Аймақтар • 20 Желтоқсан, 2022

«Алатау жастары» бағдарламасына бөлінетін қаржы көбейеді

441 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Алатау жастары» тұрғын үй бағдарламасының қаржыландырылуы 3,6 млрд теңгеге артады. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев «Заңғар» жастар сыйлығын салтанатты табыстау рәсімінде айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Алатау жастары» бағдарламасына бөлінетін қаржы көбейеді

Биыл Алматы облысында жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін «Алатау жастары» бағдарламасы іске қосылды. Ол бойынша әкімдік «Отбасы банкпен» келісе отырып, облыс көлемінде алғашқы жарнасыз 60 пәтер сатып алу мақсатында 600 млн теңге қаржы қарастырған болатын.

«Осы тың жобаға қатысу үшін 1374 өтінім келіп түсті. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Сол себепті, келесі жылы «Алатау жастары» бағдарламасын жүзеге асыруға қаражат көлемі 3,6 млрд теңгеге дейін көбейтілді. Бұл қаржы 200 пәтер алуға мүмкіндік береді», деді Марат Сұлтанғазиев.

Сондай-ақ облыс басшысы әлеуметтік саланың ішіндегі түрлі бағыттарды дамыту әрі жастарды қолдау үшін Алматы облысында бірқатар бағдарлама іске қосылғанын айтты. Мысалы, 2022 жылы алғаш рет жастардың бизнес, ғылым, медиа, мәдениет салаларындағы бастамаларын қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасын іске асыру үшін облыстық бюджеттен 15 млн теңге бөлініп, 15 грант тағайындалды. Ал жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту масқатында 2500 адам «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша оқып, 382-сі грант алды.

«Мұнан бөлек, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясында биыл облысымызда 631 жас маманға 193 млн теңгеге көтерме жәрдемақы төленсе, 319 маман тұрғын үй сатып алу үшін 1,5 млрд теңгеге жеңілдетілген несие алды. Жас мамандарды кәсіби еңбек жолына даярлауды көздейтін «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына биыл 902 жас азамат қатысты», деді облыс әкімі.