Әдебиет • 17 Қаңтар, 2023

«Түрік әдебиетінің есімдер сөздігі» жинағы оқырманға жол тартты

286 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Түрік әдебиетінің есімдер сөздігі» атты 20 томдық жинақтың тұсаукесер рәсімі өтті. Оған Қазақстан мен Түркияның түркітанушы ғалымдары, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Мажарстан, Түркіменстан елдерінің Бас консулдары, жоғарғы оқу орнының басшылары, университет оқытушылары мен білім алушы жастар қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Түрік әдебиетінің есімдер сөздігі» жинағы оқырманға жол тартты

Алқалы жиынды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ашып, іс-шараның мәні мен мақсатына тоқталды.

- Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жақында ғана Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институты ашылды. Бұл институт Түркі халықтарының тарихы мен әдебиетін жан-жақты зерттеп, саралауда үлкен жобаларды бастап кетті, – деді ректор.

Сонымен қатар Жансейіт Түймебаев бүгінде Қазақстан – Түркия қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілгенін айта келе, осы институт аясында екі ел ғалымдарының қатысуымен салыстырмалы-тарихи сөздіктер, түркологиялық энциклопедиялар шығарылып, ғылыми зерттеулер жүргізілетінін жеткізді.

Жиында сөз алған Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті кеңес төрағасы, профессор Мұхиттин Шимшек бауырлас екі ел арасындағы ортақ түркологиялық зерттеулердің өзектілігіне мән берді. Тұсауы кесіліп, қазақ оқырманына жол тартқан «Түрік әдебиетінің есімдер сөздігі» жинағы жайлы мәлімет берді.

− Кітап түрік әдебиетінің басынан XXI ғасырға дейінгі, дәлірек айтқанда 1985 жылы туған ақын-жазушыларды қамтиды. Классикалық әдебиет, айтыс, тасаууфсопылық дәстүрі және танзимат дәуірінен кейінгі заманауи түрік әдебиеті толығымен қарастырылды, – деді профессор.

Негізінен Анадолыдағы селжүктермен басталып, Османдықтармен жалғасып, бүгінгі күнге жеткен әдеби жинақты қоғаммен бір арнаға тоғыстыруды көздейді. Сонымен қатар ескі ұйғыр, Қарахан, Хорезм-Қыпшақ, Шағатай және Әзербайжан есімдері мен атаулары да енгізілген.

Сондай-ақ жиында Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Али Риза Акынжы, Қ.А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры Суат Бейлур, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова және өзге де қонақтар пікір білдіріп, түркітілдес мемлекеттердің өзара ынтымақтастығына айрықша назар аударды. Сонымен қатар жиылғандар «Түрік әдебиетінің есімдер сөздігін» түркітануға қосылған елеулі үлес ретінде баға берді.

Қатысушылар өз сөздерінде түркілердің тасқа басылған ортақ тарихы мен тілі, мәдениеті мен дәстүрі әлі де терең зерттеуді қажет ететінін алға тартты. Басқосу өз кезегінде түркі мұрасын, түркітілдес халықтардың тілін, әдебиетін, фольклорын, тарихын, этнографиясын, мәдениетін зерттеушілерге тың серпін, жаңа бағыт беретініне сенім білдірді.

Конференция барысында Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті кеңес төрағасы, профессор Мұхиттин Шимшекке әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Құрметті профессоры» атағы беріліп, әл-Фараби төсбелгісімен марапатталды.