Өнер • 13 Желтоқсан, 2022

«Еуразия» кинофестивалінің алғашқы сыйлықтары табысталды

340 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

XVI «Еуразия» халықаралық кинофестивалі басталды. Ашылу салтанаты Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Еуразия» кинофестивалінің алғашқы сыйлықтары табысталды

Бағдарлама қызыл кілем рәсімімен басталды. Салтанатты түрде безендірілген театрдың бас залында іс-шараны фестиваль президенті Ардақ Әмірқұлов пен бағдарлама директоры Гүлнара Әбікеева ашты. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың кіріспе сөзі оқылды және ол қатысушыларға шығармашылық жетістіктер мен жемісті күн, жақсы көңіл күй тіледі.

«Еуразия» байқау бағдарламаларына қатысатын барлық фильмдерді қамтитын трейлер де көрсетілді. Оған қоса, көрермендер қазылар алқасының мүшелерімен танысты. Бір қызығы, сахнаға шыққан шетелдік қонақтар алдымен қазақ тілінде кем дегенде бір-екі сөз айтуға тырысты.

л

Салтанатты шараның басты тосынсыйы фестивальдің арнайы жүлделерін табыстау болды. «Орталық Азия кинематографының дамуына қосқан үлесі үшін» жүлдесін атақты өзбек режиссері Әли Хамраев алды, ол осы фестивальде халықаралық байқаудың қазылар алқасын басқарады. 

«Бүгін Қазақстан жеріне мереке келді – әлемдік кино өкілдері Сіздердің шаңырақта қонақта. Менің ойымша, қиын кезеңде басқа халықтарды жылы қабылдай алатын адамдар керемет! «Еуразия» фестивалі өмір сүреді – бұл ең бастысы! Біз оны сағындық. Фестивальге  және Қазақстанға сәттілік!», деді 85 жастағы өзбек киносы шебері.

Тағы бір арнайы сыйлық – «Қазақ кинематографына қосқан үлесі үшін» – мәдениеттанушы және қоғам қайраткері Мұрат Әуезовке табысталды.

Бағдарламаның ашылуы қазақстандық кинорежиссер Сәбит Құрманбековтің «Боран» картинасының көрсетілімімен аяқталды.

Бірақ ашылу салтанатына дейін фестиваль орталығында алғашқы баспасөз конференциялары өтті. 

Алдымен іс-шара ұйымдастырушылары сөз сөйледі. Гүлнар Әбікееваның айтуынша, биылғы фестивальде жұлдызды қазылар алқасы жинақталған.

«Егер бір кездері бізде «Динамикалық дамып келе жатқан қазақ киносы», содан кейін «Динамикалық қазақ киносы» бағдарламалары болса, қазір біздің кинематографтар халықаралық байқаумен тең жеке ұлттық конкурс өткізуге мүмкіндік беретін деңгейге жетті. XVI «Еуразия» кинофестивалінің басты ерекшелігі мен жаңалығы осы», деді ол.

в

Айта кетейік, байқауға қатысатын төрт картина өз елдерінен «Оскар» сыйлығына ұсынылған. Сонымен қатар фестивальде бірден төрт әлемдік премьера өтеді. 

Тағы үш баспасөз конференциясында ұлттық, халықаралық байқаулардың және NETPAC (Азия киносын ілгерілету жөніндегі халықаралық желі) қазылар алқасының «тұсаукесері»  өтті. 

Негізгі іс-шарамен қатар Кинопарк 10 Forum кинотеатрында фильм көрсетілімдері басталды. Халықаралық байқаудан «Иль Боемо» (Чехия – Италия – Словакия; режиссер Петр Вацлав) және «Әйел» (Қытай; режиссер Ван Чао) фильмдері көрсетілді. Ұлттық байқаудан  – «Тау пиязы» (режиссер Эльдар Шибанов), «Зере» (режиссер Дәурен Қамшыбаев) және «От» (режиссер Айжан Қасымбек) фильмдері көрсетілді. Ал конкурстан тыс «Ерекше оқиға»  бағдарламасы Болгар режиссері, ұлттық байқаудың қазылар алқасының мүшесі Милко Лазаровтың «Ага» картинасымен ашылды. Ол бүкіл әлем бойынша кинофестивальдерде көптеген марапаттарға ие болды, ал XIV «Еуразия» кинофестивалінде Үздік режиссуралық жұмысы үшін марапатталды.