсыз болып қалады екен.

Садақ ату мектебіне мемлекет немесе демеушілер тарапынан еш­қан­дай қолдау көрсетілмейді. Ұйым­дас­тыру жұмыстарының бәрін жат­тық­ты­рушы өзі шешеді. Таяуда мек­­теп шә­кірттері жылы ғимаратқа көше­ді екен деген жылы хабар естідік.

– Биыл біраз қиындықты бастан кешірдік. Десе де соған қарамас­тан көп іс тындырдық. Осы уақыт аралы­ғында шәкірттерім садақ тарту өнері­нің қыр-сырын меңгеріп, ныса­наға дәл тигізуді үйреніп қана қоймай, алдына нақты мақсат қоя білетін, өзіне-өзі сенетін дербес адам ретінде қалыптасып үлгерді. Осының бәрі бізге үлкен күш берді. Қазіргі заманда алдыңды болжау қиын ғой, бірақ мен осы мектептің жабылып қалмауы жолында бар күш-жігерімді жұмсауға дайынмын, – дейді жаттықтырушы.

 

Қостанай облысы