Аймақтар • 21 Қараша, 2022

Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен

222 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тобыл қаласындағы «Алтын дән» мәдениет үйінде «Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен» атты республикалық жыр-терме, дәстүрлі ән орындаушыларының байқауы өтті. Облыс­тық мәдениет басқармасы ұйымдастырған өнер байқауына еліміздің әр өңірінен келген 17 өнерпаз қатысты.

Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен

Кілең күміс көмей әнші­лер бас қосқан дәстүрлі ән мере­кесінде Нұржанның бұрын көп ай­тылмай келген «Көкен-ай», «Бәтимаға», «Ара-ай», «Асыл-ай», «Жан сәулем», «На­зым» ат­ты шығармалары шыр­қалды. Әр өңірдегі дәстүрлі өнер мек­тептерінің өкілдері Нұржанның назым-термелерін орындаумен қатар, қалауы бойынша өздерімен ала келген әндерді де шырқады.

Байқауға қатысушыларды белгілі жырау, фольклор зерт­теуші Алмасбек Алматов бастаған қазылар алқасы бағалап отырды.

– Нұржан тек қана әнші емес қой. Ол – орындаушы және өз жанынан ән шығарған сазгер. Нұржан – балуан, Нұржан – жыршы. Тер­ме-толғаулары мен шешендік сөздерін былай қойғанда, Нұржан – ақын. Сон­дықтан алдағы уа­қытта бұл бай­қаудың ауқымын ке­ңей­тіп, үлкен фестиваль ретінде өткізу керек сияқты. Ар жағында балуандар белдесіп жатса, бір жағында осы қа­зылар алқасының құрамында отырған ақын-дра­матург Ақылбек Шаяхметтің Нұр­жан туралы дайын тұрған дра­малық туындысы сахналанып жатса, енді бір жағынан дәс­түрлі ән байқауы мен ақындар мү­шәйрасы қызып жатса, ақын мұраларының бұдан да кеңірек насихатталуына жол ашылар еді, – деді Алмасбек жырау.

Облыстық мәдениет басқар­ма­сының басшысы Ерлан Қал­мақов бұл ұсыныстың орынды екенін, алдағы байқауларда мүмкіндігінше қаперге алынатынын айтты.

Осымен үшінші рет өтіп оты­рған өнер жарысында биыл бірінші рет Қостанай облысының өнерпазы жеңімпаз атанғанын да айта кету керек.

Қазылар алқасының ұйғары­мымен байқаудың бас жүлдесін Қостанай облысы, Федоров ауда­нынан келген өнерпаз Ар­ғын­бек Бейбітхан жеңіп алды. 1-орынға астаналық жыршы Ұл­дана Нұртуған ие болды. Байқауға Астана қаласының аты­нан қа­тысқан тағы бір талантты жыршы Айбат Серік жүл­делі 2-орынды иеленсе, Қара­ғанды облысы, Шет ауданынан келген Елдос Жақиев пен алматылық Айбике Таңа­тарова үшінші орынды өзара бөлісті. Өнерпаздардың бәріне Нұржан әндері байқауының арнайы мүсіншесі мен ақшалай сый­лық табыс етілді.

– Нұржан Наушабайұлы атын­дағы байқаудың бір пайдасы – осы өңірдегі дәстүрлі музыканың қайтадан жандануына өз септігін тигізіп жатыр. Байқауды тұрақ­ты түрде өт­кізу арқылы осы то­­пырақта бар дүниені қайта жаң­ғыртып жатырмыз. Бір қуантарлығы, жыл­­дан-жылға қатысушылардың да гео­графиялық ауқымы кеңейіп келеді. Бұрын бірнеше өңірден ғана келетін, биыл Қазақстанның түкпір-түкпірінен келді. Қатысу­шылар бұдан әрі ізденіп, өз репертуарларына Нұржанның көп­шілікке әлі де болса жетпей жат­­­қан әндерін қосады деген үміт­­теміз, – дейді қазылар алқа­сы­­ның мүшесі, ақын Батырлан Са­ғынтаев.

Байқаудан кейін әйгілі өнер­паз Алмасбек Алматов жас жыр­­шы-термешілерге ше­берлік саға­тын өткізді.

 

Қостанай облысы,

Тобыл қаласы