Қоғам • 15 Қаңтар, 2023

Құжат саны 1 миллионнан асты

670 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақта «Тарихсыз ел болмайды» деген тәмсіл бар, сөздің төркіні де түсінікті. Тасқа қашалып, жазылып басталған тарих, кейіннен қағаздарға түсіріліп сақталып келеді. Халықтың тарихы сонау сақтардан бастау алып, бүгінгі күні құпиясы мен сыры көп іргелі ілімге айналды.

Құжат саны 1 миллионнан асты

Әр халық өткен тарихында мемлекеттілік болғанын нақты деректермен ғана дәлелдей алады. Қазақ хандығынан бастап, күні бүгінге дейін жазба жәдігер­лер Ұлы далада ордалы мемлекет бол­ғанымызды айғақтап отыр. Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві Қазақ елінің ХХ ғасырдың екінші он жылдығынан бастап қағазға басылған саяси тарихын түгендеп, ұрпақтан-ұрпаққа аманат ету мақсатында сақтап келеді.

Қай мемлекет болсын тарихын таңбалауды, сақтауды ал­дың­ғы орынға қояры анық. Сол себепті тәуелсіз ел болып, отау тіккен шақта құжат сақтау саласы мемлекеттік тұрғыдан демеу алып, ретке келтірілді. 1994 жылы 14 қаңтар­да Мемлекет басшысының Жар­лы­ғына сай жаңа тарих Орта­лық мемлекеттік архивінің негі­зінде Президент Архиві құрылған еді. Тәуелсіз мемлекеттің қалып­тасуының дәуірлік оқиғаларын, елі­міздің ішкі және сыртқы сая­саттың, халықаралық қатынас­тың, экономиканың, әлеуметтік-мәдени дамуындағы маңызды құжаттары да осында жинақталған. Президент актілерінің түпнұсқалары, халық­аралық жиындардағы баяндама мәтіндері, фотосуреттері, жарлық­тар мен қаулылар да архив қоймасында өз орнын тапты. Сонымен қатар қоғам қайрат­керлерінің жеке тектік құжаттары мен басқару құжаттамасы да бар. Былтырғы дерек бойынша Архивте 856 мыңнан астам іс сақтаулы болса, биыл бұл сандардың көрсеткіші ұлғайған. 2023 жыл­дың 1 қаңтарындағы көрсеткіш бо­йынша 1 134 950 іс бар екенін нақты айта аламыз. Себебі былтыр Президент Архивіндегі құжаттар тізіміне 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша Ішкі істер министр­лігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратураның арнаулы мем­лекет­тік архивтерінен құжат­тар тап­сы­рыла бастады. Бұл құжат­тар­дың тасымалы 2020 жылы қарашада Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен Саяси қуғын-сүр­гін құрбандарын толық ақтау жөнін­дегі мемлекеттік комиссия жа­сақталуынан бастау алып отыр. Мем­лекеттік комиссиясының жұ­мысына көмек әрі бағыт-бағ­дарына қолдау ретінде 2021 жылы Президент Архивінің құрылымында ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүр­гін материалдарын зерделеу орта­лығы құрылды. Келіп түскен құ­жаттар негізінде архив пен Саяси қу­ғын-сүргін құрбандарын то­лық ақтау жөніндегі мемлекет­тік ко­миссияның жобалық офисі бір­лесіп ХХ ғасырдың архивтік құжаттарын талдау бойынша өзара іс-қимыл жасап, ғылыми жобалар мен жұртшылыққа арналған кең ауқымды публицистикалық басылымдарды дайындап келеді.

Президент Архиві ел тарихын­дағы маңызды саяси оқиғалардың құжаттарын сақтап қана қоймай, архившілердің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында бірқатар іс-шара ұйымдастырғанын айта кеткен жөн. Жас архившілердің жазғы мектебі, студенттер арасын­дағы республикалық олимпиада, «Ашық қоғамға – ашық Архив» атты архившілердің халықаралық конгресі сөзімізге дәлел бола алады. Аталған іс-шаралар жас маман­дардың архив саласына қызығу­шылығын арттыруға, заманауи технологиялар мен жаңа әдістерді игеруге, халықаралық қаты­нас­тарды дамытуға бағыт­талған. Бұл – Президент Архивінің жыл сайынғы дәстүрден жаңылмай, жас архившілердің біліктілік тәжіри­бесін арттыруға өз үлесін қосып отырған бастамалары.

Өткен жылдың қазан айында өткен «Ашық қоғамға – ашық Архив» атты архившілердің халық­аралық конгресіне БҰҰ, ЕО және ЮНЕСКО-ның, Азия мен АҚШ, ТМД-ның 15-ке жуық елінен жетекші ғалымдар, сарапшылар мен мамандар қатысты. Архив ісін дамы­ту, құжаттық мұраны сақтау мәсе­лелері бірнеше диспуттық ауди­то­рияларда талқыланып, әлем архив­шілері арасында тұрақты халық­аралық кәсіби сұхбат алаңы құрылды.

Президенттің өткен жылғы 9 ақпандағы Жарлығына сәйкес Архив «Қазақстан Республикасы Прези­дентінің Архиві» респуб­ликалық мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылды. Жарлыққа орай Президент Архивінің жаңа ереже­сі бекітіліп, 2035 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы мен страте­гия­лық жоспары дайындалды. Тұжырымдаманың мазмұны Қазақстан Республикасының Ұлт­тық архив қорының құжаттарын жинақтауын, есепке алынуын, сақталуын қамтамасыз етілуін, пайдалануын анықтайды. Сондай-ақ архивті цифрлық форматқа көшіру, оның құжаттану және архив ісі саласындағы ғылыми, әдістемелік және үйлестіру орталығы ретінде қалыптасуы, тасымалдаушылар архивтеу әдіснамасынан қолданбалы болжамдық сипаттағы жаңа ғылыми шешімдер негізіндегі ақпараттық архивтеу әдіснамасына дейінгі қызметтерді инновациялық жоба­лауға бағытталған. Тұжырымдама жобасын әзірлеуге архив ұжымы толық қатысып, қызметкерлердің айтқан көптеген ұсынысы құжатқа енгізілді. Тұжырымдамаға енген өзгерістер архивті кешенді дамы­туға, Ұлттық архив қоры құжат­тарының сақталуын қамтамасыз етуге, оларды қоғам мен мемлекеттің әлеуметтік-құқықтық, ғылыми және мәдени мүдделерінде кеңінен пай­далануға бағытталып отыр. Архив­тің барлық өндірістік процес­терін сапалы цифрлық трансформациялау – мекеме қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Дәл осы цифрландыру архив қызметінің ашықтығы мен айқындығын көр­сетіп, халыққа сапалы қызмет етуге мүмкіндік береді. Мұндағы басты мақсат – негізгі басымдықтарды ай­қындап, болашақта атқарылуға тиіс қызметтерді белгілеу. Тұжы­рым­даманың қорытынды бөлімін­де архив жұмысында мәдени құн­дылықтар мен архив құжаттарына ақ­паратқа қол жеткізуге адам құқық­тарының қамтамасыз етілуі басым жағдайға ие болатыны айтылған.

ХХ ғасырдан бастап бүгінгі Қазақ­станның саяси тарихына қатыс­ты бірегей құжаттарын ретімен сақ­тап, жинақтап отырған Президент Архивіндегі қорларды тек отандық емес, шетелдік зерттеушілер де бел­сенді пайдаланып келеді. Архивтегі құжаттар негізінде зерттеушілер мен архившілердің еңбегімен түрлі жинақтар, монографиялар, мақалалар ұдайы жарыққа шығып отырады.

 

Дайана ТОҚБЕРГЕНОВА,

Президент Архивінің қоғаммен байланыс маманы