Руханият • 15 Желтоқсан, 2022

Халық алқалаған Әз-аға

311 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

14.02.2007. Бүгін ұмытылмас күн. Оқыр­мандарыммен алғаш рет кездескен күнім. Бұл өтініш №51 қазақ орта мектебінің 9 «Б» сыныбы ата-аналарының атынан көршіміз Гүлжиһаннан түскен еді. Оның осы сыныпта Әсел қызы оқиды. Жұмысбасты болып бұл өтініш кейінге ысырыла берген-тін. Әңгіме тақырыбына менің «Махаббат жыршысы» кітабым арқау болуға тиісті еді. Ұялғаннан келісімімді бердім.

Халық алқалаған Әз-аға

Менің кездесуім дәл «Ғашықтар күніне» сәйкес келіпті. Дәл төрдегі «Ербол мен Меңтайсыз – бұл махаббат баянсыз!» деген айшықты жазу көзіме шалынды. Бойым қызынып кетті... Есіме Әз-ағаң (Әзілхан Нұршайықов) түсті...

...Акт залындағы жоғарғы сынып оқушы­ларымен кездесуім 1,5 сағатқа созыл­ды. Әңгіме сұрақ-жауап күйінде өр­бі­ді. «Махаббат, қызық мол жылдар» ро­маны бойынша әдеби-монтаж көрсетілді. А.Бектембаева күй тартты. Ақын балалар А.Нұ­рашева мен Қ.Бектасов өлеңдерін оқыды.

Жақсы сұрақ қойып, менің де сұрақтары­ма тұшымды жауап қайтарған мұғалімдер мен оқушыларға өз кітаптарымды сыйладым.

Соңынан ата-аналар, мектеп оқу ісінің меңгерушісі, сынып жетекшісі тағылымды кездесуге разы болып, алғыстарын айтты.

...Үйге келген соң Әз-ағаңмен хабарлас­тым. «Бүгін құлағыңыз шулаған шығар» десем, «Иә, шулағандай болды» дейді, Әз-ағам. Мен оқырмандарыммен алғаш рет кездескенімді айттым.

– Өте дұрыс жасағансың! – деді Әз-аға. – Кездескен деген жақсы. Желпініп жүресің. Көңіл өсіп жүреді. Мен қазір кездесуге бұрынғыдан да ынтығып баратын болдым. Кездесу – оқырмандарыңды да, өзіңді де өмірге ғашық ете түсетін бірден-бір әсері күшті рухани ықпал. Қайсар, саған айтар ақылым – кездесулерден қаша көрме!

– Құп болады, Әз-аға!

01.08.2007. Сағат 22.10-да Әсет пен Әсел кішкентайлы болды. Дәл осы мезетте Әзілхан Нұршайықов ағамыз баласы Арнұр, келін-немерелерімен Алматыдан 18 сағат бойы көлікпен жүріп келіп (Балқашқа суға түсіп, асықпай дегендей), Астанаға ат басын тірепті...

Ертеңгі күні Әз-ағаң менімен хабарлас­ты. Мен немерелі болғанымызды қуана жеткіздім.

– Есімі Халима әжесіне сұранып тұрға­нын қарашы, – деді Әз-ағаң әзілдеп. – Жай айтамын, өздерің білесіңдер...

 Балалармен ақылдасып көріп едім, ұсынысым өтпей қалды. Кішкентайымыз Әсем аталды. Бауы берік болсын!

...3 тамыз күні баспагер Нұрлан Исабеков екеуміз Әз-ағаңды қыдырттық. Қала сыртын­дағы Қабанбай батыр атасының басына апар­дық. Тәу еттік. Шаһар ішінде жуырда (05.06.2007) ашылған Бөгенбай батыр ескерт­кішін көрсеттік. Әз-ағаң «Фолиант» баспасының ұжымымен кездесу өткізді. Бетінен Гүлжаһан мен Раушан сүйіп алып еді, разы болып «Мәңгілік махаббат жыры» кітабын сыйлады.

6 тамызда «Бәйтерек» қасында Әз-ағаң менің немерелеріммен, келіндеріммен, балаларыммен, өзінің немересі Әлиямен суретке түсті.

...Сөйтіп, тамыз басы біздің отбасымыз үшін берекелі де мерекелі болды. Бура­байдың сұлулығына тәнті боп оралған Әз-ағаңды мейрамханаға шақырып, Әсем немеремізге батасын алдым!

15.02.2008. «Махаббат.Отансүйгіштік!» Бұл бейнелі нақышты сөз 85 жасқа толу (2007 жылдың 15 желтоқсанында толған) мерейтойын бүкіл халқы мейірленіп атап, мар­қайып қалып жатқан осы кезекті бір әсерлі шақта – оңтүстік астана жұртшылығымен ыстық кездесу алдында қадірменді жазушы Әзілхан Нұршайықовтың өз аузы­нан шыққан еді. Себебі өзгесін былай қойғанда, «Махаббат, қызық мол жылдар» мен «Ақиқат пен аңыз» романдары ғана әр жүрекке махаббат пен отансүйгіштік пәк сезімдерді ұялататынын айтып жатудың өзі артық секілді.

Қазақ өнерінің қара шаңырағында ине шаншар орын болмағанын көрдік. Алатаудай ақ басты зиялылармен қатар студенттер, «ұландық» жауынгерлер, тіпті өзге ұлт өкілдері де молынан көрінеді. Бәрін бір тылсым сезім шырмап тастағандай. Ол – кітап құдіреті, оқуға деген ынтызарлықтың белгісі еді. Ол – қазақ елінің кітап оқуға деген ыстық ықыласы еді.

Тәуелсіз мемлекетіміздегі оқырмандар тойы осылайша тамаша болып өтті. Бұл бір жағынан өзінің ақындарымен, жазушыларымен, өнер қайраткерлерімен қуана білетін, олардың талантын сыйлай білетін Алматы қаласы әкімдігінің тойы еді. Сонымен бірге өзінің он үшінші құрылтайынан соң жасарып жаңғырған, кемелдене түскен, сонау алыптар тобының ізбасарларына деген сергек көңіл, үлкен демеу жасай алатын Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының елгезектік қасиетінің тағы бір мысалы, дәстүрлі дәлеліндей еді. Осы жағын біраз сөйлеушілер қадап-қадап айтып жатты.

Сөйлеушілер көп болды. Театрланды­рыл­­ған көріністер қойылды. Сұрапыл соғыстың толастаған сәтінде командирінің бұй­рығымен аға сержант Әзілхан түтін жұтып, шабытқа беріліп Жамбыл атасына өлең­мен хат жазып жатқан бейнекөрініс тама­шаланғанда қос немересімен сахна тө­рінде отырған бүгінгі батагөй Нұршайы­қов­тың бетін жас жауып кеткенін байқаған зал да жанарын еріксіз шылап алды-ау.

Мемлекет басшысының, Парламент Сенатының төрағасы Қ.Тоқаевтың халық жазушысына арнап жіберген құттықтаулары оқылды. Парламент Мәжілісінің депутаты, ұлтжандылығын меценаттығымен дәлелдеп жүрген Н.Сабильянов ағасына темір тұлпардың кілтін тапсырды. Әлия мен Мәншүктің өнердегі сіңлісі Роза Рымбаева «Әлияны» шырқағанда залдағы ҚызПУ-дың (Әз-ағаңның атауы) қыздары өзгелермен бірге мақтаныш сезіміне бөленді. Осы жоғары оқу орнының ректоры Ш.Беркімбаева Халима апайымыздың шәкірттік кезінен сыр суыртпақтай келіп, «Әз-аға – біздің күйеу баламыз» дегенде, қазақ әзілінің ғажаптығы еріксіз еске түсіп, елжіретеді екен.

Театрдың фойесінде бейтаныс бір оқырманның маған былай деп сыр айтқаны бар. Сөз берілгенде бүй дер едім деді ол кездесу әсерінен айыға алмай: «Әз-аға, сіз аса бай адамсыз. Абай атамыздан «алтын емес, сөз қалды» дегенімізде, аса ірі бай шенеуніктің тулағанын көргенбіз. Сонда алтын мен сөздің парқын енді түсінгені екен ғой сол пақырдың».

...Табылған сөз екен-ау!

...Кездесуде біраз тұлғалар жүрекжарды лебіз білдірді. Мәселен, халық жазушысы Қ.Жұмаділов: «Әзілхан аға біздерге олжа адамдар, соғыс олжасы», – деді. «Әз-ағаңның өзі айтқан: «Ақиқат пен аңыз» Қабдеш болмаса, шықпай қалар еді», – деп.

Сондай-ақ Т.Молдағалиев, М.Айтқожи­на, Т.Кәкішев, С.Қирабаев, Б.Омаров, т.б. жазушыға ыстық іңкәрлігін білдіріп, Жамбылдың жасына келуді тілеп жатты.

Ертесіне тойға Астанадан әдейі келген жазушы-аудармашы Кеңес Юсуп екеумізді Әз-ағаң, Ә.Ыдырысов, М.Айтхожина, Х.Есен­ғараева тағы басқалармен қосып С.Досанов үйіне шақырды. Жақсы отырыс болды.

...Бұл жолы Әз-ағаңды жақынырақ, тереңірек тани түскендей болдым. Сол салмақты, маңғаз қалпы. Сахнада да көбіне тікесінен тік тұрып өзіне арналған ілтипатты лебіздерді қабылдаудан жалықпаған Әз-ағаң мейрамханада да әр тілекті солдатша қаздиып елгезектікпен тыңдаудан жаңылған жоқ.

Жалпы, Әз-ағаңды ұлықтандырып тұр­ған оның өте қарапайым, көпшіл, кішілік, аса кісілік мінезі екеніне тағы бір көзім жетті.

 29.05.2008. Астанадан Алматыға келген күні Жазушылар одағы дайындап қойған қонақүйде сәл тыныстап алып, Әз-ағаңа (Нұршайықов) телефон шалып, қашан кіріп шығуға мүмкіндік болатынын сұрадым. Түскі кезеңге уағдаластық.

Күн тіршілік атаулыны қуырып тұр. Мон­­шадан шыққандай боп әрең жет­тім үйге. Есік­ті Әз-ағаңның өзі ашты. Құшақ­тасып жатырмыз.

Үйде жалғыз екен. Кабинетіне бастады. Төрт бөлмелі үйдің ең үлкенін – жазу отауына ыңғайлап алған екен. Төрт қабырға кітап­пен жабылған. Тек кірер есік пен балкон оймасы жалаңаш. Жәшік үстінде әр алуан портреттер жайғастырылған. Бөлме ортасында үлкен үстел. Оған жанамалап тағы біреуі қойылған. Екеуінің үсті толған жазу-сызу техникалық құралдары: компьютер, факс, телефон, т.б. Пәпкіге салынған қолжазбалар, кітап бумалары диван үстінде үйме болып жатыр. Осы «таудың» арасында Әз-ағаң өзін жоғалтып алмай қалай жүр екен деп таңғаласың еріксіз.

Кабинетте Әз-ағаң екеуміз бір-бірімізді суретке басып алдық әлденеше рет.

Жатын бөлмеге әкелді. Телевизор, киім жәшігі, қос төсектік кереует. Оның үстінде газеттер жайрап жатыр. Ортасындағы көзілдірік бейнебір Әз-ағаңды газет оқып шалқасынан жатқандай елестетеді.

Есіктің кіреберіс оң жағында ені 1,5 метрлік, ұзындығы төбеге сәл тірелмей тұрған темір жәшік орналасқан.

– Міне, мұнда менің блокнот-жаз-
баларым, сурет негативтері, түрлі құжат­­т­арым сақталады, деп Әз-ағаң жә­шік­­тің кілтін сылдырлатып ашып қалған­­да, көзіме алуан жиһаз оттай басыл­ғандай болды... Шырт еткізіп сол көріністі түсіріп алдым.

Бұған жапсарлас бөлме келін-баласы­ның жатын орны екен. Кабинет пен ас бөл­месінің ортасындағы жабық есікті иегімен нұсқап «немеремнің отауы», деп қойды.

Әңгімеміз кабинетте әрі жалғасты.

– Жанат досым (Елшібек) сіздің 10 томдығыңызды қолына түсіре алмай жүр еді.

– Жанатқа ма, е, беремін, – деп Әз-ағаң орнынан жеңіл көтерілді.

– Сосын сендердің бір қыздарың өтініш салып жүр. Факсте отыратын Мәншүк қыз ба еді?

– Иә, Мәншүк...

– «Мәңгілік махаббат жырын» сұрайды. Беріп жіберсем қайтеді?

– Қос сәлемдемеңізді де жеткіземін!

Кітаптарды қос пакетке салып, тас-түйін етіп қойдық.

Әз-ағаң «Фолиант» баспасының директоры Нұрлан Исабековке жеткізерсің деп өтініш айта бастады. Өзінің «Өмір өр­нектері» деген 3 томдық жуан кітаптарын ұстап, салмақтап тұрып, осы еңбегінің «Ма­хаббат, қызық мол жылдармен», «Ақиқат пен аңызбен» бірге ұзақ, тіпті мәңгілік жасарына сенімді екенін айта келіп, «мынау сенің «Актер тағдыры» секілді етіп Нұрлан бауырым қосымша қолжазба күйіндегісімен біріктіріп үш том етіп шығарып берсе деген ойым бар, соны айта барсаң.

– Міндетті түрде айтамын.

– «Фолиант» кітапты жақсы шығарды. Мынау «Актер тағдырын» қарашы, тіпті керемет! – Әз-ағаң «Актер тағдырын» екінші рет кеудесіне құмарлықпен басты.

Әнуар Боранбаев туралы бұл кітабымды мана әзірде табыс еткенімде мұқабасына ернін тигізіп, кеудесіне басып еді...

– «Актер тағдырының» тұсаукесері арғы күні, 31 мамырда Әуезов театрында болады. Соған келіңіз, – дедім Әз-ағаңа.

– Аяғым сырқырап жүре алмай жүрмін. Рахмет, қалқам.

... Мен Әз-ағаңмен сүйісіп қоштасып, есікті аша бергенімде сырттан Арнұр ұлы сәлем беріп кіріп жатты...

...12 кітап арқалап үйден шықтым. С.Мұқанов пен Ғ.Мүсірепов мұражайының директоры ақын Әділғазы Қайырбековпен кездесуім керек еді. Соған тарттым.

30.09.2009. Әзілхан ағаммен сөйлескім келіп кетті де қоңырау шалдым. Баяғы биязы, сыңғыр даусы. Өзімсінген үнмен бауырына тартып, мерейлендіріп тастады. Менің жағдайымды сұрастырып алды да өз жайы­нан баян бере сөйледі. Іші пысып отырса керек, қамшы салдырмай-ақ төкпелетті.

Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінде Абайға қатысты мақаласы шығыпты. Онда негізінен ұлы ақынның махаббат жырларының желісімен ғасырлар ғазелдерін жібек жіпше тарқатып, бүгінге шекті ширатып, пысықтапты.

– Қазірден ынтықпыз ол мақалаға! – дедім мен өзімді ұстай алмай.

– Факспен жіберемін ғой! – деді Әз-аға «тұра тұр, тамсанарың әлі алда» дегендей даусын құбылта емексітіп.

Шынында солай екен. Бұл айда қалам салы­мы мол болғандай. «Ақиқат» журналы­ның №9 санында өзі оқып білім алған қара шаңырақ ҚазМУ-дың 75 жылдық мерейтойына орай көсілген көсемсөзі шығыпты.

– Сөйтіп, студенттік сырбаз да сырлы жылдарыма саяхат жасағандай болдым ғой! – деп тыңдаушысын тамсантып жіберді.

Қызылордаға барып, қаланың мере­ке­лік іс-шараларына қатысыпты. Оқырман­дарымен жүздесуі жүрегін егілтсе керек.

– Жалпы, жүрек-мотор дұрыс болса, жүріп тұрғанға не жетуші еді, – деп ой тас­тап та қойды. Бір ой қылаң етті: «Әлсіз жүректің, ғұмыр бойы инфарктан көз ашпаған кінәмшіл жүректің жұлқынысы мен ұмтылысы мынандай, біздерге не жорық!» Әрине, ішкі өкініш қой!..

Сыр өңіріне сапарында тарихи біраз жерлерді жалықпай аралапты. Өз өлкесі Өскемен жақтан мол әсермен оралып, сыры мол бүгілген аймақтан арып-ашып дегендей, түрлі мәліметтерге қанығыпты.

Сондай түнді күнге қосып жүрген аяқ­соқты сәттерінде де ақпарат жаңалық­тары­на құлақ тосуға мүмкіндік табады екен. Соның мысалындай етіп:

– Қайсар-ау! «Хабар» арнасынан «Ілік септігін» көрдім ғой. Міржақып Дулатов туралы жақсы айтып, риза қылдың көрермендерді, – деп балаша мәз болды.

22-24.12.2009. «Егемен Қазақстан» газетінің шыға бастағанына – 90 жыл толуына (Алғашқы саны 1919 жылдың 17 желтоқсанында жарық көрді – Қ.Ә.) арналған үш күндік салтанатты шараларға Алматыдан арнайы келіп Әзілхан Нұршайықов та қатысты. 87 жастағы қарт жазушы, тып-тың, елгезек, жылы жымиыспен маңайын нұрландырып жүр. Жол бастаушы етіп, қасына мені бөліп қойған еді. Екеуміз егіздей қосарланып, бір елі ажырамаймыз.

23 желтоқсанда Президенттің «Егемен Қазақстан» газетінің редакция­сында болатыны күні бұрын белгілі еді. Ол кісіні қарсы алу мезетінде сөз сөйлеу Әз-ағаңа жүктелген-тін. «Данияр» қонақ­үйінде алдын ала жазып қойған сол сөзін пысықтап оқудан жалықпайды. Маған тыңдатады. «Не дейсің?» дегендей, басын көтеріп, иегін қағады. «Жақсы екен!» деймін ізетпен.

Бәрі ойдағыдай бола бере ме? Елбасы «Егеменге» түске дейін келді де, редакция бөлмелерінің кейбіріне жедел кіріп шығып, кіреберіс холда сәл аялдап, ұжымдық суретке түсіп суыт аттанып кетті де Әз-ағаң сөз сөйлей алмай қалды. Бірақ бұл өкініштің есесі сол күні кеште К.Бәйсейітова атындағы опера және балет театрында өткен салтанатты жиында қайтарылған еді.

Сахнада Ә.Нұршайықов дайын сөзін саңқылдата оқып тұр. Жүрекке жеткен әндей бойды шымырлатады. Саф ауадай тыныс ашады. «...Енді «Егемен Қазақстанға» келейін. Қазақ баспасөзінің алтын шаңырақты ақ ордасы – «Егемен Қазақстан». Көрнекті қазақ жазушылары мен журналистерінің ұшқан ұясы, ұшар ұясы – «Егемен Қазақстан». Қазақ халқы рухының Алатаудай биік асқары, Есіл мен Ертістей сарқылмас нәрі – «Егемен Қазақстан». Қазақ халқының рухани мәңгілік азығы, қазақстандықтардың бірлігі мен ынтымағының мызғымас қазығы – «Егемен Қазақстан». – Осылайша, арынын баса алмаған тұлпардай тарпынған ол әңгімесінің әдемі де дәмді жеріне келді: «Ұлттық дәстүріміз бойынша той болған жерде шашу шашылады. Мен өз газетіміздің 90 жылдығына 90 кітап әкелейін деп едім, көтере алмадым. Алты бума – 60 кітап әкелдім мықшыңдап. Енді айтайын дегенім: тойға жиналған барша қауымды аман-сау болып, «Егемен Қазақстанның» 100 жылдық тойын бірге тойлауға шақырамын».

...Сөйткен Әз-ағаң, жұртты 100 жылдық тойға шақырып, өзі осы сөзінен 1 жыл екі ай өткенде, мәңгілік мекеніне аттанып кете барған еді.

...Әз-ағаңмен бірге өткізген 3 күн есте берік бедерленіп қалыпты. Кеңкілдеп күліп, керекті ғана әңгіме айтатын асыл аға еді-ау!

– Сыртта 30 градус аяз, Әз-аға, Астананы аралағыңыз келіп тұр-ау! – дедім сыр тартып.

– Өзің қасымда барда, маған жылы секілді! – дейді жан ағам. – Қадірлі жерлерін көріп қалайын да...

Мұндайда тұрыс бар ма?!

27.06.2010. Дос-ағам Ә.Нұршайықовпен сөйлестім. Телефоннан даусы жарқын шықты. «Шалдарша жүріп жатырмын» – дейді әңгімесінің әдеттегі мысалымен лекіте күліп. «Егемен Қазақстан» газетінде шыққан «Замандасқа хат» мақаласына орай Н.Назарбаевпен телефонмен хабарласыпты. Ризалығын білдіріпті. Жаңа пәтер жөнінде де уәдесін беріп қалса керек. Үкімет басшысына хат жазып, «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабының жарық көргеніне 40 жыл толуына орай республикалық деңгейде іс-шара өткізудің жай-жапсарын мәлімдепті.

22-24.09.2010. Осы кезеңде Тараз қала­сын­дағы Халық батыры Б.Момышұлының туғанына 100 жыл толуына арналған ғылыми-практикалық конференция өткен еді. Соның жайын Ә.Нұршайықов телефонмен хабардар етті. Батырдың келіні Зейнеп былай депті. «Сіз (Ә.Нұршайықовты айтады – Қ.Ә.) төралқада отырдыңыз ғой. Бір сәт көзім сізге түсіп кеткенде, өне бойым шымырлап жүре берді. Ақ көбелектер сіздің басыңызға қонып, ұша жөнеліп, қайыра жыпырлай үймелейді. Кенет басыңыз аппақ шардай боп, іле жер бетіндегі алып баққа айналып, төбеңізбен күнді көтеріп тұрғандай әсерге бөлеттіңіз...».

«Қарағым-ау! Бұл нендей түс? Түс деппін ғой. Өңіңде көргенің екен» – деп таңғалыпты Әз-ағаң.

«Сізде бір керемет магиялық күш-қуат бар шығар деймін», деп Зейнеп қарындасы жарасымды жымиысын тежей алмапты.

 

Қайсар ӘЛІМ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері