Руханият • 15 Желтоқсан, 2022

«Хат қоржын»

376 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

..мәселе көтереді

Ел дамуы халық санына байланысты

Кез келген мемлекеттің ішкі-сыртқы дамуы халық санының өсімімен тікелей байланысты. Қазақстан әлемдегі халық ең аз орналасқан елдердің бірі саналады. Қазір еліміздегі бір шаршы шақырым жерде тұратындар саны орта есеппен сегіз адамнан айналады екен. Ендеше біздің ел үшін демографиялық өсімде үлкен геосаяси мән бар. Тәуелсіздік жылдарындағы халқымыздың табиғи өсімі тоқмейілсуге негіз бола алмаса керек. Осы себепті аналар мен балаларға қамқорлық жасау, жәрдемақы тұжырымдамасын қайта қарау күн тәртібінен түспейтін мәселеге айналуға тиіс.

Тағы да қайталап айтайық, халықтың табиғи өсімін арттырудың жолы біреу – ол бала тууды көбейту және сол үшін мемлекет тарапынан аналарға барынша қолдау көрсетіп, жеңілдіктер жасау. Әлеуметтанушы Жандос Тілеукиннің айтуынша, біз – ана мен балаға толыққанды жағдай жасай алмай отырған елміз. Қазақстанда «Ана капиталы», «Бала капиталы» деген мемлекеттік бағдарламаларды отыз жыл бойы енгізе алмай келеміз. Мысалы, көрші Ресейде екінші баланы өмірге әкелген аналардың үкіметтен алатын бірреттік «Ана капиталы» 470 241 рубльге дейін өсті. Бұған қоса, Ресейде үшінші баланы дүниеге әкелген аналарға 10 сотық жер беру, ауыл шаруашылығы бизнесімен айналысуға жағдай туғызу сияқты жеңілдіктер қарастырылған.

Жапония, Корея, Германия да «Ана мен Бала капиталын» былтырғы көктемнен бастап айтарлықтай өсірген. Мәселен, Жапониядағы жүктілік, баланы дүниеге әкелу және бала күтіміне байланысты төленетін бірреттік жәрдемақы мөлшері 420 мың иенді (4078 доллар) құрайды екен. Бұл қаржы медициналық сақтандыру есебінен және әйелдің жұмыс істеу-істемеуіне байланыссыз берілетін көрінеді. Жүктілік кезіндегі демалыста әйелдерге айлық жалақысының үштен екісі мөлшерінде жәрдемақы төленетіні тағы бар.

«Негізінде, үкімет жағдай жасаймын десе, аналарға көп нәрсе жасауға болады. Ол үшін осы саланы үйлестіріп отырған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сауатты бағдарламалар, пәрмені мықты заңдар ұсына білуі керек», дейді әлеуметтанушы Жандос Тілеукин. Біздің де бұл ұстанымға қосып-аларымыз жоқ.

Әбдісабыр ӨМЕШҰЛЫ,

балалар хирургі, профессор

АЛМАТЫ

 

...жаңалығын жеткізеді

Үздік кітапханашылар анықталды

Сағи Жиенбаев атындағы Ақтөбе облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Ымырттағы кітапхана» әлеуметтік-мәдени іс-шарасы аясында «Библиоstar» кітапханашылар арасындағы кәсіби-шығармашылық байқауының екінші кезеңі мен қорытындысы шығарылды. Байқаудың мақсаты: кітапханашы мамандардың имиджін көтеру; кітапханашылардың шығармашылық қабілетін дамыта отырып, соңғы үлгідегі технологияларды пайдалануға үйрету; кітапханашы мамандардың кәсіби білімінің толығуына жол ашу.

Байқау талаптары мен шарттары бойынша қатысушылар мамандығын насихаттап, белгілі бір кітаптағы өздеріне ұнаған кейіпкерлердің образын сомдады. Сондай-ақ ән шырқап, поэзиялық шығармалардан үзінділер оқыды. Болашақ кітапханашы мамандар келген қонақтар мен оқырман қауымды сергіту мақсатында викториналар ұйымдастырды. Кітапхана қызметкері Гүлнұр Ергенқызы мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің арасында өтетін «Рухани қазына – 2022» республикалық фестиваліне ұсынылған «Көлеңкелі қойылым» жобасынан шеберлік-сабағын өткізді. Шығарманы көлеңкелеу арқылы оқырманға ұсынылатын жобаның жасалу жолы мен дайын бейнероликтерін таныстырды.

Кеш соңында үздіктер анықталды. Бас жүлдені Темір аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты Қопа ауылдық модельді кітапханасының кітапханашысы Маржан Ибрайымова иеленді. Хромтау аудандық кітапханасының кітапханашысы Ақжарқын Жақанова 1 дәрежелі дипломмен, Ойыл аудандық орталықтандырылған кітапханасының кітапханашысы Анар Мәуленова 2 дәрежелі дипломмен, ал Сарыжар ауылдық кітапханасының кітапханашысы Ақбөбек Сағи 3 дәрежелі дипломмен марапатталды. «Сәбит Баймолодин атындағы арнайы жүлде» Мұғалжар ауданындағы Бұлақты ауылдық кітапханасының кітапханашысы Әлия Жұлмағамбетоваға, «Сағи Жиенбаев атындағы арнайы жүлде» Кеңкияқ ауылдық модельді кітапханасының кітапханашысы Перизат Әбиеваға тапсырылды.

Лаура СҰЛТАНБЕКОВА,

Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы

АҚТӨБЕ

 

...ризашылығын білдіреді

Өмірді еңбек ажарлайды

Мен – республикалық «Egemen Qazaqstan», облыстық «Ақ жол», қалалық «Жамбыл-Тараз», ардагерлердің «Ардагер айнасы» және «Ғұмыр-Дария» газеттерінің тұрақты оқырманымын. Бұл басылымдарды дер кезінде оқып отыру тікелей пошта бөлімшелерінің ұйымдастыру қызметіне байланысты.

Осыған орай қаламыздағы 7-шағын ауданда орналасқан №19 пош­та бөлімшесінің жұмысын атап өткенді жөн көрдім. Байланыс саласында 40 жылдан бері жемісті еңбек етіп келе жатқан «Үздік байланысшы» төсбелгісінің иегері Гүлнар Мақашеваның басшылығымен жауапкершілігі мол, сырт көзге онша көріне бермейтін тынымсыз шаруалар жүйелі түрде атқарылып келеді.

Мәселен, Әлия Төрегелдиева, Оразгүл Исмайылова, Айсұлу Төребекова сынды операторлар поштаға келген клиенттерді жарқын жүздерімен, жылы сөздерімен қарсы алып, түскі үзіліссіз күні бойы халыққа қалтқысыз қызмет көрсетудің арқасында келушілердің әрдайым алғысына бөленіп жүр.

Сондай-ақ әр күн сайын таңмен таласа тұрып, күні бойы тыным таппайтын хат тасушылардың еңбектері де атап өтуге тұрарлық. Ерлі-зайыпты Бердалы-Әлия Ширановтар, Бағдагүл Жансүгірова, Галина Лазаренко, Сандуғаш Құдайбергенова, Есқара Үсіпбаев, Базарбай Ходжабаев есімді хат тасушылар газет-журналдар мен хат-хабарларды иелеріне уақтылы жеткізіп отырады. Сонымен қатар түрлі мекемелер мен ұйымдардың ресми құжаттары мен жеделхаттарын, сәлем-сауқаттарын кешіктірмей жеткізу де оңай шаруа емес. Мен «Жансая» шағын ауданының тұрғыны ретінде жазылған газеттерімді үзбей алып тұрамын. Осы орайда өз жұмысына ұқыпты әрі жауапкершілікпен қарайтын хат тасушымыз Бердалы Ширановқа ризашылығым шексіз.

«Өмірді еңбек ажарлайды» деп дана халқымыз айтқандай, жұмысын қабақ шытпай адал атқаратын жарқын жүзді жандарды өзгелерге үлгі етсек, артықтық ете қоймас.

Алдаберді МЕҢЛІБАЙҰЛЫ,

қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі

ТАРАЗ