Экономика • 20 Желтоқсан, 2022

Сенатта балық саласын дамытудың келешегі талқыланды

161 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің басшылығымен кездесуде балық шаруашылығы саласын дамытудың өзекті мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенатта балық саласын дамытудың келешегі талқыланды

Депутаттар отырыс барысында балық шаруашылығы ел экономикасына, шағын және орта бизнесті дамытуға, халықтың тұрмысын жақсартуға ықпал ететін әлеуеті зор ауыл шаруашылығы саласы екенін атап өтті. Оған қоса, балық аулау, оны қорғау, өсіру, өңдеу және тасымалдау, балық өнімдерін экспорттау және импорттау еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне де әсер етеді.

«Соңғы жылдары балық шаруашылығына мемлекеттік қолдау көрсетудің арқасында балық шаруашылығымен айналысатын субъектілер саны көбейді және балық өсіру көлемі де ұлғайғанын айта кеткен жөн. Бірақ бүгінгі қызу және ашық пікірталаста осы салада бірқатар шешілмеген мәселелер бар екені анықталып отыр. Біз өз тарапымыздан жүктелген міндеттерді орындау үшін бар күш-жігерімізді салатынымызға сенімдімін», деді сенатор Әли Бектаев.

Кездесуге Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Әлия Шалабекова, салалық мемлекеттік мекемелердің басшылары мен өкілдері, облыс әкімдерінің орынбасарлары және осы саладағы мамандар қатысты.

Сенаторлар отырыс қорытындысы бойынша тиісті мемлекеттік органдарға жіберетін ұсынымдар пакетін әзірлейді.