Руханият • 22 Қараша, 2022

Ұстаз парасаты

388 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Күнделікті күйбең тіршілікте адамдармен араласу, қызметтес болу қоршаған орта төңірегінде ой түюге, пікір қалыптастыруға, сондай-ақ толғамды тұжырымдар мен кереғар көзқарастардың даралануына бастайды. Біз әңгіме ауанын арнайы бұрып отырған аяулы ұстазымыз, академик-жазушы, қазақтың мақтаныш тұтатын айтулы перзенті Зейнолла Қабдолов алыптар шоғырынан кейін іле шыққан бірегей тұлға еді.

Ұстаз парасаты

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Құрбылары мен замандастары Серік Қирабаев, Мүсілім Ба­зарбаев, Рахманқұл Бердібай, Зәки Ахметов, Тұрсынбек Кә­кі­шев, Нығмет Ғабдуллин, Шәм­­шия­бану Сәтбаева сынды қазақ әдебиеттану ғылымының мәуелі бәй­теректері болатын. Бүгінде арамызда жоқ болғанымен, арттарында өлмес те өшпес бай мұралары қалды. Қазақ әдебиетіне өлшеуіз еңбек сіңіріп үлгерді. Ұлттық сөз өнерінің тарихына, теориялық мәнді мәселелеріне арналған концептуалды зерттеулері мұрагер-ұрпақтың қолында.

Жоғарыда аталған замандастарының арасынан Зекең ұстазым кесек міне­зімен, ақыл-парасатымен, тұнық ойы­мен, көреген көсемдігімен, ділмар шешен­дігімен, іскер қайраткерлігімен оқшау­ланып, дараланып тұрушы еді. Өне­бойы кісіліктен жаралған, жар­қы­раған жанары нұр шашып тұратын, бойы­на ибалылық пен арлылық мәңгілік қоныс тепкен зерделі жан еді.

Мұхтар Әуезов мұрасы – академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың ғылыми ізденістері мен көркемдік әлемінің ең бір шұрайлы, аса маңызды әрі құйқалы тұсы. Әуезовтің алуан бояулы қаламының іздерінен нәр алатын азық, сахарада күн қақтап, аңызақ жел кенезесін кептірген шөліркеген жолаушыға сусын боларлық қасиет жіпке тізгендей көңіл таразысына салынады. Көңіл таразысына салынғаны өз алдына, жазушы зертханасының нелер құпиясын ұсақ бір деталь, болмаса табиғаттағы әдемі өрнек, кейіпкердің жан құбылысындағы толғаныс, тебіреніс нақты мысалдармен өрнектеліп өріледі.

Суреткер Қабдоловтың орны ерек. Неге? Негесі сол, «өз басым Мұхаңнан бес жыл оқыдым, Мұхаңмен он жыл бір ка­федрада бірге қызмет істедім. Шәкірті ғана емес, туған інісі, баласы секілді бауырында жүріп, аса ыстық ағалық яки әкелік мейірімін көре қалған жайым бар», деп ақтарыла сыр төгетіні бар еді Зекеңнің. Онымен де қоймай: «Қазақ университетінде біз де оқыдық. Бірақ біздің бүгінгі шәкірттерден бір айырмамыз, аздап мақтаныңқырап айтсам, артықшылығымыз – Мұхтар Әуезовтің лекциясын тыңдағандығымыз дер едім», деген тебіреніске толы жүрекжарды лебізі ұстаз бен шәкірт арасындағы рухани туыстықты, ардың ісі – сөз өнері табыстырған қыл өтпестей алғаусыз қарым-қатынасты, мөп-мөлдір сезім тазалығын көзаулаңызға алып келеді. Тау-кен институтына қабылданып, инженерлік жолды таңдамақшы болған балаң студенттің Әуезов дәрісіне ын­тызарлығы түптің түбінде елеусіз, ес­керусіз қалмаған. Әдебиетті жанын­дай сүйіп, ақындық жолға түскен Зей­нолланы қазақтың мемлекеттік университетіне қолынан жетектеп әкелуі ұстаздық қамқорлықтың тағдыршешті сәті дерсіз.

М.Әуезовтің «ғазиз көретін, сұлу мінез, сұлу білім, өнер иесі досым, інім Зейнолла» деп сырын ақтарған шәкіртінің ұстазы турасында жазуға тым ертеден дайындалғаны белгілі. «Мен бұл тақырыпқа кітап жазбақ боп толғанғалы қашан!» (З.Қабдолов). Әуезов шығармашылығын сөз еткен әр жылдардағы мақалалар, ғылыми ортада жасалған баяндамалар, қазақ прозасы жөніндегі толғаныстар, жазушы шеберлігін шұқшия зерттеуді мұрат еткен арнайы курстар, ең ақы­рында, қазақ әдебиетінің теориялық мәселелеріне арналған «Сөз өнері» оқулық-монографиясы – ұлы ұстазы жайлы кесек шығарма тудыруға зор қолғабысын тигізген еңбектер. Оның үстіне бес жыл дәрісін тыңдап, он жыл қол ұстаса тізе қосып еңбектенген жылдар өз жемісін бергені анық.

«Бір күні маған Шыңғыс (Айтматов):

– Мұхаңды өлердей жақсы көресің-ау, осы сен... – деп қалды.

– Өлердей! – дедім мен ойланбастан.

– Мұхаң да сені жақсы көрген... – деп Шыңғыс ойланып тұрды. – Мен соны білдім ғой.

Мен үндемедім» («Менің Әуезовім»).

Шындығында, роман-эссенің кез келген жолын зер сала оқысаңыз, бас кейіпкеріне деген шексіз махаббатты сезіну қиын емес. Зекеңнің ұстазына іңкәрлігі, жазып отырған тақырыбына адал­дығы оқырманын бейжай қал­дыр­майды.

«Менің Әуезовім» – шығармашылық тұлғаға арнап соғылған асқаралы ес­керт­­кіш, өткен ғасыр аяғында қазақ әде­­­бие­тіне қосылған интеллектуалды роман.

Заңғар жазушының өмірі мен шығар­машылығын қамтып жазған көркем де деректі туындылар аз емес. Десек те, ұлы Әуезов тұлғасын сомдаған көркем еңбектердің көз тартар кесегі де, шоғыры биік шоқтығы да, ой ырысы да, жүрекке жылысы да Зейнолла Қабдоловтың роман-эссесі деп ұғамыз. Олай болуы заңды да. Ұлы Мұхаңның жаз дидарын көріп, тағылымын алып, қатар жүріп, ұлт болашағы үшін тізе қосып қызмет жасаған автордың ортанқол шығарма жазуға, керек десеңіз, моральдық құқы да жоқ.

Суреткер жүрегіндегі ұстазға деген риясыз қадір-құрметі ыстық сағынышқа ұласып, адамдық борышпен жалғасып, шабытпен біте қайнасып, өміршең туын­дыға айналды. Қаламгердің өмірден алған мол тәжірибесі, суреткерлік ше­берлігі ұстаз бейнесін нұрландырып, шы­ғарма мазмұнын байыта түскен.

«Менің Әуезовім» романында жа­зу­шының көрген, түйген, өзі танып біл­ген нар тұлға жайлы ескірмес есте­ліктері тұтаса келіп, ұлы Мұхаңның шығармашылық мұрасы мен ұстаздық мұратын дәріптеуге жұмсалған, сонымен қатар авторлық даралық проза тіліне нәзік лиризм қасиетін дарыта білген.

Егер әр қазақ «Мен қазақпын!» де­генді айтудан жүрексінуі қазақтықтан бас тарту, яғни қағынан жеру болса, терең тәлімін көре тұра «Менің Әуе­зовім» деп айтудан қаймығу шәкірт Қаб­долов үшін де ұстазын ұлықтаудан жас­қанумен тең парықсыздық болары анық еді. Бұл дегеніміз тәкаппар менмендік, я болмаса меншікқұмарлық емес, қайта ұлтқа ортақ тұлғаны оңаша тану, ұлтқа өзек болған өрені өзінше ұғыну. Содан да автордың белгісіз оппонентке берер жауабы да үзілді-кесілді: «Менің Әуезовім де солай, өзге емес, өзімнің тек өзімше таныған, өзімше білген, өзім­ше бас иген Әуезовім. Демек менің ро­манымдағы Әуезов – сенің не оның емес, менің Әуезовім. Солай: «Менің Әуезовім».

Данышпан ұстаздың дәрістері бай мазмұн мен терең ғылымилыққа құ­рылып, тыңдаушысын төкпе күйдей төгілген шешен тілімен ұйыта баурап, сұлу сезімге, шабытты шаққа жетелейтін әсерлілігі де романда тамаша суреттелген. «Әуезовтің әр лекциясы – бір-бір оқулық, бар лекциясы – ұлан-ғайыр ұлы мектеп... Әуезовтен екі сағат лекция тыңдаған адам өзінің жаңағы, бұ­дан екі сағат бұрынғы психологиялық қалпынан, ақыл-ой мағынасындағы хал-күйінен кәдімгідей өзгеріп, жаңғырып, жаңарып шығады. Иман тұрғысынан біршама пісе, жетіле түседі. Танымы көрер көзге байып шығады. Бұл – керемет метаморфоза!». Бір сөзбен айтқанда, Әуезов дәрістері бар шәкірт үшін таң­ғажайып, тылсым дүние.

Ұлының шәкірті болу тек дәрісін ғана тыңдаумен шектелмейді, сонымен қатар ұстаз өнегесін бағыт тұтып, өз ұстанымыңнан айнымауға міндеттейді. Әуезов шәкірті болу «кесірі» Зекеңнің де алдынан шығады. Ұстаз Әуезовті «алаш­ордашыл», «байшыл» деп байбалам салған Сұршиндер шәкірт Қабдоловтың да тағдырына тұсау салып, соңынан шам ала жүгіреді: «...Тумысынан ұлт­шыл, алашордашыл Әуезов қазір Қазақ­стандағы идеологиялық ортадан «халық жауы» ретінде қуылып, аласталып жатыр. Большевизмге бақастығының та­мырына балта шабылғалы тұрған ұлт­шылдың мақсаты мен мүддесін оның тәрбиесі мен өнегесіне тәнті шәкірті жалғастырсын демесеңдер... Ой­ланыңдар». Сәмсүгірлер реті келсе ал­бырт жасты мерт қылудан да тайынбайды. Романдағы осындай көріністер ұстаз бен шәкіртті бөлінбес бір арнаға, тұтас бір тағдырға айналдырғандай.

Шығармадағы әр кейіпкер әбден дараланып, барынша жинақталған. Әр кейіпкер бірін-бірі қайталамайды, өзге­шелігімен, түрлі мінез сипатымен, түр-тұрпатымен мүлдем бөлекше құбы­лыстар болып сомдалған. Әпенді де қожанасыр оқытушы Белгілі Бегей, қа­лың қыртыс, бұлдыр табан Шой Ға­лиев, қуыс кеуде Дос Тәкімов – бәрі-бәрі ұстаз Әуезов бейнесінің дараланып, асқақтай түсуіне қызмет жасайды. Барлық оқиға өмірден алынса да, екшеліп, сұрыпталып жазушы тал­ғамымен тұлғаланады. Содан да кей­бір қаһармандарын автор өзінше қа­былдаған, өзінше түйсінген, өзінше баға берген.

Шешен тілмен ұтқыр да тапқыр ой­лар романның өн бойына көрік беріп, қанатты сөздер Қабдоловтың қалам­герлік қарымын, шеберлік қырын әйгілеген. Кестелі, келісті ойлар нәрлі де суретті тілмен өріліп, нақыл сөздей нәшін тапқан. Сөз зергерінің әр сөзді орынын тауып ойната қолданатын ше­шендік қасиеті терең ой, биік парасатпен астасып жатыр. Бұл қасиеті де ұстазы Әуезовтен сіңген. Сондықтан да шешендік өнерге қояр автордың талғамы да орасан: «Әуезовтің шешендігі ғұ­лама ғалымдығында жатыр. Әйтпесе, күрмеуге келмейтін қысқа жіп секілді, тапшылық пен жоқшылықтан шешендік туар ма? Шешендік шалқар шабыттан, шалқыған сыр мен сезімнен туады. Шешен болу үшін адам кәдімгідей қа­натты болуға тиіс. Қанат болғанда, жай емес, парлап ұшатын қанат болу керек. Әйтпесе қанат тауықта да бар. Бірақ тауық пен бүркіттің қанаттарында біраз айырма бар. Демек шешенге біткен қанат тауыққа емес, бүркітке тән талмайтын, самғайтын қанат болуы шарт». Міне, қанатты сөздер тудыруға құштар қаламгердің шешендік қанаты талмай шарықтайтын қыран санатынан екендігі шүбә келтірмейді.

Мұхтардай кемел ұстаздың балалық шағы, жігіттік желеңдігі, азаматтық ке­зеңдері табиғи жарасымдылықпен жал­ғасып, тараудан-тарауға көшкен сайын байсал тарта түседі. Бұл роман-эссе – автордың көрген-білгендерін ұзын-сонар тізбектеп-созбақтауы емес, қайта өзіндік дара стилімен қырнап, нәзік те орамды тілімен кестелеп, суреткерлік талғаммен әбден екшеп-сұрыптап алған өмір шындығының жемісі. Адамзат ақыл-ойының алыбы, сыр мен сезімінің ағыны болған ұлы Мұхтардың ұстаздық феноменін таныту арқылы қаламгер қазақ әдебиетіндегі Әуезовтің әдеби бейнесін жасау тәжірибесін жаңа сапаға көтерді.

Біраз сөз «Менің Әуезовім» роман-эссесінің екінші кітабы хақында. Жа­рия­ланымға берілген түсініктемеде: «Қа­ламгер 2004 жылғы 4 қыркүйек күні қатты сырқаттанып, төсекке таңылғанда жазу үстелінің үстінде аяқтаусыз қалған екі дүниесінің бірі – осы шығарма (екін­шісі – «Махамбет» романы). Бұл роман-эссе көбіне-көп сүйікті жазу­шы – ұстазы М.Әуезовтің даңқ пен дәреже биігіне әбден көтерілген, мей­лінше кемеліне келген шағын суреттеуге арналған. Бұрын еш жерде жария­ланбаған» деп ескертілген.

Алғашқы кітаптағы шұрайлы тіл, ұшқыр қиял, дегдарға тән парасат­тылық жинақтала келе ой адамының, сурет­керлік тұлғаның кемел бейнесіне кө­ңіліміз жадырап, шығарма сырына қаныққан оқырман романның жалға­сын тағатсыздана күткені ақиқат. Ол заңды да. Аяқталмай қалды демесеңіз қолымыздағы нұсқадан нағыз шебердің қолтаңбасын табасыз. Зекеңе тән шын­дықты көмескілемей, шырайына дақ салмай кейіпкерінің жан дүниесін қопара ашу, тұнып тұрған тұма тілдің мөл­дірін талғап, таңдап қолдану, басты нысана – Әуезов бейнесінің интеллектуалдық даралығын үнемі назарда ұстау, кө­ңілдегі, көрікті ойларын қағаз бетіне тү­сірудегі адастырмас Темірқазық етіп алу екінші кітаптың өнбойынан менмұндалап тұр.

«1959 жыл. Ташкент. Мұнда Азия, Африка жазушыларының конференция­сы өтіп жатыр. Алқалы жиынға отыз сегіз елден ресми делегация келген. Жиыр­­ма жеті жасар жас жігіт «Абай жолын» қайта-қайта оқып, қазақ өмірімен танысқаннан соңғы бойын билеген сезімді жеткізбей тыншыр емес. Мұхтар Омарханұлының қолын ұстап, дана дидарын жүзбе-жүз көру – таусылмас арманы. Әуезов – арманмен кездесу бақытына ие болған шетелдік мейман ештеңені елең қылмай үсті-үстіне төпелеп көкірегін кернеген арман-аңсарын ақтаруда. «Мен бұл кітап арқылы («Абай» рома­ны – А.Е.)» жарық дүниеде қазақ деген халық барын, оның өзі ұлы ха­лық екенін, қазақтың ұлан-ғайыр Ұлы даласының ауасы қандай тап-таза, сол даланың ойы мен қырын еркін жайлаған адамдары қандай ақылды, жастары қандай сұлу екенін таныдым, – деп толқи үн қатты Б.Матип, – таныдым да осынау ғажайып елді көргім келді. Әлемге өз ұлтының ұлылығын танытқан Әуезовті құшақтап сүйгім келді. Мына жиналыс мен келмесем де, менсіз-ақ өтеді. Ал мен болсам, тек қана мына сізді, әлемде теңдесі жоқ алып жазушыны, Әуезовті көруге келіп едім, міне, сол мақсатыма жеттім. Арманым орындалды». Шағын эпизодтан Зекеңнің шеберлігіне тәнті боласыз. Жұмыр жердің бүкіл тыныс-тіршілігі Ташкендегі мәжіліс залына көшкендей. Бұл – Мұхаң сезімін ғана емес, барша оқырман бойын билеген тебіреніс. Бұрын бір-бірін көрмеген қос жазушының қас қағымда жүрекпен ұғынысуы жазушы суреттеуінде нанымды.

Ташкенге осы жолғы келісінде Мұ­қаң жадында жаңғырған оқиғаны есіне алды. Дұрысында З.Қабдолов құ­рылтай жоспарынан тыс сүреңсіз оқи­ғаны роман желісіне кіріктіре отырып бас қаһарманының шытырманды халін көңіл таразысынан өткізеді. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Ташкентте аспирантурада оқыған, газет-журнал редакцияларында қызмет істеген, оқытушылық, шығармашылық іспен шұғылданған Әуезовтің бастан кешкендері – түгесілмес тарих. Соның ішінде еске алуға ауыр, тылсымы мол, құпиясы шексіз бастан кешкендер сыртқа сыр болып ақтарылмайды кейде. Жазушы қиялы ондай сәттерді қалт жібермесе керек.

Құрылтайдың құрметті қонағы Әуе­зовті дастарқанына шақырған өзбек әдебиетінің классигі Айбекпен қош­тасып, мейманханаға барар жолда ескі қалаға соғады. З.Қабдолов сурет­теуіндегі ұлы жазушының көңіл күйі, алай-дүлей ішкі сезімі, сыртқы кескін-келбеті оқырманын бірден баурап, өткен тарихқа жетелей жөнеледі.

«Бір пұшпақтан бұрыла бергенімізде маңдай алдымызда әбден тозығы жетіп, құлауға шақ қалған ұзынша шым үй тұрды, терезелері қора жағында болуға тиіс, бергі бетте қатар-қатар үш есік. Тұрғын үйден гөрі бір кездегі бір қабат жатақханаға ұқсайды. Мұхаң машинадан түсіп, ортадағы есікке қарай басты. – Бері жүр, – деді маған. Оң жағынан еріп, мен де есік алдына келдім.

Ол кілт тоқтады да, жүрегі ме, бүйірі ме – бір жері қатты шаншып кеткендей теңселе бере оң қолын менің сол иығыма салды. Басы айналып құлай жаздағанда маған сүйеніп әрең аман қалғандай. Шо­шып кетіп, бетіне қарадым. Жан та­нығысыз сұп-сұр. Қанын ішіне тартып алған. Түрі кетіп, түтігіп тұр». «Ардың ісінің» азабын тартқан, аз жазса да саз жазатын шебердің қолтаңбасы. Жан азабын шеккен адам психологиясы, қарғыс атқан заман келбеті көз алдыңызда көлбеңдеп тұра қалады. Бастапқыда жан­ұясына жайлы қоныс – Мұғамила, Ләйла қыздары өсіп-өнген мекен, көр­шілері Жүсіпбек Аймауытұлы, Сұл­танбек Қожанұлы дәмдес, дастарқандас болған үй соңыра қасірет ошағына айналды. Көршілері қамауға алынды, мал-мүліктері тәркіленді. Алаш ақиықтарының баршасы осы Ташкентте түрмеге тоғытылды. Жүрек шаншып, көкірек қыспағанда қайтсін?! Азапты жылдар басталды. Қайғыдан қан жұтты. Ер­кінен айырылды, қанаты майырылды. Әуезов басынан кешкен трагедия З.Қаб­долов қаламынан қағаберіс қал­маған.

Бірақ... Бірағы романның аяқталмай қалуы. Жазылып бітпеген шығарма жөнінде нені қамтыр еді, қалай жазар еді деп сәуегейлік жасау – жараспайтын мінез. Қолымызға тиген жұқанасының өзін асылымыздай асқақтатып, қаді­ріне жетсек, жан-жақты сараласақ, ұста­зымыздың рухы шат болары хақ.

Ұстаз парасатын тұщына пайымдап, көркемдік нәрін тұңғиықтан тарта бойына сіңірген Қабдолов қаламгердің әсемдік әлемін сезінудегі даралық қыры – «Менің Әуезовімді» оқырман қауымның жылы қабылдауының құпиясына үңіліп, шеберлік сырлары мен стильдік оқшау­лығына аңсарыңыз ауады. Таным өрісі кең шығарма ғибратына қанығасыз.

 

Арап ЕСПЕНБЕТОВ,

Шәкәрім университеті «Абай және ұлттық руханият» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, профессор

 

Семей