Қазақстан • 10 Қаңтар, 2023

Түркия Қазақстанға 1000 тонна мақта тұқымын жеткізеді

348 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түрік кәсіпкерлері қазақстандық фермерлерге 1000 тонна жоғары сапалы мақта тұқымын жеткізеді. Тиісті уағдаластыққа Шымкентте өткен «Қазақстан Республикасындағы мақта шаруашылығын дамыту перспективалары» бизнес-форумында қол жеткізілді, деп хабарлайды Egemen.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Түркия Қазақстанға 1000 тонна мақта тұқымын жеткізеді

Түркия Республикасынан шақырылған  қонақтар - «PROgen» компаниясы отандық өсімдік өсірушілерге бөліп төлеу шартымен сатылатын аурулар мен зиянкестерге төзімді мақтаның жаңа түрлерін таныстырды. «Түркістан» ӘКК тұқым сатып алуға қажетті қарыз сомасын жыл соңына дейінгі мерзімде беруге дайын.

Бұған дейін Қазақстан мен Түркия арасында тұқым шаруашылығын дамыту бойынша ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылған еді.

Бизнес-форум жұмысына Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, түрік кәсіпкерлері, шитті мақта өндірушілер, мақта өңдеу зауыттарының, ғылыми ұйымдардың, мақта майын өндіру зауыттарының өкілдері, сондай-ақ мақта тұқымын өндірушілер қатысты.

Форум барысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек сөз сөйледі. Ол мақта шаруашылығы саласын дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Ров

«Мемлекеттік сатып алулардағы қазақстандық қамту үлесін, оның ішінде тұрмыстық тауарлар мен мақтаны қайта өңдеу өнімдерін ұлғайту мәселесі пысықталып жатыр. Бірінші кезеңде ұлттық компаниялар 70% дейін отандық мақта өнімдерін төсек-орын, сүлгілер сатып алуы тиіс. Мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру кезінде жергілікті қамту үлесін 30%-дан 70%-ға дейін ұлғайту жоспарланып отыр», деп атап өтті вице-министр.

Бүгінгі күні саланың негізгі мақсаты - нақты нарықтық тетіктерді ендіру арқылы қазақстандық мақта өндірісін бәсекеге қабілетті және жоғары рентабельді ету.

Министрлік Қазақстан Президентінің тәжірибелік шаруашылықтар базасында бастапқы тұқым шаруашылығын дамыту, оның ішінде жабдықтарды жаңарту және аграрлық ғылымды ынталандыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Селекция және тұқым шаруашылығы саласын дамыту бойынша кешенді жоспар әзірлеп жатыр. Ол селекция мен тұқым шаруашылығының барлық кезеңдерінде, соның ішінде мақта шаруашылығында орын алатын жүйелі проблемалық мәселелерді шешуге бағытталған шараларды көздейді.

Бизнес-форум қорытындысы бойынша Түркия Республикасының Шығыс Жерорта теңізі ауыл шаруашылығы зерттеулер институты мен «Мақта шаруашылығы және бақша шаруашылығы АШТС» ЖШС арасында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, мақтаның жаңа сорттарын шығару бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.