Руханият • 22 Қараша, 2022

Әнес Сарай әлемі

454 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Романшылық өнердің хас шебері (мысалы «Еділ – Жайық», «Тосқауыл», «Атырау» романдары), сондай-ақ тарихи-ғұла­ма­лық зердемен, білімпаздықпен пайымдаған «Көнеліктер», «Ноғайлы», «Асылдың сынығы», «Мұхаммед пайғамбардың өмірі», «Исатай мен Махамбет», «Бес мейрам» дейтін кесек-кесек зерт­теулері – сөз зергері Әнес Сарайдың интел­лектуалдық-шы­ғар­машылық, суреткерлік, тарихшылдық әлеуетін танытады.

Әнес Сарай әлемі

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Өйткені «адамның жан қуат­тарын жетілтуге, ақыл көзінің ша­­расын ұлғайтуға», «жұртын, айбарын берекелі, айбарлы қылуға» қабырғалы қаламгердің тари­хи деректер негізінде жазылған ­туындылары ұлттық, патриоттық, стратегиялық идеяларға бай.

Мыңжылдықтардың еміс-еміс жаңғырығын, дауысын естіп, дә­йек­­тілікпен қорытып жеткізген, сандаған дәуірлерді ауқымды оқи­ға­ларымен, жойқын қан кешу­лерімен, даңқы мен абыройы жер жарған қаһарман қағандардың, баһадүр тұлғалардың алапат, то­лымды іс-қимылдарымен, сонымен қатар Күншығысында Сарытеңіз, Күнбатысында Қара­­теңіз, оң жағында Хуанхэ мен Әму­дария, солтүстігінде Мұзды Мұхит арасын жайлаған Көк түріктері империясының әлеуметтік-саяси, мәдени тари­хын Орхон бітіктас жазулары мен Қытайдың Чжоу, Сүй пат­шалықтарының әулеттік жылнамалары негізінде мұқият салыстыра зерделеп, нақты, жанды айғақ-деректермен сөйлет­кен кәрі тарихтың тамыршысы Әнес Сарайдың шығармашы­лық тұлғасы, көзқарасы, пайымдау мәдениеті «Көк түріктері» дейтін еңбегінде жарқын көрініс тапқан. Мұнда Көк түріктерінің (Ашина ұрпақтарының) өрке­ниеті, ата-тек шежіресі, мемле­кет басқару жүйесі, тұрмыс-сал­ты, шаруашылық-кәсібі, мифо­логиялық дүниетанымы, қор­ғаныс қабілеті, яғни әскері, қол­данған қару-жарақтары, алфа­виті, қала, қамал салу мен монументалды мүсін өнері, аспан денелерінің қозғалысы туралы ұғым-түсініктері, жартас графикасы, қағандықтың ру-тайпалық құрамы, Түрік қағандықтары­ның тарихы ұшан-теңіз деректер негізінде талданады. Бұл орайда Түрік қағандығы тарихындағы Бұмын (551-552жылдар), Істеми (552-576 жылдар), Мұқан (553-572 жылдар), Таспар (572-583 жылдар), Сібір қаған (609-619 жылдар), Елтеріс Құтлық қаған (682-692 жылдар), Бойла Баға Тархан Тонұқұқ (682-726/727 жылдар), Қапаған қаған (692-716 жылдар), Білге қаған мен Күлтегін (716-734 жылдар) зама­ны білгірлікпен, тереңдікпен сипатталған. Ұбақ-шұбақ ғасыр­лардағы түрік дүниесіндегі шыр­қаулар, құлдыраулар, арбасулар тарихилықпен көрсетілген, байыптылықпен бажайлап баян­далған.

Тарихи-ғұламалық зерде кө­зімен тарихи-шежірелік деректері мен тарихтың көркемдік философиясын дұрыс қолдана білу әрі лайықты түйін түю – профессор Әнес Сарайдың «Көк түріктері» кітабының басты сипаты. Ол археология, палеосемантика, этнография, этнолингвистика, психосоматика, мифология, антропология, архаикалық мәдениет, сана этногенезі, дін, фольклор, ойлау феноменологиясы тәрізді ғылымдардың соны жаңалықтарын өрелі пікір-топ­шы­лауларына арқау етіп өрісте­теді, логикаға бағындырады. Білім­паз Әнес Сарай әлемдік даңққа ие әйгілі М.Қашқари, В.К.Мюллер, Э.Шавани, Ха­мельтон, Г.И.Рамстед, А.Лекон, Ю.Немет, К.Сиротори, Чянь Чжу­мянь, Н.Х.Оркун, Ми­нор­ский, П.М.Мелиоранский, В.В.Бар­тольд, А.Н.Самойлович, С.Е.Малов, Л.Н.Гу­милев, В.В.Рад­лов, В.Том­сон және т.с.с. түр­кітанушы-оқы­мыс­тылар­дың тү­йінді тұжырым­дарын темір­қазық етіп отырады.

Әнес Сарай қытай жылнамаларында көк түріктерінің тарихына қатысты «Ғаріп бала мен Бөрі Ана» хикаясының төрт нұсқасының мәтінін тұтасы­мен келтіріп, мазмұн-мәнімен таныстырғанда ежелгі «бөрі» ұғымының мұнан соң «Оғыз-наме» дастанында (яғни «Тәңір бөрісі» дейтін мағынада), сонан соң Махамбет толғауында («Исатайдың барында, Екі тарлан бөрі едім») бөрінің баламасы ретінде сәулеленген. Дәстүр қуаты деген осы.

Бөрі тотемі жайындағы аңыз­дар, негізінде, сегіз қиыр шар­та­рапқа тараған. Ал бала емізіп тұрған Бөрі-Ана мүсіні б.д.д. V ға­­сырдан бері Римнің Капито­лия музейінде сақталған. Себебі қандай? Аңыздың деректеріне жүгінсек, этрускілердің көсемі Энет батырдың ұрпағы Ромул мен Рем егіз. Амулия патша егіз сәбилерді суға ағызып жіберсе де, тағдырдың бұйрығымен Бөрі-Ана емізіп ер жеткізеді. Қысқасы, этрускілер – Батыс түріктері. Бұлар­ды Каспий теңізінің теріс­тігінен әкелген Энэй батыр.

Бөрі текті Ашина түріктері­­нің темір балқытқаны, қолөнер кәсі­бін дамытқаны, қару-жарақ жаса­ға­­­ны, аңшылық, бақташылық тірші­лігі, рухани өмірі мен даналық өнеге­сі, қыз айттыру, келін түсіру, тұрмыс-салт жырлары, жерлеу рәсімдері, қалалық мәдениеті, ұлттық ойындары егжей-тегжей түсіндірілген. Әсіресе түріктің тұлғасы жөніндегі Афрасиаб пат­шаның мына бір керемет пікірін келісті келтірген: «Түрік өз елінде жүргенде бақалшақ қауырсынға жасырынған маржан сияқты, оның қадір-қасиетін танып, бағалап жатпайды, ал ол бақалшақтан сыртқа шыққанда бағасы еселеп артып, патшалар тәжі мен сұлулардың мойын, құлақтарын безендіретін асылға айналады».

Түріктердің мемлекет басқару жүйесінде 28 лауазым дәрежесі барын әрі әрқайсысының мін­деті мен қызметін саралап анық­тайды. Сондай-ақ әскери өнер тарихын­дағы қару-жарақтардың түрлеріне де сипаттама беріледі.

Түріктердің ғарыштық ұғым-түсініктері, құлшылық жасау, құрбандық шалу, Жер, Су, Баба рухтарға салауат айту, дұға тілеу, діни жоралары кеңінен кемел байыпталады. Бір ғажабы – Күншығыстан Күнбатысқа кө­сілген Еуразия жотасындағы төрт бұрышты жұмбақ кесте жайы таң­дай қақтырмай қоймайды. Әнес Сарай бұл орайда: «Төрт бұрышты кесте – төрт бұлыңды, бір-біріне кигізілгендей үш төртбұрыш – үш қат аспанды, ортадағы әджі (крест) Тәңірді бейнелеп тұрған іспетті. Кестенің жасы – кейінгі палеолит дәуірі деп белгіленуі – әлемнің жаралуы туралы осынау ғарыштық түсінік ежелгі Оңтүстік Сібір жұртының наным-сенімінің қайнар көз бастауы болғанына меңзейді» деп жазады. Расында, Орхон жазуындағы түріктердің дүниені қалайша қабылдайтыны мен жұмбақ кестедегі ой сарындары үндес.

Өркениет тарихында түрік­тер­дің бейнелеу өнері (керемет ше­берліктің үлгісіндей Ту, Жалау, Байрақ сияқты мемлекеттік рәміз­дері) мен жазулары хақында білгірлікпен ой өрбітеді. Мәселен, 545-630 жылдарда Түрік қағана­ты дәуіріндегі 1) Бұғыты кешені – Соғды тілінде, Қарағол кешені – қытай тілінде, Идэр кешені – брахми тілінде қашалып жазылған. Б.з.д. Есік қорғанындағы жазу көнеүнділік кхароштхи әліпбиі негізінде туған сақ жазуы екен. Демек б.д.д. VI-IV ғасырларда Іле алқабында тіршілік жасаған кхароштхи бірлестігінің жұрнағы «Қара Шор» атанған-ды. Бұл кхароштхи жазуы – дравид түрік­терінің игілігі.

Танымпаздық қабілеті, ақыл-ой таразысы, парасат-пайымы жоғары Ә.Сарайдың осынау зер­делі толғамдарында көк түрік­терінің дүрілдеп-күркіреп өткен дәуір­лері, алып, білікті қаған­дардың телегей тәжірибесі, так­ти­касы мен стратегиясы, бар­лау­шылық, әскери өнері, диплома­тиялық қарым-қатынасы, саясат­керлігі, билік ғибратнамасы, пат­­риоттық ойлары (мысалы, Істе­­мидің Византия Императоры Юстинге түрік тілінде хат жазуы) толық, жан-жақты әңгімеленген.

Мұнда ұлы қағандардың ойшыл­­­дық, шешендік тапқыр­лы­­ғына, сес сөзіне жарқын дә­лел ре­тінде Істемидің ұлы Түрік­санф­тың византиялық елші Вален­тинге: «Бір өтірік айту үшін он тіл­де сөйлейтін римдік екенсің ғой» деп, он саусағын аузына апар­ды» дегенін Менандр Про­тектор жазып қалдырған.

Зерттеушінің «Сих», «Түрік», «Көктің ұлы» дейтін этнология мен этнолингвистикаға қа­тысты топшылаулары да, Бас­мыл-арғындар, Аргиппейлер мен «Алпамыс» эпо­сындағы 13 сю­жеттің Гомердің «Одис­сея­сында» қайталануы ха­­қын­да айт­қан пікірлері де қы­зық­ты.

Жинақтай айтқанда, көк түрік­терінің руханияты: тарихы, жазу-сызу өнері, ұлттық санасы жайындағы Әнес Сарайдың тарихи ой-тұжырымдары – Ұлы дала елінің шарайнасы іспетті.

 

Серік НЕГИМОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

филология ғылымдарының докторы,  профессор