Экономика • 23 Желтоқсан, 2022

Әлеуметтік төлем көлемі артады

644 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ендігі жылдың қаңтарынан бастап әлеуметтік төлемдердің екі түрінің параметрлері өзгереді. Аталған өзгеріс бір төлем көлемінің артуы және бір төлем мерзімінің ұзаруы жөнінде болмақ. Бұл жаңалықтың жай-жап­са­ры туралы бізге «Мемлекеттік әлеу­меттік сақтандыру қоры» АҚ бас директоры Нұрсұлу Кемел айтып берді.

Әлеуметтік төлем көлемі артады

Бұл ретте Мемлекеттік әлеуметтік сақ­тандыру қоры жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғаудың қосымша деңге­йін жүзеге асыратынын айта кеткен жөн. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржы ресурстары жұмыс берушілердің өз жұмыскерлері үшін, сондай-ақ дара кә­сіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын адамдардың өздері үшін ең төменгі бір жалақыдан кем емес және жеті еселенген мөлшерінен аспайтын табыстың 3,5% мөлшерінде төленетін әлеуметтік аударымдары есебінен қалыптасады.

«2023 жылдан бастап ең төменгі жала­қы­ның 70 мың теңгеге дейін артаты­нын ескере отырып, 1 қаңтардан бастап әлеу­меттік аударымдардың ең төменгі кө­лемі айына 2 450 теңгені, ал ең жоғары кө­лемі 17 150 теңгені құрайды. Әлеуметтік тәуе­келдердің 5 түрі – еңбек ету қабілетінен айырылуы, асыраушысынан айырылуы, жұ­мысынан ­айырылуы, жүктілікке және босануға, сондай-ақ бала күтіміне байла­нысты кірісінен айы­рылуы кезінде аза­маттарға әлеуметтік төлемдер алуға бо­лады. Осы орайда жаңа жылдан бас­тап әлеуметтік төлемдердің 2 түрінің пара­метрлері өзгертілетінін атап өту ке­рек. Бірінші, жұмысынан айырылуы жағ­да­йында, яғни жұмыссыз ретінде тіркел­ген күннен бастап еңбек өтіліне байланыс­ты 1 айдан 6 айға дейін әлеуметтік тө­лем тағайындалады. Әлеуметтік төлемнің көлемі әлеуметтік аударымдар жүргізілген жүйеге қатысушының орташа айлық кірі­сіне, жүйеге қатысу өтіліне және кірісті ауыс­тыру коэффициентіне байланысты болады. Келесі жылдан бастап кірісті ауыс­тыру коэффициенті 45%-ға дейін артады, бұл әлеуметтік төлем көлемінің орта есеппен 13%-ға өсуіне әкеледі. Ал 2023 жылдың ­
1 қаңтарындағы жағдайға сәйкес, нақты тө­лем алушыларға 45% коэффициенті қол­да­ны­ла отырып, біржолғы қайта есеп­теу автомат­ты түрде жүргізілейін деп отыр. Алдағы жылы төлемнің осы түрін жалпы 30 млрд теңге ­сомасында шамамен 117 мың адам алады деп күтіліп отыр», деді
Н.Кемел.

МӘСҚ басшысының айтуынша, екін­ші өзгеріс бала күтімі бойынша берілетін әлеуметтік төлемге қатысты болып отыр. Бү­гінде бұл төлем бала 1 жасқа толғанға дейін тағайындалатын болса, 1 қаңтардан бастап төлем мерзімі 1,5 жасқа дейін ұзар­­тылады. Әлеуметтік төлемнің көлемі ке­­йінгі екі жылда әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық кірістің 40%-ын құрайды. 2023 жылдың 1 қаңтарын­дағы жағдай бойынша балалары 2022 жы­лы туған нақты алушыларға төлем авто­мат­­ты түрде ұзартылады. Тұтастай алғанда, бұл әлеуметтік қолдау келесі жылы шама­мен 500 мың адамға көрсетіледі.

Сонымен қатар жұмыскер үшін әлеу­меттік аударымдар түскен жағдайда база­лық мемлекеттік жәрдемақыларға қосым­ша МӘСҚ-тан ұзақмерзімді әлеуметтік тө­лем­нің 2 түрі төленеді.

«Біздің қордан еңбекке қабілеттілігі­нен айырылған жағдайда берілетін әлеумет­тік төлем жалпы еңбекке қабілеттілігінен ­айырылу дәрежесі белгіленген кезеңге та­ға­йындалады және еңбек қызметін жал­ғас­тыруына қарамастан төленеді. Ал асы­раушысынан айырылуы жағдайында әлеу­меттік төлем асырауындағылар 18 жасқа толғанға дейін, ал күндізгі оқу нысаны бо­йынша оқыған жағдайда 23 жасқа дейін төленеді. Сатып алу қабілетін қамтамасыз ету мақсатында бұл төлемдердің көлемі жыл сайын артады. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ұзақмерзімді әлеуметтік төлемдер­дің көлемі автоматты түрде 8,5%-ға өспек. Осы­лайша, жұмыс істейтін азаматтар ала­тын төлемдердің жиынтық көлемі жұ­мыс істемейтін азаматтарға қарағанда кө­бірек болады. Жалпы алғанда, жыл са­йын 150 мыңға жуық адам МӘСҚ-дан көр­сетілген төлемдерді алады. Сондай-ақ төлем­дерді қайта есептеу, арттыру және ұзар­ту автоматтандырылған режімде жүр­гізілетінін, яғни алушыларға қосымша құжат­тар жинаудың қажеті жоқ екенін ерекше атап өткім келеді», деді Н.Кемел.