Қоғам • 09 Қаңтар, 2023

Қазақстандықтардың табысы 16,5%-ға өсті

422 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2022 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстан халқының табысы өткен жылмен салыстырғанда 16,5%-ға өсіп, 245,5 мың теңгеге жетті. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 11,5%-ды, яғни 210,7 мың теңгені құраған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстандықтардың табысы 16,5%-ға өсті

Finprom деректеріне қарағанда, өңірлер бойынша ең көп табыс елорда тұрғындарына тиесілі: жан басына шаққанда орташа есеппен 339 мың теңге - бір жыл бұрынғыдан 15,7% артық.

Екінші орынға Қарағанды облысы жайғасты: 332,3 мың теңге, 21,4%-ға өскен. Үздік үштікке Шығыс Қазақстан облысы кірді: 312,7 мың теңге, жылдық өсім - 31,8%.

Анықталғандай, ең төменгі табыс Түркістан облысының тұрғындарында: жан басына шаққанда небәрі 156,4 мың теңге, бұл бір жыл бұрынғыдан 15,6% көп.

Қазақстандықтардың 76,3%-ы табысының басым бөлігін еңбек қызметінен тапты: 180,4 мың теңге - бір жыл бұрынғыдан 21,9% артық. Оның 157,2 мың теңгесі - жалдамалы жұмыс істеуден, 23,2 мың теңгесі - өзін-өзі жұмыспен қамтудан және кәсіпкерлік қызметтен түскен кірістер.

Әлеуметтік аударымдар бір жылда 3,3% ғана өсіп, 55,1 мың теңгені құраған. Оның 44,8 мың теңгесі зейнетақы, 9,1 мың теңгесі жәрдемақы, 1 мың теңгесі шәкіртақы, 239 теңгесі АӘК және тұрғын үй көмегі болды.

Сондай-ақ туыстар мен жақындардың материалдық көмегі, алимент төлемдері 6,2%-ға өсіп, 5,5 мың теңгені құрады.