Қоғам • 09 Желтоқсан, 2022

Жаңарудың үмітті белгісі

611 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әлемнің барлық демократиялық елінде президент сайлауы – тек мемлекет басшысын таңдау ғана емес, ел болашағын айқындайтын маңызды қадам.

Жаңарудың үмітті белгісі

Осы жолғы Қазақстандағы президент сайлауына шеттен жанашыр, жанкүйер көңілмен қарап отырдық. Қасым-Жомарт Кемелұлының басым дауыспен айқын жеңіске жетуі – жалпы Қазақстан халқының, оның ішінде қазақ ұлтының саяси сауаттылығы мен белсенділігін, сондай-ақ парасаттылығын көрсетті. «Кезектен тыс президент сайлауы өтеді» деп хабарланған 2022 жылы қыркүйек айының 1 жұлдызынан бері әлемнің назары Қазақ елінде болғанына бәріміз куәміз. Түркия сияқты алып мемлекеттің, жанашыр ұлыстың астанасындағы іргелі БАҚ өкілі ретінде бұл жағдайды біз де жіті қадағалап, тақымымызды қысып отырдық.

Президент сайлауы туралы сөз бол­­ғанда, мұның саяси бейнесі, елдік мұ­ра­ты, халықтық қасиеті барынша кең ауқымға айналып шыға келеді. Өйткені қай елде болсын, халық қашанда әділ сайлау мен әділетті сенімге иек артады. Сол арқылы өзінің де ертеңгі күні мен ұрпағының болашағына деген сенімділік тұғырын орнықтырады.

Сайлаудың тура осы жолғыдай әділ, байыпты бәсекемен өтуі – жаңарудың жаңа белгісі. Өйткені Қазақстан сынды әрі жас, әрі үлкен, әрі халық құрамы күрделі елдің президенті болу – үлкен жауапкершілік. Қазақ елінің президенті болатын адамнан уақыт пен қоғам сыны әділеттілікті, білімділікті, пара­сатты, халықаралық деңгейді, саяси көрегенділік пен көшбасшылықты, әлеуметтік-экономикалық сауаттылықты, мәдени талғаммен ізгілікті әділдікті қажет етеді. Сонымен қатар Абай атамыз айтқандай, қайрат, ақыл, жүрек керек. Жоғарыда айтылған шарттар мен талаптарға ең лайықты тұлға – Қасым-Жомарт Кемелұлы екеніне бүкіл Қазақстан халқы сеніп, үмітін үкіледі.

Қазақ біреуден жақсылық көрсе, «жақсы адам екен, текті екен» деп жатады. Мұны есту – үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік.

Қасым-Жомарт Тоқаев – тегімен де, тәрбиесімен де, таным-түсінігімен де қазақ зиялыларына етене жақын тұлға. Өйткені ол – қазақ рухани әлеміне үлкен үлес қосқан қарымды қаламгердің перзенті, тағдыр тауқыметін тартқан текті тұлғаның тұяғы, елдің тыныс-тіршілігін, мұңы мен мұқтажын бала кезінен көріп өскен, іштен білетін азамат. Демек ол – шын мәнінде кешегі ата-бабаларынан бастап бүгінге дейін халқына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан отбасының ұрпағы. Қысқасы, қазақтың азапты жылдарын өз басынан өткерсе де мойымаған, мойынсұнбаған, жаңа заманда қайта түлеп, ілгері ұмтылған, жалпы ел мүддесі жоғары қойған жауапты азамат.

Халық таңдаған Президент – оқуы да, тоқуы да бір басына жететін кәсіби маман, қайраткер, саясаткер. Айтайын дегеніміз ол осының бәріне тек адал еңбегімен, таза талпынысымен, білімімен, талантымен жетті.

Мен атажұрттағы еліміздің басшысы туралы көп оқыдым. Түркияда да біраз кітаптар шыққан.

Қасым-Жомарт Кемелұлының білімге құштарлығының тамыры тереңде екенін білдік: анасы – шет тілдерін меңгерген ұстаз, әкесі – қазақ әдебиетінің тың жанрының көшбасшы қаламгері. Осын­дай зиялы шаңырақтан шыққан Қасым-Жомарт Кемелұлының жасынан кітапты сүйіп, білімге құштар болып ержетуі – заңды құбылыс. Бес-алты шет тілін еркін меңгеріп, жауапкершілігі мол лауазымды қызметтерде жүрсе де, жазудан да, ізденуден де қол үзбеген азаматтың дара жолы баршаға өнеге. Саяси ғылымдар докторы ретінде бүгінде бірнеше ғылыми-танымдық, сараптамалық кітаптың авторы. Саяси, ғылыми мақалалары ел ішінде ғана емес, үнемі саясаткер сарапшылардың көкейіндегісін дөп басып жүр.

Қасым-Жомарт Тоқаев ана тілінен бөлек, орыс, ағылшын, қытай тілдерін жетік меңгерген. Сондай-ақ француз тілінде сөйлей алады. Қытай тілін білумен қатар Қытайдың бес мың жылдық тарихын, мәдениетін, ел басқару философиясын, Қытайдың артықшылығы мен олқылықтарын жеріне жете зерттеген.

Ал ағылшын тілі – халықаралық тіл. Әлемде ең көп тараған әрі қытай тілінен кейінгі халық саны бойынша ең көп пайдаланылатын тіл. Қ.Тоқаев болса дүние жүзінің ең кең таралған тілінде еркін сөйлейді. Бұл – әлемдегі елмен аудармасыз тікелей байланыс жасай алады деген сөз. Демек көп тіл білу адамның жеке тұлғалық деңгейін көтеріп, білім қатпарын қалыңдатумен бірге, сол халықтың әлеуетін де көрсетеді. Алайда көп жұрттың тілін біліп, ділін меңгеру шынайы кемелденген адамның ғана қолынан келеді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекет­тік қызметтің барлық саласында еңбек етті: Қытайда елшілікте істеді, Сыртқы істер министрі лауазымында болды, Премьер-министр болды, БҰҰ-да жұ­мыс атқарды, Сенатты да басқарды, Президент ретінде елді басқарды. Енді міне, кезектен тыс сайлауда қайтадан Мемлекет басшысы болып сайланды.

Әділдік – ізгіліктің іргетасы. Бұл туралы бағзыдағы бабалар, ертедегі даналар, әлемге әйгілі тұлғалар сан мәрте айтқан.

Түркия мемлекетінің көшбасшысы Мұстафа Кемел Ататүрік: «Халықтың сенімі – менің қызметім, президенттік міндетім – халқымның бақытын ойлау», деп аталы сөз айтқан.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа, әділетті Қазақстан туралы айтуы халықтың және ел болашағына алаңдайтын мемлекетшіл азаматтардың көптен күткен сөзі еді. Атажұрттағы ардақты басшымыз: «Елдің дамуы үшін әділдік түбегейлі орнығуға тиіс. Онсыз халықтың мемлекетке деген сенімі де болмайды. Сондықтан әділдік идеясы – менің саяси бағдарымның ең басты өзегі. Бұл мақсатқа жету үшін, ең алдымен, заңдарымыз әділ болуы керек. Өйткені мемлекеттік саясат заң арқылы жүзеге асырылады. Реформалардың бас­ты мақсаты – халықтың тұрмыс сапа­сын жақсарту», деп өзіне аса жауапты міндет жүктеп отыр.

Әділдік пен әділеттілікті нақты іспен оң нәтижелер арқылы өмір шындығына айналдырған кезде ғана халықтың әлеуметтік әл-ауқаты түзеліп, қоғамда әлеуметтік әділеттіліктің орнығары анық.

Қазақстан осы сайлауда әлемге сауатты халық, өркениетті ұлт, салиқалы жұрт екендігін тағы бір рет көрсетті. Бұл – шетелде өмір сүріп жатқан қандастар үшін де зор мақтаныш.

Танымал жазушы, қоғам қайраткері Әлібек Асқаровтың мына дерегі ойыма оралып тұр:

«Шетелдегі қандастарымыздың мүд­­десін қорғауда кезінде Сыртқы істер ми­­нистрі лауазымындағы Қасым-Жомарт Кемелұлының атқарған шаруала­ры өз алдына бір төбе. Министрліктің ара­ла­суы­мен шетелдерде тұратын қан­дас­­­та­рымыздың атамекеніне оралуына, ата­жұр­тымен қауышып, аға­йын­мен араласуына бағытталған көп­теген же­ңіл­дік жасалды».

Біздіңше, әділетті Қа­зақстанда ше­кара сыртындағы қан­дас­тар­ға мем­ле­кет­шіл көзқарас, елдік бауыр­ма­шылдық арта түседі.

Иә, бүгінгі Қазақстан Президенті тәуел­сіздік пен ұлттық мүдделерді тек дип­ломатиямен ғана емес, қатал ұста­ным­мен қорғауға дайын екенін үнемі аңғартып келеді.

 

Зейнеш СМАЙЫЛҰЛЫ,

түрколог, қытайтанушы,

ҰҒА құрметті академигі

 

Түркия