Пікір • 01 Желтоқсан, 2022

Қапысыз халық қалауы

148 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Күні кеше сайлау қорытындысы шығып, дана халқымыз өзінің конституциялық құқығын пайдалана отырып, дұрыс таңдау жасағанына қуанып жатырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзіне деген халықтың сенімі – ең құнды нәрсе екенін айтып, алғысын білдірді. Ал еш дарақысыз, қарапайым өткен ұлықтау рәсімінде Президент сайлауалды бағдарламасында берген уәделерін орындау үшін бірден жұмысқа кірісу керек екенін айтты.

Қапысыз халық қалауы

«Халықтың сенімін ақтауымыз керек, сондықтан бәріміз жұмысқа кірісуіміз қажет», деді. Президенттің «бәріміз» деген сөзінің салмағы бар, мықты мемлекет орнату үшін бір Пре­зи­дент қана емес, әрқайсысымыз да өз үлесімізді қосып, алдымыздағы жұмысымызды әділ атқаруымыз керек. Қазір үлкен реформалардың басы басталып жатыр, егер адалдық пен әділдік болмаса, ешқандай реформаның нәтижесі болмасы анық.

Қазақстан халқы бұл күні үлкен жауап­кершілік танытты. Ал Президентті ұлықтау рәсімі жаңа саяси дәуірге жол ашты десек те артық айтпаймыз. Бұған дейін мемлекеттік басқаруға, кадр саясатына, шешім қабылдау жүйесіне және оларды орындау жауапкершілігіне деген көзқарасты өзгерту туралы бастамалар көтерілгені есімізде. Болашақта басты билік институттарының түгел жаңғыртылатынын Мемлекет басшысы бұл жолы тағы да атап өтті.

Мен алдағы жеті жылдан не күте­мін?

Ең бастысы, ел тыныштығы. Ел іргесі бүтін, халқымыз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын болса, елі­міз үлкен жетістіктерге жетеді. Пре­зи­денті­міздің тың өзгерістерге бел шеше кіріс­кендігі сенім ұялатады. Бұл – Отанға деген сүйіспеншіліктің шынайы көрінісі.

Ендігі мақсат – ел экономикасын дамыту, халықтың әл-ауқатын жақ­сартып, мемлекетті алдыңғы қатар­лылардың бірі ететін тетіктерді жүйелі жүргізу. Цифрлық технологиялар­дан еліміз алға озғанын көптеген шете­лдік эксперттер де айтып жүр. Цифр­лық технологияларға негізделген экономика құру жай қажеттілік емес, негізгі мақсатымыз екенін Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауында да атап өткен болатын. Жаңа Қазақстан экономикасы халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Ұлттық табыстың өсімінен түсетін игіліктерді әділ бөлу, тиімді әлеуметтік «лифтілерді» орнықтыру жөніндегі қоғамның өткір талабы басты мақсаттардың бірі болып отыр.

Еліміздің жаңа экономикалық бағ­дары басты жеті қағидатқа негіздел­ген. Олар: игіліктер мен міндеттердің әділ бөлінісі, жеке кәсіпкерліктің жетекші рөлі, әділ бәсекелестік, кәсіпкерлердің жаңа буыны үшін нарық ашу, өнімділікті көбейту, экономиканың ауқымдылығын және технологиялық сипатын арттыру, адам капиталын дамыту, жаңа үлгідегі білім саласына инвестиция тарту, «жасыл» экономиканы дамыту, қоршаған ортаны қорғау, мемлекет тарапынан дәйекті шешімдер қабылдау және сол үшін қоғам алдында жауапты болу.

Бұл ретте біздің бәсекеге қабілеттігі­мізді көрсететін артықшылығымыз және нақты сүйенетін мүмкіндіктеріміз жеткілікті. Президенттің өзі: «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деп атап өткен еді. Расында да, ауыл шаруашылығы мен жеке кәсіпкерлік – бүгінгі таңда ел экономикасын дамытудың басты тетіктерінің бірі.

Ұлттың саулығы – келешек ұрпақ­тың саулығы. Сондықтан көп нәрсе еліміздегі медициналық инфрақұ­рылымды дамы­туға байланысты екені рас. Қазір мемлекет есебінен көптеген аурухана мен емхана, көпсалалы меди­циналық орталық құрылысы жүріп, ендігі пайдалануға беріліп те жатыр. 2025 жылға қарай денсаулық сақтау саласына арналған 20 заманауи көпсалалы нысан пайдалануға берілетіні де айтылуда. Қазіргі кезде алғашқы дәрігерлік көмекті ұйымдастыру тәсілдері түбегейлі қайта қарастырылып жатқанын білеміз. Дәрігерлік қызмет қалың жұртшылыққа, әсіресе алыстағы ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы жолға қойылып жатқаны қуантады.

Еліміздің дамуына, әлемге танылуына спорт пен мәдениеттің ықпалы үлкен екені ежелден белгілі. Қазір елімізде мәдениет, туризм, спорт және тіл саясаты оң жолға қойылып, осы салалардағы жобаларға ерекше көңіл бөлініп отыр. Ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет және спорт қайраткерлерінің әлеуметтік тұрмыс жағдайын жақсарту, жергілікті атқарушы органдармен және бизнес-құрылымдармен өзара ықпалдастықты нығайту бойынша жұмыстарды жандандыру қажеттігін үнемі айтып жүр. Қазір елімізде жаңа саяси мәдениет қалыптастырылып жатыр. Әрине, қоғамда түрлі көзқарас бар, дегенмен, ұлт – біртұтас. Әр алуан пікір­лерді құрметтей отырып, диалог жүргізу – қазіргі мемлекеттік саясаттың бас­ты ұстанымы екенін көріп отырмыз. Мұндай тәсілмен кез келген ел сөзсіз алға жылжиды. Президент мәдени-тарихи құндылықтарды қалыптастыру, дамыту мен сақтауда маңызды рөл атқаратын мәдениет және өнер қызметкерлерінің де әлеуметтік жағдайларын назардан тыс қалдырмауға тапсырма берген болатын.

Ең бастысы, халқымыз өз Прези­дентіне таңдау жасады. Ендігі жерде, Мемлекет басшысы айтқандай, тек бел шеше жұмысқа кірісу қалды. Ал­дағы жеті жылда ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге еліміз үлкен жетіс­тіктерге жететіндігіне кәміл сенемін.

 

Сәт ТОҚПАҚБАЕВ,

запастағы генерал-полковник