Руханият • 16 Желтоқсан, 2022

Азаматтың берік ұстанымы

331 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тәу етер тәуелсіздік мерекесі қарсаңында мәдениет қайраткері, алаштанушы ғалым Болатбек Төлепбергеннің «Азаттық аңса­ған» кітабының тұсауы кесілді. Көпшілік қауымға ұсынылған дерек­ті жинақ – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі туралы. Басты кейіпкер – сол кездегі Алматыдағы Театр және көркемсурет инсти­тутының студенті, желтоқсаншы Құрманғазы Айтмұрзаев.

Азаматтың берік ұстанымы

Кітапта кейіпкердің жолдас­тары­мен бірге студенттік жатақ­ха­наларды аралап, жастарды қалай алаңға шығуға үгіттегені жазылған. Түрлі ұрандарымен аза­маттық ұста­нымын ашық жет­кізген қай­сар азаматтың түрменің кермек дәмін татқаны жайлы да сыр шертіледі. Бұған қоса автор Желтоқсан көтерілісіне қатысты мағлұматтарды да нақты деректермен келтіреді. Осылайша, қалам­гер тәуелсіздікке ұмтылған қазақ баласының болмысын ашу арқылы көтерілістің беймәлім қырларын баяндайды.

– Автор Болатбек Төлепберген  – Желтоқсан көтерілісін зерттеп жүрген азамат­тардың бірі. Кітап –  әде­би шы­ғарма емес, архивтегі құжат­тар­ға, тәуелсіздікке тегеурін берген сол күндер туралы фактілерге сүйеніп жазылған хроникалық детек­тивтік шығарма. Жалпы, Жел­­тоқсан көтерілісі ұлт­­­тық сана оянғанының кө­­рінісі болды. Біздің алаңға шық­қандағы себеп, әрине, Д.А.Қонаев­тың хатшылықтан түсіп қалуы. Дегенмен арғы жағында дініміз бен ділімізге қауіп төніп, ана тілі­мізде көшеде сөйлесуге ұялатын­дай жағдай кешкеніміз де әсер етті. Сондықтан ұйымдастыру жағын 4-5 студент түнімен институттарды аралап, үгіт-насихат жүргізгеніміз, олардың ерттеулі тұрған аттарына тек мінгізіп қана кеттік. Оған өздері дайын болды, – дейді Құрманғазы Айтмұрзаев.

Кітап жалпы тарихшылар­ға, репрессия тақырыбына, Жел­тоқ­сан көтерілісіне қызығушылық танытқан барша оқырманға, жас­тарға, жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған. Автор тарихи ақтаңдақтар мәселесін бүгінгі көзқарас тұрғысынан жіті саралап, жете зерттеген. Кейіпкердің тағдыр талайы мен тағылымынан жұртшылыққа, әсіресе жастарға алар тәлім жетерлік. 

Мың дана таралыммен жа­­рық­ көрген кітап үш тараудан тұра­ды. Бірінші тарауда «Азаттық аңсаған» деректі хикаяты, екінші тарауда кітап кейіпкері туралы «Серке» деректі фильмінің сценарийі, ал үшінші тарауда автордың «Желтоқсан қаhарма­ны» Құрманғазы Айтмұрзаевты на­сихаттау барысындағы ша­ра­лардың материалдары беріл­ген. Жалпы, кітаптың жарық кө­руіне демеушілік көрсеткен кәсіп­кер, белгілі меценат, Жел­тоқсан көтерілісіне қатысушы қаhарманның бірі, кітап кейіп­керінің досы Нұрлан Есқалиев. Айта кетейік, Қазақстан Респуб­ликасының Ұлттық ака­де­мия­лық кітапханасында ұйым­дас­ты­рылған іс-шараға Желтоқ­сан көтерілісі туралы халықара­лық дең­гейде жиын өткізген Сабыр Қасымов, Елтаңба авторының бірі Жандарбек Мәлібеков, зиялы қауым өкілдері, желтоқсаншылар мен мектеп оқу­шылары қатысты.

 

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»