Білім • 02 Желтоқсан, 2022

Сыр білімі мен ғылымының қара шаңырағы

925 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

«Жер үстінде адам өмір өткізер, бар нәрсеге білім қолды жеткізер» деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, адамның білімді болуы өзі білім алған оқу орнына, ұстаздарына, өскен ортасына, өмірден тоқығанына байланысты. Орта білім алған әрбір мектеп түлегі қалаған мамандығы мен жоғары оқу орнын таңдайды. Міне, осы сәт – адам өміріндегі ең бір шешуші, жауапты кезеңнің бірі. Өйткені мамандық таңдағаннан кейін, студент атанып, мықты оқу орнында терең білім алу – әрбір білім қуған жастың асыл арманы, мақсат-мұраты.

Сыр білімі мен ғылымының қара шаңырағы

Сырдария өзені бойында орналасқан Қызылорда қаласында аймақтың білімі мен ғылымының қара шаңырағы атанған білім-ғылым ордасы бар. Бұл – қасиетті де киелі Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті. Білім қуып, арманына аяқ басып, келешекке құлаш сермеген жастарға өмір есігін, айқара құшағын ашатын осы оқу ордасы талай түлекті түлетіп, өмірден өз орнын табуы­на кең жол ашты.

Бүгінде аталған оқу орнының құрыл­ғанына 85 жыл толып отыр. Сонау 1937 жылы Н.В.Гоголь атындағы Кы­зыл­орда педагогикалық институты атанған университет ғасырға жуық уақыт ішінде мыңдаған түлекке сапалы білім мен саналы тәрбие берді. Тарихы тереңнен бастау алатын университет өзінің даму белесінде түрлі кезеңнен өтіп, үнемі алға ұмтылып, білім мен ғылым саласында жаңалықтар мен жақсылықтардың жаршысына айналды. Оқу орнын бітірген мамандар елімізде және алыс-жақын шетелдерде білім-ғылым, өнер, мәдениет, спорт, техника, ауыл шаруашылығы жә­не т.б. салаларда зор табыстарға жетіп, еліміз үшін аянбай еңбек етіп келеді.

Университеттің дамуына елеулі үлес қосқандардың алдыңғы легінде О.Ка­мардинов, А.Айтмұханбетов, Б.Дос­­манбетов, У.Бишімбаев, Н.Күн­хожаев, А.Канцев, С.Бекпаев, М.Ки­реев, Р.Әміреев, А.Оразалиев, Н.Жүні­совтерді тағы басқа көптеген кісіні атап өтуге болады.

Кеңес дәуірі тұсында бұл білім оша­ғы тек Қызылорда облысына ғана емес, сонымен қатар Шымкент, Ақтө­бе өңірінің мектептеріне де жоғары білікті мұғалімдер даярлаған. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Украи­наның көптеген жетекші жо­ғары оқу орындары – Киев, Харь­ков мемлекеттік университеттері Қызыл­ордаға көшіріліп, осы педагогика­лық институттың базасында жұмыс істеді. Соғыс аяқталғаннан кейін де институтта Украинадан келген көптеген жетекші профессор жұмысын жалғастырды. Украиналық уни­верси­теттер кітап қорының бір бө­лігі, оқу және зертханалық құрал-жаб­дық­тар институтқа сыйлық ретінде берілді.

Оқу орнына білікті ғылыми кадрларды даярлауда институт ректоры Оралхан Камардиновтің еңбегін ерекше атап өткім келеді. Ол кісі кеңес одағының жетекші оқу орындарына, ғылыми-зерттеу институттарына жас мамандарды жіберіп, олардың ғылым жолына түсуіне үлкен ықпал жасады. Осының нәтижесінде Сыр өңіріне мықты ғылым кандидаттары мен докторлары ғылыми жұмыстарын қорғап келді.

Мен аталған оқу орнына 1975 жылы түсіп, 1979 жылы физика-математика мамандығы бойынша үздік бітіріп шықтым. Өмірден өз орнымды тауып, үнемі алға ұмтылуыма өзім білім алған оқу орнының, оның ішінде физика-математика факультетін айрықша мақтанышпен айтар едім.

«Адамның адамгершілігі жақсы ұстаз­дан» дейді ұлы Абай. Әр адам өмірге келіп, ес біліп, оңы мен солын танығанда, ата-анадан кейінгі оның бойына тәлімді тәрбие мен саналы білім дәнін егетін ұстазы екені дау­сыз. Ұстаздың шәкіртіне берер білімі, көрсетер жолы ұшан-теңіз. Кез келген ұстаз шәкіртінің өзінен озып, биік­терге аяқ басуын, биік шыңдарды бағын­дыруын армандайды. Мұны ұстаз еңбегі­нің жемісі, оның еткен еңбек, төккен тері, артында қалдырған өшпес ізі, үкілі үмітінің шуақты сәулесі ғана бере алады.

Студент кезімізде Қ.Жаңабергенов, Б.Қашқынбаев, Ю.Ким, М.Авербух, Ш.Кудебаева, В.Дронова, В.Ким, Х.Нұғманова, Ж.Сәтбаева және басқа да көптеген ұлағатты ұстазымыздан, профессор ағайымыздан терең білім, тәлімді тәрбие алдық. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, осы кісілердің жолын қуып, оларға ұқсау, сол кісілердей болу – біздің үлкен арманымыз, өмірлік мақсатымыз болатын.

Осындай ұстаздарымыздың назарына ілініп, жақсы оқып, үлгілі шәкірт болып, сол кісілердің қолдауымен, бағыт-бағдар беріп жол көрсетуімен университтетте ұстаз болу бақыты бұйырды. Пущино қаласы Ресей Ғылым академия­сы Биофизика институтында 8 жылға жуық уақытымды арнап, ғылыммен айналысып, стажер-зерттеуші, аспирант, аға ғылыми қызметкер болып, ғылым кандидаты, ғылым докторлығына диссертация қорғадым.

Өзім білім алған оқу орнында қыз­меттік жолым басталып, қарапайым оқытушыдан, барлық қызмет сатысынан өтіп, өз университетімнің ректорлық қызметіне дейін көтерілдім.

Бұдан әрі Білім және ғылым министр­лігінде департамент директоры, екі комитет төрағасы, ВАК төрағасы, жауапты хатшы, Президент жанындағы басқару академиясының ректоры, Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы – Астана қаласының кураторы, осы уақытқа дейін төрт оқу орнының ректоры болдым. Өмірде қандай биіктерді бағындырып, қандай жетістіктерге жетсем, ол өзімді түлеткен оқу орнымның, ұлағатты ұстаздарымның үлкен еңбегі, сол кісілердің маған артқан зор сенімі деп білемін.

Университтеттің тарихын еске алған­да, оның дамуына зор үлесін қос­қан танымал тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Сәрсенұлы Дос­ман­бетовтің еңбегін айрықша атап өткім келеді. Б.Досманбетов оқу орнына педагогикалық институт кезінен ректор болып, оны жан-жақты дамытуға, мықты мамандар әкеліп, ғылыми әлеуе­тін арттыруға бар күш-жігерін жұм­са­ды. Оқу ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, олардың айналасының абаттандырылуына, сәулетін арттырып, субұрқақтар салып, ағаш егілуіне зор көңіл бөліп, мате­риалдық-техникалық базаны жаңартты. Үкіметтің шешімімен оқу орнын университет мәртебесіне көтеріп, Қорқыт Ата есімінің берілуіне де Б.Досманбетов үлкен еңбегін сіңірді.

1996 жылы мен оқу орнының ректоры болдым. Бұл уақытта да университетте көптеген жұмыс жүргізіліп, оқу орны қарқынды түрде даму жолына түсті. Мен ректор болған осы тұста, яғни 1997 жылы маған университеттің 60 жылдық мерейтойын өткізу бақыты бұйырды. Ұжым мүшелері осы іс-шараларды өткізуге жұдырықтай жұмылып, атсалыс­ты. Ынтымақ пен бірліктің арқасында мерейтойымыз өз деңгейінде аталып өтті. Сол уақытта университетімізде ақпараттандыру жүйесін, интернет-технологияларды оқу үдерісіне терең­дете енгізілу басталды, шетел универ­ситеттерімен халықаралық байланыстар нығайтылды. Университетте техни­калық, гуманитарлық мамандықтар бойынша университет кадрларын қайта даярлау үшін Сыр өңірінде мұнай саласында жұмыс атқарған канадалық «Hurricane Hydrocarbons» компаниясы және Оңтүстік Альберта технологиялық институтымен (SAIT) келісімшарт әзірленіп, қол қойылды. Осы жоба аясында университетімізге 600 мың канадалық долларға құрал-жабдық әкелінді.

Біз жұмыс берушілермен бірле­сіп кәсіби стандарттар негізінде жыл сайын жаңартылатын оқу бағдар­ламаларын әзірлеуде SAIT-жобасы­ның инновациялық тәсілдерін зертте­дік. Жоба арқылы әртүрлі маман­дықтар бойынша университеттің 30 оқытушысы осы SAIT жобасы негізінде Канадада 6 айлық қайта даярлау курсынан өтті.

Университеттің мерейтойына дайын­дық барысында бұрын-соңды бол­ма­ған музей жасақталды, оған бүкіл уни­верситетіміздің тарихы, 60 жылда жасалған жетістіктер шежіресі жасалды. Атап айтқанда, ректорлар галерея­сы, көрнекті ғалымдар еңбектері мен суреттері, факультеттердің құрылымдық тарихы, түлектер жетістіктері және т.б. түрлі экспозициялар дайындалды. Музей Алматы қаласынан арнайы шақыруымызбен келген елімізге белгілі архитектор, суретші Аманжол Найманбаевтың басқаруымен жүйелі түрде безендіріліп, талапқа сай дайындалды. Бұл сол уақыттағы Қазақстан жоғары оқу орындары базасындағы ең көрнекті безендірілген музей болатын.

Университет жанында дарынды оқушылар үшін ашылған университет жанындағы қазақ-түрік лицейі жұмыс істеді. Мерейтойға Түркия елінен де белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері Туран Язган, Намық Кемал Зиябек, үкімет мүшелері, көптеген ғалым келіп қуанышымызбен бөлісті.

Облыс, кала басшылары осы мерекені өткізуге үлкен мән берді, жан-жақты қолдау көрсетті. Сол уақыттағы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев және қала әкімі Бақберген Досманбетов қазіргі Қызылорда қаласының бас аланыңда орналасқан бас ғимаратын университетімізге сыйға тартты.

Бағамдап отырсақ, университеттің 60 жылдық тойынан кейін де ширек ғасыр өтіпті. Осы уақыт аралығында университеттің үздіксіз дамуына Қ.Би­сенов, Б.Момынбаев өз үлестерін қосты.

Кейінгі уақыттарда Қорқыт Ата атын­дағы университет жақсы қарқынмен дамып, үлкен қадамдарға қарай аяқ басып келеді. Биыл оқу орнының Азия QS рейтингіне енуі оқу орнының болашаққа батыл қадам жасап, жан-жақты тұрғыда әлеуетінің артып, дамудың даңғыл жолына түскендігінің кепілі екені сөзсіз.

2019 жылы Президентіміз Қ.Тоқаев білім және ғылым саласына үлкен өз­герістер енгізіп, тың бастамалар мен нақты шешімдердің жүзеге асуына жол ашты. Университеттердің құры­­лымында корпоративтік жүйе құры­лып, академиялық және басқару еркін­дігі, ашықтық, академиялық шынайы­лық қағидаттары енгізілді. Саланы қар­жы­ландырудың көлемі артып, білім мен ғылымға бөлінетін гранттар саны көбейді.

Бұл жоғары оқу орындарының қар­жылық жағдайын реттеп, оқытушылар мен қызметкерлердің жалақысын өсіріп, материалдық-техникалық базаны, оқу-ғылыми зертханаларды, компьютерлік техникаларды, жатақханалардағы студенттер жағдайын жақсартуға кең жол ашты.

2018 жылы мектеп, колледж бітіруші түлектер үшін бакалавриатқа бөлінетін гранттар саны 53,6 мың, ал орташа құны 400 мың теңгені құраса, 2022 жылы білім гранттарының саны 73 мыңға жетіп, кұны 1 млн-ға дейін өсті. Осының нәтижесінде университеттердің қаржыландыру көлемі ұлғайып, білім сапасының жоғарылауына үлкен ықпал етті. Осы арқылы әлемдік QS рейтингіне 2020 жылы еліміздің университтерінің 10-ы ғана кірсе, осы жылы олардың саны 16-ға жетті.

2018 жылы ғылыми-зерттеу жұмыс­та­рын қаржыландыру бойынша ішкі жалпы өнімнің (ІЖО) үлесі 0,13 пайызды ғана құраса, Президент тапсырмасымен 2020 жылы ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыру Білім және ғылым министрлігі тарапынан 60%-дан аса өсіп, 2025 жылға қарай Қазақстан Республикасы 2022-2026 жыл­дарға арналған ғылымды дамыту тұжы­рымдамасында қаржыландыру деңгейін ІЖӨ 1%-ына жеткізу көзделіп отыр.

Биыл 500 ғалымның әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтуін ұйымдастыру жаңа жобасы және жас ғалымдарға жыл сайын 1000 грант бөлетін «Жас ғалым» жобасы басталады.

Жалпы, еліміздің ғалымдары мемлекет тарапынан ғылымның нақты қолдауын сезініп келеді. Бұған дейін ғылыми жобалар бойынша жылына бір ғана конкурс өткізілсе, қазіргі уақытта жылына үш түрлі конкурстар өткізу қолға алынды.

Президент тапсырмасымен Білім және ғылым министрлігінің екіге бөлі­нуі – жоғары білім және ғылым сала­сын қарқынды түрде дамытуға кең жол ашып, тың өзгерістерге зор серпін берді. Жоғары білім және ғылым минис­трлігіне жаңа басшы Саясат Нұрбектің келуімен әлемдік білім-ғылым кеңісті­гімен тығыз байланыстар орнатылып, осының негізінде білім мен ғылым сапасын көтеруге үлкен мүмкіндік туды. Министрлікте жастардың шығар­машылық жетістіктеріне зор көңіл бөлініп, оларды ғылымға көптеп тарту бойынша жүйелі жұмыс басталды. Міне, осы жұмыстың барлығы жоғары білім және ғылым саласын дамытуға бағытталған нақты және айқын қадамдар деп айтуға болады.

Әрине, білім және ғылым саласында болып жатқан осындай жаңалықтар Қорқыт Ата университетінің де жоғары қарқынмен дамып, алға қарай озуына үлкен серпін берді. Осы оң өзгерістердің орын алуына университет ректоры Бейбіткүл Сәрсемханқызы Каримова өз үлесін қосуда.

Аталған университет бүгінде еліміз­дің педагогика саласы мен экономика және басқа да түрлі салалары үшін білікті мамандар даярлайтын, биыл Азия QS рейтингіне енген еліміздегі кең танымал, жетекші жоғары оқу орындарының біріне айналды. Университеттен мықты ғалымдар, үздік мұғалімдер, білікті инженерлер, құрылысшылар, кеншілер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, елімізге танымал спорт және өнер қайраткерлері шықты. Олар еліміздің түкпір-түкпірінде, алыс-жақын шетелдерде абыройлы қызметтер атқарып жүр. Алдағы уақытта да университет түлектері биік белестерді, асқақ асуларды, заңғар шыңдарды бағындыра береді деп кәміл сенемін.

 

Болатбек ӘБДІРӘСІЛОВ,

Қарағанды индустриялық университетінің ректоры,

биология ғылымдарының докторы, академик