Пікір • 01 Желтоқсан, 2022

Ел сенімін арттырған

184 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзі елдің алдағы саяси, экономикалық және әлеуметтік бағдарын айқындап берді. Қазір еліміз қиын-қыстау кезеңде тұр дей келе Мемлекет басшысы қазақ­стан­дықтарды әділетті мемлекет, әділет­ті экономика, әділетті қоғам құруға шақырды. Әрі сайлауалды тұ­ғырнамада ерекше тоқталған мәсе­лелеріне жеке-жеке тоқталып өтті.

Ел сенімін арттырған

Ауыл – күллі қазақтың алтын бесігі. Қашанда халқымыз үшін ауыл – руха­ния­тымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыздың негізі. Осы ретте, ел Президентінің ауыл тұрғындарын қолдау мақсатындағы Жарлыққа бірден қол қойып, Үкіметке нақты 5 жылға арналған жоспарын әзірлеуге тапсырма беруі сөзі мен ісі арасында алшақ­тықтың жоқтығын көрсетті. Сондай-ақ қалталарын қампитып шетел асқан жемқорлардың ақшаларын қайтарып, ол қаржыны жоғары технологиялы өндіріс орындарын ашуға, мектептер мен ауруханалар салуға, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға қолданатыны көңілдегі кірбіңді бір сейілтті.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Кемелұлы әділетті Қазақстанда ұстаз, дәрігер, тәртіп сақшысы, құтқару­шы, жұмысшы, шаруа сияқты маман­дардың мәртебесін одан әрі арттыруды көздейтінін де айтты. Мемлекет басшы­сының «Қызмет – уақытша, ал халық – мәңгі» деген сәулелі сөздерімен қазақ­стандықтарға ел мүддесі бәрінен биік екенін, оған жауапкершілікпен қарау, әрбір азаматтың міндеті екендігіне баса назар аударуы халық сенімін одан әрі арттыра түсті.

 

Әкім ЫСҚАҚ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері