Аймақтар • 05 Желтоқсан, 2022

Тозған құбыр, тоңған халық

230 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қарашаның қытымыр аязы өңірде жерасты жылу құбырларының әбден ескіріп кеткенін еске салды. Аудан орта­лық­тарындағы жылу желілерінің де жай-күйі оңып тұрған жоқ. Биыл орталықтан жыли­­тын тұрғын үйлер мен мек­тептердің іші азынап ке­тетін жағдайлар жиі кез­десіп жатыр.

Тозған құбыр, тоңған халық

Құбырлар 90 пайызға тозған

Рудныйда 30 қараша күнгі сақыл­да­ған сары аязда магис­тральды жылу құбыры жары­лып, 9-шағын ауданда ор­на­ласқан көпқабатты 33 тұрғын үй мен осы шағын аудан­дағы мектеп, колледж және бала­бақ­ша жарты күн бойы жылусыз қалды. Абырой болғанда, жарылған құбыр сол күні кешкі сағат 21:00-ге дейін бүтінделіп, тұр­ғын үй­лер мен әлеуметтік нысандарға көп кешікпей жылу берілді.

Қала тұрғындары тоң астында жатқан жылу тамырларының бұлайша сыр беруі жиі қайта­ла­на­тынын айтады. Шаһарға жылу таратып тұрған құбырлардың бойында жылына шамамен 300-дей апат тіркеледі екен. Құбыр жарылған күннің ертеңінде «Руд­ный жылу желілері» ЖШС-ның басшысы Арман Жүнісовке кіріп, қаланың жылу маусымына дайындығы, жылу жолдары мен қазандықтардың жай-күйін сұрап білдік.

Арман Қапарұлының ай­­­­туынша, қаланың жылу желілері бұрын Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бір­лестігіне қарап келген. Мемлекет мен­ші­гіне 2020 жылы ғана өтіпті. Бүгінде кәсіп­орынның балансында Рудный, Же­лезо­рудный бекеті мен Қашар кентін қоса қамтып жатқан 36,6 шақырым магистральды жылу құбыры бар. Ал осы бас құ­бырдан ғимараттарға, үйді-үйге дейін жылу жеткізетін ішкі құбырлардың жалпы ұзындығы 146,17 шақырым болады.

Жер астында жатқанына 70 жылдан асқан металл құбыр­лар­дың бәрі бүгінде әбден жұқарып, тозығы жетіп тұр. Ескі құбыр­ларды жаңарту жұмыстары осыдан екі жыл бұрын ғана, яғни жылу құбыр­ла­рына жауапты мекеме мемлекеттің мен­ші­гіне өткен соң ғана барып қолға алына бастаған.

– Жылу желілері мемлекет мен­шігіне өте салысымен, 4 жоба іске асы­рыла бас­тады. Оның біреуі толық аяқталды. Биыл Рудный қаласының ма­гист­ральды жылу желілерін жа­ңа­ладық. Келесі жылы Қашар мен Горняцкий елді ме­кен­де­рінің магис­тральды және ішкі құбырларын, Рудныйдағы тұр­ғын үйлердің арасын жалғай­тын жылу желілерін ауыстыру жұ­мыстарын бастаймыз. Бұдан өзге мекемеге қа­жет құрал-жаб­дық­тарды сатып алу жөнінде тағы бір жоба әзірлеп отырмыз. Мұның бәрін қосқанда, 5 жобаға 7,7 млрд теңге қаржы кетеді. Бүгін­ге дейін бұл жобаларға облыс бюд­жетінен бөлінген 4,5 млрд теңге игерілді, – деді «Рудный жылу желілері» серіктестігінің басшысы.

Былтыр металл бағасы бір­неше есе қымбаттап кеткен соң, аталған жобаларға бас­тапқыда бөлінген қаржы көле­мін қай­та қарауды талап еткен мердігерлер өз мін­деттерін атқарудан үзілді-кесілді бас тартып, құбыр жа­ңарту жұмыстары біраз уақытқа дейін тоқтап қалған.

– Біз қымбатшылыққа бай­ланыс­ты 2022 жылдың басында 4 жобаны қай­та қарап шы­ғып, түзету енгіздік. Түзе­тіліп, толықтырылған жобалар­дың бәрі мемле­кет­тік сараптамадан өтті. Екі жоба бойынша бюд­жеттен бөлінген қаржыны алдық. Қалған екеуіне бөлінген қаржы 2023 жыл­дың алғашқы тоқ­санында түсіп қалар деп үміт­те­ніп отырмыз, – деді А.Жүнісов.

Аталған төрт жоба бойынша Руд­ный қаласында ұзындығы 43 ша­­қырым магистральды құ­быр жаңартылуға тиіс. Был­тыр соның 3,5, биыл 14 ша­қы­рымы жаңартылған. Ал қал­ған құбырларды ауыстыру жұмыс­та­ры келесі жылға қа­лып отыр. Осылайша, жауапты серік­тестік соңғы екі жылдың ішінде Руд­ный мен оған қарасты екі елді мекендегі ұзындығы 182 шақырымнан асатын магис­­тральды жылу құбыры мен одан ғимараттарға тарап кететін ішкі құбырлардың 10 пайыздайын ғана жаңартып үлгерген.

Бүгінде Рудный қаласы мен Қа­шар, Железорудный кент­­терін қоса алғанда, жы­лу құбырларының 70 па­йыз­дан астамы тозып кеткен. Дәл осы қарқынмен қаржы­­лан­дырылатын болса, ескі құбырлар­ды ауыс­тыру жұмыс­тары тек 20 жылдан кейін ғана толық аяқталады екен.

Қала­ның жылу желілері мемле­кет­тікі болғанымен, сол жылу мен ыс­тық суды өндіретін қазандықтар «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту комбинатының меншігінде. Сон­дық­тан қаланың аума­ғында жылу тұтынып отыр­ған 106 875 тұрғыннан және 997 заңды тұлға мен бюд­жет­тік мекемелерден түсетін қар­жы­ның 65 пайызы кен байыту комбинатының қалтасына түседі.

Пәтерге от жағып отыр

Меңдіқара ауданының орта­лығы Боровской кентінде көп­қабатты үйде тұра­тын жұрт пә­терде пеш жағып отыр. Себебі орта­лық желіден берілетін жылу мүлде мардымсыз. Тұрғындар мұндай жайсыздықтың көп жылдардан бері жал­ға­сып келе жатқанын айтады. Яғни қыс түссе пәтер жылымайды. Суық үйде жау­ра­ған тұрғындар амалсыз пәтерге ағаш отын кіргізіп, пеш тұтатып жылынып отыр. Оның сыртында, әр бөлмеге электр жылыт­қыштарын қояды. Соның өзінде пәтер ішіндегі жылу температурасы 15 градус­тан аспайды.

Мәселен, аудан орталығын­дағы қосқабатты үйдің тұрғыны Роза Шлегель қыс бойы жылу ақысын төлейді және оның сыртында, пешке жағатын отын сатып алады. Айтуынша, ағаштың әр текше метрі 6-8 мың теңгенің ара­лығында екен.

– Осы үйде тұрып жатқаныма биыл 6 жыл болады. Содан бері қыс түссе бойым бір жылып көрген емес. Үйдің температурасы әрі кетсе 15 градусқа дейін ғана көтеріледі. Биыл амалсыздан жылу құбырына ыстық су айдайтын сорғы қойғыздым. Оның өзін тексерушілер көріп қойып, алып таста деп ескерту жасап кетті. Үй ішіндегі температура сор­ғысыз 10 градусқа төмендеп кетеді. Жылуға, электр қуатына, отынға қыруар қаржы жұм­саймыз. Нәтиже жоқ, тіпті адам төзгісіз жағдайда тұрып жатырмыз, – дейді жылам­сыраған кейуана.

Ал әкімдіктегі жылуға жауапты мамандар тұрғын­дар­дың өзін кінә­лап отыр. Үйлерін жылыламайды. Пә­терге сорғы қояды, сондықтан жылу бәріне тең бөлін­бей­ді. Бірінің баспанасы жылы, енді бірінікі суық болып тұруының себебі осыда дейді. Әйтсе де әкімдіктегілер орта­лық қазандықты қайнататын көмірдің сапа­сыз екенін, мұның сыртында, жылу желісінің де әбден ескіріп кеткенін жоққа шығар­майды.

– Жылу желісі 90-95 пайызға дейін тозған. Қазандықтарды түгелдей жа­ңар­ту керек. Қазір осы мақсатта жоба­лық-сметалық құжат әзірлеп, бюджетке сұра­ным жіберуге қам жасап жа­тырмыз. Бұл біраз уақыт алатын шаруа, – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Николай Гулаков.

Бүгінде Боровской кентінде 7 жылу қазандығы жұмыс істеп тұр. Олардың бәрі өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары салынған. Бұл қазандықтардың біреуін жаңартуға шамамен 500 млн теңге қажет. Яғни пәтер­лерге тиісті мөлшерде жылу беру мәселесінің таяу арада ше­шіле қоятын түрі жоқ.

Балалар тоңып жүр

Қостанайдан 85 шақырым қашықта жатқан Федоров ауы­лын­дағы жалғыз қазақ мектебі де күн суытқалы жылымай тұр. Соның салдарынан білім оша­ғы­ның жанындағы балабақ­ша­ға 40 баланың төртеуі ғана барып жүр. Балғындардың көбі суық тиіп ауырып жатыр. Қалған балаларды ата-аналары жібермей отыр. Мектепте оқитын 130 бала қашықтан оқуға мәжбүр. Ата-аналардың айтуынша, балалар мектепте білім алғысы келеді, бірақ салқын болғандықтан үйде оты­рып, онлайн режімде оқып жа­тыр.

Федоровтағы қазақ орта мек­тебінің ғимараты осыдан он жыл бұрын бой көтерген. Содан бері білім ордасы жөнді жылынбайды. Биыл тіпті азынап, сабақ өткізу мүмкін болмай қалған. Бұған дейін көмір жағып келген мектеп қазандығы жуырда жаң­ғыр­тылып, көгілдір отынға көшіп­ті. Газбен жанатын қазандықтың қосыл­ға­нына бірнеше күн өтсе де, білім ғимараты жылымай тұр.

– Балам екі күн мектепке барса, 10 күн ауырып қа­лады. Үш күн мектепке бара­ды, 20 күн ауырып қалады, – дейді осы мектепте білім ала­тын оқушының анасы Мира Алмасбекқызы.

Аудан басшылығы мектептің жылымауын мердігерден кө­реді. Әкімнің орынбасары Рамиль Валеев наразы ата-аналарды кеткен кемшілікті бір­тіндеп жойып, жағдайды қа­лыпқа келтіреміз деп сендірді.

– Мектеп қазандығы жуырда ғана жаңғыртылып, жылыту жүйесі көгілдір отынға ауыс­тырылды. Мердігер жұмысты мерзімінде бітірмей, осындай жағдайға тап болдық. Барлығын қалыпқа келтіреміз, – деп уәде етті әкімнің орынбасары.

 

Қостанай облысы