Қоғам • 01 Қаңтар, 2023

Бақуатты ауыл – береке бастауы

428 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Халқымыз әуелден алтын бесік деп білетін, жусан исі аңқыған, шаруасы шалқыған ауылымыз – ынтымақ-бірліктің, ырыс-несібенің, молшылықтың алтын арқауы. Бірақ біраз жылдың бедерінде осы беделіне нұқсан келген ауыл-аймақтың бүгінгі хал-ахуалы алаңдатарлық күйде екені, берекесі ортайып қалғаны тағы рас. Елдің еңсе тіктеуі, халықтың әл-ауқатының жақсаруы ауылдағы шаруашылықтың оңалуына да байланысты. Сондықтан ауылды көтеру қашанда назарда және алдымыздағы жылы айрықша көңіл бөлінеді.

Бақуатты ауыл – береке бастауы

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Бес жылға жоспар әзірленеді

Бұлай деуіміздің себебі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа президенттік мерзімге сайланарда ауылды өркендету ісін ерекше назарында ұстайтынын баса айтты. Бұл ойын ұлық­тау рәсімінде нықтай түсті.

«Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын. Осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл менің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығым болады. Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауға тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземіз», деді Президент.

Бұған қоса Мемлекет басшысы халық­қа Жолдауында және Үкіметтің кеңей­тілген отырысында ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты қадау-қадау тапсырмалар берді. Енді осы тапсырмалардың ыңғайына қарай жаңа жылдағы жұмыс жоспары қалай болмақ? Осыған кеңінен тоқталып өткенді жөн көріп отырмыз.

Әуелі аталған саланы дамытудағы бас­ты мақсат ауыл тұрғындарының табысын арттыру екенін атап өткен жөн. Яғни даладағы қыруар шаруа жанданса, ауыл жұртына лайықты жұмыс, қомақты табыс болады. Осы мақсатта шағын несиелер беру арқылы ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту кеңінен қолға алынбақ. Ауыл халқының нәпақасын еселеуге бағытталған бұл жоба бойынша 7 жыл ішінде 1 млн-нан аса тұрғынды қамтып және барлық жеке қосалқы шаруашылықтың жартысын кооперативтік кәсіпкерлікке тартып, 1 трлн теңге бөлу және 350 мыңнан аса жұмыс орнын құру жоспарда бар. Қазірдің өзінде 2023 жылы жобаны жүзеге асыру үшін облыс әкімдіктеріне 52,4 млрд теңге бөлінеді, 11 мың микронесие беру және 12 мыңнан аса жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Бүгінде облыс әкімдіктері «Ауыл аманаты» жобалық кеңсесімен бірлесіп, жобаны іске асыру үшін ауылдық округтерге скрининг жүргізіп жатыр.

Аталған жоба жоғарыда айтқан Пре­зи­дент тапсырмасына сәйкес әзірленіп жатқан ауыл-аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасындағы ауыл шаруашылығының экономикалық өсімі жөніндегі бөлімде көзделген. Бұл бөлімде ең алдымен фермерлер үшін субсидиялау және несиелеу түріндегі мемлекеттік қолдау шаралары, сондай-ақ кооперация жолымен Жамбыл облысындағы оң тәжірибені кеңейту шаралары қамтылған. Осы тәжірибе жөнінде қысқаша мәлімет бере кеткеніміз де жөн болар. Жамбыл облысында қанатқақты жобаны жүзеге асыру басталғалы 20-дан аса ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, 2 300-ге жуық жаңа жеке кәсіпкер өз жұмысын бастады. Бұл шаралар табыссыз жүрген тұрғындардың, яғни атаулы әлеуметтік көмек алушылардың санын қысқартып, жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді.

 

Ауылға 1 трлн теңге бөлінеді

Бүгінгі таңда аталған бағдарлама аясында ауыл тұрғындарының маман­дануын ескере отырып, барлық өңірге кооперация­ны дамыту үшін жеңілдікпен кредит беру қарастырылған. Осы іс-шараға Прези­денттің сайлауалды бағдарламасына сәйкес алдағы уақытта 1 трлн теңге бағыт­тау жоспарланып жатыр. Бұл қаражат коопе­ративтік кәсіпкерлікке барлық жеке қосал­қы шаруашылықтардың жартысын тартуға, олардың ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алуына, микрокредиттерге қол жеткізуіне жағдай жасап, нәтижесінде салада 350 мыңға жуық сапалы жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Жалпы, ауылда жаңа бизнес ашуға және жұмыс істеп тұрған бизнесті кеңейтуге шағын несиелерді ауылдық елді мекендер мен шағын қалалардың тұрғындары ала алады. Сыйақының номиналды мөлшерлемесі жылдық 2,5%, мерзімі 7 жылдан аспайтын, кепілмен қамтамасыз етілген. Несиенің ең жоғары сомасы – 2,5 мың АЕК немесе ша­ма­мен 7,9 млн теңге. Зәкірлік кооперация­ны дамыту үшін 8 мың АЕК немесе шама­мен 25,4 млн теңге қарастырылады. Несие қа­ражатын беру операторларын облыс­тар­­дың жергілікті жердегі әкімдіктері мемле­­кет­тік сатып алуды өткізу арқылы айқын­дайды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Қаржы министрлігінің және жергі­лікті атқарушы органдардың ұйымдас­тырушылық ж­ұмысын, сондай-ақ операторлармен шарттар жасасуды ескере отырып, алғашқы микрокредиттер 2023 жылдың бірінші тоқсанының соңында беріле бастайды деп күтілуде.

Бұған қоса алдағы уақытта әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы агро­өнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жо­­ба­­ларды қаржыландыру бойынша Сол­­түстік Қазақстан облысының тәжіри­бесін тираждау көзделеді. Бұл іс-шара әлем­дік азық-түлік нарықтарының құбыл­малы жағдайында елдің азық-түлік тәуел­сіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді. Оның ішінде азық-түліктің негізгі түрлері бо­йынша импортты алмастыратын ин­вес­тициялық жобаларды іске асырудың маңызы артады.

Сонымен қатар АӨК-ті дамыту тұжы­­рым­дамасы шеңберінде мал шаруа­шылығын, өсімдік шаруашылығын тұрақты дамыту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша көптеген бастама қолға алынады.

Осы орайда ауыл шаруашылығын өркен­дету мәселесін ұдайы көтеріп жүрген бірқатар сарапшаның пікірін білген едік. Солардың бірі Мәжіліс депутаты Қай­нар Абасов ауыл тұрғындарын жұмыс­пен қамтуға 1 трлн теңгенің бөлінуін жақ­сы­лыққа балап отыр.

– Мемлекет басшысы халықтың әл-ауқатын көтеру мәселесін шешуде ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық беріп отыр. Өйткені қазір халқымыздың әжептәуір бөлігін ауыл тұрғындары құрайды. Оның үстіне қалаларға шоғырланып жатқан жұрттың да көбі – түптеп келгенде ауыл­дан шыққан азаматтар. Сондықтан халық­тың жағдайының жақсаруы ауыл шаруашы­лығын дамытумен тікелей байланысты. Бұл ретте осы жылдан күтер үмітіміз зор. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға 1 трлн теңге қаржының бөлінуі үлкен істің бастамасы деп ойлаймын. Ауыл шаруа­шылығы өнімдері дамыған елдерде ішкі жалпы өнімнің 25-30%-ын құрап отыр. Ал біздің елімізде бүгінде бұл көрсеткіш – 5% ғана. Яғни ішкі жалпы өніміміздің көлемі 80 трлн-нан асатын болса, 5-6 трлн ғана – ауыл шаруашылығы өнімдері. Молшылыққа кенелу үшін осы межені 30%-ға жеткізуіміз қажет. Бұл үшін, ең бастысы, қаржыландыруды күшейту керек. Содан соң қаржының мақсатты, тиімді жұмсалуын жіті назарда ұстап, ауыл шаруашылығы саласына жаңа технологиялар мен инновацияларды енгізуді қолға алған маңызды. Бұл ретте саланы цифрландыруға баса мән берген жөн дер едім. Өйткені салалық ведомствоның келтіріп отырған деректері күмән тудыратын сәттер көп кездеседі. Цифрландыру жағы мейлінше толық күшінде жүзеге асса, егін шаруашылығы болсын, мал шаруашылығы болсын, барлығының есебі ашық болар еді. Яғни саланы цифрландыру ашықтыққа, әділдікке бастайды, – деді Қ.Абасов.

 

Осы жылы 5 млн гектар жер қайтарылды

Сондай-ақ сарапшы жер мәселесін ретке келтіру жұмыстарын жеделдету керек екенін атап өтті. Оның айтуынша, тиімсіз жерлерді анықтап, мемлекетке қайтару біраз түйткілдің түйінін тарқатады.

– Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлімдемесі бойынша 2022 жылы 5 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды және осы жылы тағы 5 млн гектар жерді қайтару жоспарланып отыр. Мұның бәрі – заңсыз алынған және тиімсіз пайдаланылған жер. Жерді тиімді пайдаланудың бір жолы – тыңайтқыштар мәселесін шешу. Бүгінде біз 20 млн гектардан аса жерді игерсек, соған жұмсалған тыңайтқыштардың 100 мың тоннасы ғана өзімізде өндірілген. Қалғанының бәрі – импорт. Бұл ретте көршілеріміз Өзбекстан мен Ресейді алсақ, олар ішкі нарығын өз тыңайтқыштарымен толығымен қамтып, экспортқа да шығарып отыр. Сондықтан азоттық және фосфорлық тыңайтқыштардың өндірісін арттыра отырып, мол табысқа жете аламыз, – деді Мәжіліс депутаты.

Бұған қоса ол жаңа тұжырымдамадан қандай үміт күтетінін айта келе, ауылды көтеруге бағытталған бұған дейінгі баянсыз бағдарламаларды да сынға алды. Оның айтуынша, мемлекеттік бағдарламалардың тиімсіздігі – салада сан рет ауысқан министр­лер жұмысында сабақтастықтың болмауы­нан. Яғни Қ.Абасов әр келген ведомство бас­шысы бағдарламаны жүзеге асыруда, жал­ғас­тыру ісінде өз көзқарасын, амбиция­сын тық­палап, істің қиюын қашырады, ар­тық қы­лам деп тыртық қылады деген пікірде.

 

Инновация игіліктерін пайдалану маңызды

Ал келесі сарапшымыз – биология ғылымдарының докторы, Ұлттық аграр­лық ғылыми-білім беру орталығы төраға­сының кеңесшісі Аюп Ысқақов ауылды көтеру бағытында ғылыми ізденістер мен инновацияларға басымдық беру керек деп санайды екен.

– Ауыл-аймақтар кері кетіп бара жатыр деп байбалам салып, аузымызды қу шөппен сүрте беруге де болмас. Өтіп бара жатқан жылда ауыл шаруашылығын ілгерілету бағытында ілкімді жұмыстар атқарылды. Қазір бүкіл әлемде жағдай қиындап барады. Дүние жүзінде климаттың өзгеруі өзекті мәселеге айналып, қуаңшылық әлем елдерінің басын қатырып отыр. Дегенмен бұл жағынан келгенде еліміздің қамсыздығы көңіл көншітпейді. Президент ауыл шаруашылығын дамыту бағытында ғылыми ізденістер мен инновацияларға басымдық беріп отыр. Жалпы, аталған саланың әлемдегі даму тенденциясын бажайлап қарасақ, біздің елде ауыл шаруашылығының өсуі өте баяу. Себебі сала қаржылай көмек пен субсидия арқылы ғана аяғынан әзер тұр. Ал ішкі ғылыми әлеуетімізді пайдалану кемшін түсіп жатыр. Оның бір мысалы, сырттан келетін дақыл тұқымдары үлкен басымдыққа ие. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы да назар аударып, тиісті тапсырмасын берді. Осыған байланысты біздің Ұлттық аграр­лық ғылыми-білім беру орталығы арнайы жоспарларын әзірлеп жатыр. Алдағы уақытта өндіріс пен бизнес саласы аграр­лық ғылымдағы жетістіктер пен инновация­ларды пайдалануға бағытталуы керек. Өкініш­ке қарай, «ауылдағының аузы сасық» деген­дей, біздің бизнестегі азаматтары­мыз өзіміздің жаңашылдықтарды менсіне бер­мейді, көбіне шеттің өнімдеріне қызығу­шылық танытады. Бұдан келіп қаншама қаржымыз сыртқа кетіп жатыр, – деді ол.

Сарапшының айтуынша, қазір ғалым­дарымыз генетикалық қорды дамыту жұмыстарын қолға алып жатыр екен.

– Сондай-ақ мал тұқымдарын асыл­дан­дыруға да мән беру керек. Қазір қолдан ұрықтандыру дегенді мүлдем ұмыттық. Эмбриондарды трансплантациялау, жақсы тұқымдарды көбейту мәселелерін назарда ұстаған жөн. Осы орайда ғалымдарымыз малды асылдандыру бойынша инновациялық және биотехнологиялық дәстүрді дамытуда. Осыны әрі қарай күшейтуіміз керек. Бұған қоса суармалы егістікті дамытудың маңызы зор. Бұл ретте біздің зерттеу институтымыздың ғалымдары тамшылатып суарудың озық тәсілдерін дайындап жатыр. Тіпті күрішті де тамшылатып суару тәсілі қарастырылуда. Бұл тәсілдердің бәрін ғалымдар тәжірибе жүзінде жасап көріп, жақсы нәтижеге қол жеткізді. Енді осыларды кеңінен насихаттап, өндіріске енгізуіміз керек. Сондай-ақ білім тарату жүйесін жолға қою керек. Бұл бағыттың кемшін тартуынан, аграрлық ғылымдағы жаңалықтар өндіріс саласындағы мамандарға дұрыс жетпей жатады. Яғни ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің сауаттылығын арттырып, жаңалықтарымызды көзбе-көз жеткізіп, өндіріске енуіне ықпал жасау керек. Сонда ғана ғылымның іс жүзінде пайдасын көре бастаймыз, – деді А.Ысқақов.

 

Ерте қаржыландыру қымбатшылықтың алдын алады

Ауыл шаруашылығы саласында көте­ріліп жатқан бастамалар – өз аузымызды өзімізге жеткізудің қамы, яғни азық-түлік қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету. Осы орайда 2023 жылдан бастап әлеуметтік ма­ңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізуді форвардтық қаржыландырудың жа­ңа тәсілдері енгізілетінін айта кеткен жөн. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл тә­сіл­дерді үш кезең арқылы жүзеге
асыр­мақ.

Бірінші кезең кейіннен алынған көкөністерді маусымаралық кезеңде нарыққа жеткізе отырып, күзгі және ерте пісетін көкөністерді форвардтық сатып алуды қамтиды. Бұл көкөністер бағасының қыстың аяғында және көктемде қатты қымбаттауына байланысты назарға алынып отыр. Егіс жұмыстарын уақтылы жүргізу үшін көкөніс өндірісін қаржыландыру бір жыл бұрын жүзеге асырылады. Жаңа тәсілдер өткен жылдың 25 қарашасында бекітілгенін ескере отырып, 2023 жылғы егінді қаржыландыру ерте егін жинау үшін 10 қаңтарға дейін және күзгі егін жинау үшін 1 ақпанға дейін жүзеге асырылады.

Екінші кезеңде шикізатты сатып алуға өңдеуші кәсіпорындардың айналым қаражатын қаржыландыру көзделіп отыр. Бүгінгі таңда Сауда және интеграция министрлігі, өңірлер мен зауыттар арасындағы меморандум аясында қант зауыттарының айналым қаражатын қаржыландыру қолға алынып жатыр. Сондай-ақ қарақұмық, күріш және күнбағыс өндірушілерін өндеу кәсіпорындары арқылы форвардтық қаржыландыру мәселесі пысықталуда. Оны енгізу биыл наурыз айынан бастап жоспарланып отыр.

Ал үшінші кезең – мемлекеттік қолдау және арзандатылған астықты өткізу тетіктері арқылы қаржыландыру. Мұны 2023 жылдың маусым айынан бастап енгізу жоспарланды.

Тоқетерін айтқанда, тоқшылық за­ман­ның орнауы ауыл шаруашылығын қаншалықты дамытуымызға байланысты болып тұр. Сондықтан саладағы бөлінген қаржы, қолға алынып жатқан тың тәсілдер оңынан іске жарап, ауыл халқының ша­р­уасы шалқитын, шекесі шылқитын күн туа берсін.