Қаржы • 02 Желтоқсан, 2022

Инфляцияны тежеудің амалы

297 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Экономикамыз өте күрделі сәтті бастан кешіріп жатыр. Жылдан астам уақыт инфляция салтанат құрып тұр. Биліктің бағалауынша, біздегі инфляцияның себебі сыртқы факторлардың әсерінен туындап өрбіп отыр. Осындай сілтеме жасау Үкіметіміз үшін өте ыңғайлы. «Инфляция қарқынын тапсырылған дәлізге мал қораға қуып тыққандай қылар едік, әттең, егер ол ішкі экономиканың мәселесі болса. Ал бұл жолғы инфляция әлемдік экономиканың дүмпуінен туындап отырған жоқ па, сондықтан ол бізге бағынышты емес. Біз әлемдік экономиканың тәртібін өзгерте алмаймыз» дей салу ұтымды амал, әрине.

Инфляцияны тежеудің амалы

Мәселенің байыбына келер болсақ, макроэкономика инфля­ция­ның екі себебін тарқа­та­ды. Біріншісі – сұраныс инфляциясы, екіншісі – ұсыныс инфляция­сы. Алғашқысы, нарықтағы сұра­нысты қалыптастыратын фак­торлар әсерінен туындайды. Мә­селен, тұтынушылар тарапынан сұраныс деңгейінің күрт өсуі. Яғни халықтың табысы артса, тауар тапшылығы болса, бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы көбейсе, түрлі әлеуметтік жәрдем­ақы­лар молая түссе, сұраныс инфляциясы қалыптаса жөнеледі. Осындай сәтте «ақшаң көп екен, саған керегі осы ма?» деп ет, сүт, нан, киім-кешек, жиһаз, ыдыс-аяқ, барлығын үйіп-төгіп саудаға салар отандық өндіріс болса ғой, шіркін! Сонда инфляцияның қа­расын да көрмес едік. Демек, сұ­ра­ныс инфляциясының ауыздығы – әртараптандырылған, қуаты мол, құдіреті күшті отандық өндіріс. Ал бағаны күштеп түсіру, сатушы­лар­ды жазалау, оңды-солды нау­қаншылап шапқылау, үгіт-наси­хат жүргізу, тәртіпті күшейту, шенеу­ніктерге сөгіс беріп, орнынан алу, мұның бәрі де құр әуре.

Ал ұсыныс инфляциясы өнді­рісті жүргізуге қажетті құрал-жаб­дық, шикізат, энергия, көлік, коммуналдық қызметтер, сумен жабдықтау, салық, кредит тағы басқа тауарлар мен қызметтер қымб­баттаған кезде орнайды. Егер өн­діруші өзінің тауары мен қыз­метінің бағасын шарасыздықтан көтерсе, онда мұны ұсыныс инфляциясы деп түсінген абзал.

Әлемдік экономикаға ойран салып отырған фактор – мұнай-газ ба­ға­сының өсуі. Бұған отандық өндіріс те қалқан бола алмас еді. Мәселен, бензин бағасы өссе, тізбектеліп көлікпен тасымалдау бағасы (тариф) ғана өсіп қоймайды, тасымалданатын көптеген тауар бағасы, тіпті нан да (оны да тасиды) қымбаттайды. Жалғастырсақ, көмір, мазут, газ, электр энергиясы қымббаттаса, коммуналдық төлемдер тарифы (бағасы) өседі. Ал салық құны, кредит пайызы көтерілсе, кәсіпорындар өндіріп сататын игіліктерінің бағасын көтеруге мәжбүр болады.

Жаратушымыз қазақ халқының таби­ғатын молынан жарылқап, ұсыныс инфляциясын болдырмауға бүкіл мүм­кін­дікті бере салғанына қайранмын. Бізде мұнай да, газ да, көмір де, уран да бар. Баламалы энергия көзі бола алатын су да, жел де, шақырайған күн де бар. Осы­ның бәрін ішкі экономиканы дамытуда қолдана алсақ игі еді. Әрине, экономика және қымбатшылық туралы сөз қозғағанда несие мен салық мәселесін айналып өте алмасымыз тағы белгілі. Егер салық құны өссе, онда кәсіпкер де тауар бағасын қымбаттатуға мәжбүр болады. Бірақ бұл да Үкіметтің өзі шешетін мәселе. Өндірісті басып-жаншып, бағаны шарықтатамын десе салық деңгейін жоғарылатып, ал өндірушілерді қолдап, демеймін, инфляцияның қарқынын басамын десе, салықты қысқартып, жеңілдіктер, каникулдар жасауы керек. Бұл жерде ешқандай сыртқы фактор әсерін болдырмауға 100 пайыз мүмкіндік бар. Ол үшін билікке ұлт қамын жеген азаматтар керек. Инфляцияның қолты­ғы­на су бүркіп отырған тағы бір себеп – несие мөлшерлемесі. Cіз өтінішпен барған екінші деңгейлі банк берген кредитіне жылдық төлем пайызын 35-40 пайыз деп мәлімдейді. Калькуляторға салып есептесеңіз, пайда табу үшін сіз кеткен шығындарыңыздың үстінен кем дегенде 70 пайыз жылына түсім алуыңыз шарт. Өйткені 10 пайыз пайдадан салық төлейсіз, 5 пайыз қамсыздандыру, мүлік салығы тағы бар. Жағдайды түзеудің жалғыз амалы – тауарды қымбатқа сату, сөйтіп инфляцияны өршіте түсу.

Ұлттық банк инфляциямен кү­ре­сіп жатырмыз деп базалық мөл­шерлемені қайта-қайта көтеріп жатыр. Демек, Ұлт­тық банк банктерге несиені 16 па­йыз­дық базалық ставка мөлшерімен есептеп ұсынады. Банк сол 16 пайызға ағымдағы инфляция пайызын қосып, оған өзінің 5-6 пайыз табысын қосып қояды.

Айналып келгенде ұлттық өн­дірісті дамыту, импорт көлемін азайту ғана қымбатшылықты те­жей­тін шынайы құрал екенін түсінеміз. Оны билік те, мүдделі органдар да түсінуі керек және соған бейімдеп әрекет жасағаны жөн. Әйтпесе, мына инфляцияның зардабы жылдарға созылуы ықтимал.

 

Жанкелді ШЫМШЫҚОВ,

экономика ғылымдарының кандидаты, профессор