Әдебиет • 16 Қаңтар, 2023

Тайсойғанды жырымен тербеткен

311 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қаламгер Айгүл Ермектің «Жүрегім – Тайсойған» атты жинағына автордың сезім пернесін тап басқан өлеңдері мен бірқатар әңгімелері еніпті.

Тайсойғанды жырымен тербеткен

«Әркімге туған жері – Мысыр шәрі», дейді халқымыз. Қалам иесі кітабын «Тайсойған» деп бекер атамаған. Бір аңызда халқымызға жерұйық болар мекен іздеген Асан қайғы бабамыз осы өңірге ақ аруанасын шөгеріп: «О, Тайсойғаным, қақпақты қара қазан екенсің ғой, сенің ырысың мен дәулетің таусылмас, сенде өмір сүрген адамдар бақыт пен байлықтың айдынында жүзер», деп айтқан екен.

Тайсойған – ежелден жақ­сылар мен жайсаңдарға құтты қоныс болған өлке. Бұл жерде аузы дуалы би, әрі орақ ауызды ақын Есет, төкпе ақындар Нұ­рым Шыршығұлұлы мен Мұрат Мөңкеұлы және алаш қайраткері, тілтанушы Халел Досмұхамедов өмірге келіпті. Осы қатарға «Исатай - Махамбет» дастанының авторы, атақты ақын Ығылман Шөрековті де қосамыз. Сон­дай-ақ осы тұлғалардың ізін баса шыққан заң ғылы­мының заңғары, академик Салық Зиманов, жазушы Ғаб­дол Сланов, академик Зейнолла Қабдолов секілді ардақтыларымыздың да кіндік қаны тамған. Осы қабырғалы суреткерлер шығармаларының әсері сөз өнерін пір тұтқан жас өренге мол тиді. Ол жайында автор: «Мен осы тума таланттардың шығармаларын жас күнімнен оқып, алға талпындым. Ал­тыншы, жетінші сыныптан ойларымды қағазға түсі­ре бастадым. Бірақ соны университеттің алғашқы курсында жыртып тастағаныма өкінемін. Алайда есейе келе өмірді танып, қолыма қаламымды қайта алдым», дейді.

Айгүл Әміржанқызы – Атырау облысы Қызылқоға ауданының орталығы Миялыдағы қазіргі Берқайыр Аманшин атындағы орта мектепті ойдағыдай тәмам­дап, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Айтулы жазушы Берқайыр Аманшиннің әдеби мұрасынан кандидаттық диссертация қорғайды. Сонымен қатар «Ауған соғысындағы атыраулық жауынгерлердің шежіресі» атты 546 беттен тұратын антологиялық жинағын құрастырып шы­ғарған.

Қаламгердің жаңа жи­нағына енген өлеңдерінен шынайылық пен сыршыл­дықтың лебі еседі. Әсіресе оның тарихқа бойлап жазған «Секер сұлу» поэмасын ерекше айтуға болады. Бұл поэмада ел аузында аңызға айналған Секер Жарылқапқызының өмірі мен ерлік жолы шебер баяндалған. Секер сұлу 1711 жылғы қалмақтармен соғыста қаза болған екен. Сондай-ақ автордың аталған кітапқа кірген әңгімелері жинақы жазылған. Мысалы, «Ақ желең», «Ашутас», «Балқадиша», «Құда мен құдағи» атты әңгімелеріндегі кейіпкерлерінің болмысы мен шым-шытырық оқиғаларды көркем өре білген. Бас-аяғы бүтін шағын әңгімелерінің тілі жеңіл, оқырманды жетелеп отырады.

 

Азамат ҚҰСАЙЫН