Тарих • 18 Қаңтар, 2023

Жаңа Қазақстанның тәуелсіз тарихы

507 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Саналы ұлттың мәңгілік мұраты – тәуелсіз елдігін баян­ды ету, дамыту және өркендету. Осынау аксиомалық шындықтың тарих философиясындағы орнын зерделеу, бағамдау түрлі ойтанымдарға, қилы пайымдауларға негіз қалап, үдемелі қоғамдық құндылықтармен бірге өрбіп, жаңғыруы – табиғи объективті үрдіс.

Жаңа Қазақстанның тәуелсіз тарихы

Сондықтан заманауи тарихи танымның астарында Ұлы даланың автохтонды халқының тарихи өткеніне қатысты па­йымдаулық мәселелерге орын бермекпіз.

Алдымен анық жайт, ұлт тарихының темірқазығы – әр­қашан тәуелсіз мемлекеттілік пен ұлт­тық бірегейлікті сақтау болды. Мұны сан алуан тарихи дерек­темелердің мол қоры шо­ғырланған еуразиялық сайын сахараның көне артефактілері, фольклоры мен ономастикасы және жазба, нарративті мұ­ралары бұлтартпас айғақтары­мен жеткізіп берді.

Археологиялық ізденістердің бірегей жаңалықтары «Алтын мәдениетінің» (К.Ақышев, Ә.Тө­леубаев, Қ.Алтынбеков т.б.) Ұлы даланың геологиялық-географиялық ерекшеліктері­не сай бейімделген көшпелі­лер өр­кениетімен (В.В.Рад­лов, Ә.Мар­­ғұлан, В.Ф.Зай­берт, А.Тоқ­­­табай т.б.) толық син­тез­­­делуі пайымдамалық ең­бек­тердің өресін көтере ала­ды. «Күн басты» петроглиф­тер­ден (Ш.Уәлиханов, З.Сама­шев, т.б.) бастап, түркі сына жа­зу­­­­ларына дейінгі жер үстін­­­дегі табиғи жәдігерлер ұлы ба­ба­­ларымыздың өрке­ниет таны­­мындағы өлшем­дерін айғақ­тайды. Түркілердің сына жазуының төлтамырлық негізі­мен қатар оның мемле­кет­шілдік сананы серпілтер тарихи күш-қуатын зерделеу әлі де уақыт еншісінде.

Этнолингвистикалық зерт­теулердің заманауи бағыттары прототүркілік архаизмдердің Еуропа құрлығын отанына ай­налдырған мажар хал­қы­ның тілінде бірталай сақ­талуы «түркі әлемінің» адам­зат­ тарихымен бірге жа­сас­қан дәуірлерін меңзейді. Еуро­падағы түркілердің тарихы мен мәдениетінің рух пен діл­ді көтеретін салмағы (Т.Жұ­­мағұлов, С.Өтениязов,Т.Мұ­ха­жанова,т.б.) енді ғана батыл жазыла бастады. Түркі қағанаттары және Ұлық ұлыстың, ордалар мен хандықтар тарихының әр алуан дереккөздерінің қазақ халқының дәстүрлі ауызша тарихымен ортақ тамырлылығы ұлттық тарихнаманы жаңа қырынан қалыптастырады.

Ұлттық мемлекеттілікті сақ­таудың Алаш қозғалысы атауын еншілеген жанартаулық дүмпуі қазақ халқының жаңа замандағы тарихының басты сипатына айналды. Бүгінгі таңда әлемнің дамыған дербес мемлекеттерінің қатарына осындай бай тарихи өткені, адамзат өркениетінде өзінің аталы жолы бар қазақ халқының тәуелсіз ой-санасы оның тарихи білімін қорытуда жалғасын табары сөзсіз.

Жаңа Қазақстанның тари­хи-интеллектуалдық әлеуе­тін дамытудың көкейтесті мәсе­ле­лерін көтерудің мез­гілі жетті. Ол осыған дейінгі басымдықтарға негізделуімен қатар, қоғамдық-тарихи ой-сананы жаңғыртушы, одан әрі дамытушы факторларды тереңдетумен жүзеге аспақшы. Тарихи ойды пайымдау ұлттық оянудың ренессанстық бағытын қалыптастырумен ұштасқанда ғана нәтижелі болары хақ.

Ол үшін жоғарыда атал­ған та­рихи деректемелер­дің ин­тер­­претациясын талдау мен қо­рытудың тео­риялық-мето­дологиялық мә­­селелері тұр­пайы жасан­ды­­­лықтан алшақ болуы тиіс. Дү­ние жүзі тари­хын­дағы «ұлы өзгерістерді» туғыз­ған жаратылыстанулық ғылым­­ның жетістіктерімен теңдес мәде­ниеттің Ұлы дала артефакті­лері­нен табылуы терең бай­лам­дарға негіз қалайды. Про­тотүркілердің антикалық кезең­нен (сақ-парсы соғыстары) батыс пен шығыстың (Ұлы Қытай қорғаны, ғұндар) тарихнамасына соқталы ізін қал­дыруы, отырықшы жұрттардың көшпен­ділер әлемімен бірде тату, бірде араз тарихи даму үрдістерінің сипатты белгілері тұрғысында ғана қарастырылғаны жөн. «Парсы тілді» сақтар туралы болжамдардың ғылыми қи­сынсыз сәуегейлігі әшкереленуі қажет.

Құжаттама жүйесі қыпшақ тілінде жүргізілген Алтын Орда бодандығындағы славян­дардың кейінгі крепостнойлық басы­байлылық кезеңінде іргелес, көрші түркілермен өзара қа­рым-қатынастарының бар­лық жақтары тарихнамада ашық, айқын зерделенуін қалай­мыз. Бұл бір жағынан, хал­қымыздың тәуелсіздік жо­лындағы күрестерін тарихи саралауда жаңа методология­лық ұстанымдарды орнықтыра­ды. Екінші жағынан, «Қазақ өлкесі Ресей империясы­­­ның құрамында» деген шетел та­­рих­намасының отарлық, кеңестік кезеңдеріндегі терминологиясынан қашықтауға жол салады.

Кеңестік тоталитарлық жү­йе­­нің халықтарды ұлтсыз­дан­дыруға құрылған саяси-идеологиясының әскери-өктем күш-қуатын айғақтай­тын құ­жаттық деректерін топ­тастырған Қазақстан Прези­денті архиві біздің қоғамның тарихи санасын жаңғыртуға атсалысып келеді. Ғылыми-зерттеуші­лік, құжаттық ба­сылымдық ба­ғы­тын қоса жүр­гізген архив ме­кемесінің әл-Фа­раби атындағы қазақ ұлттық университетімен бірлесіп, «Ашық қоғамға – ашық архив» тақырыбымен әлемнің 20-дан астам елінің архив мамандарын тартып, тұңғыш конгресс ұйымдастыруы, ХХ ғасыр тарихының беймәлім тұстарын зерттеуге мүмкіндіктер сәтінің туғанын көрсетеді. 1992 жылдан бері құжаттанушы, архивтанушы мамандарды даярлайтын іргелі оқу орнының ғалымдары мен оқытушылары, болашақ архив мамандары студенттер, магистранттар мен докторанттар қатысқан айтулы жиын­ның посткеңестік мемлекеттер арасында тұңғыш рет елімізде өткізілу, санадағы гуманизм мен қоғамдағы демократия­лық өзгерістер ретінде тарихта қалары анық.

Тарихи білім мен тарихи танымды насихаттау құрметі мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлшегіне айналатын уақыт келді. Ол үшін түрлі танымдық хабарлар мен бағдарламалар, деректі және көркем фильм­дер түсіру, мерзімді баспасөз бен электрондық бұқаралық ақпарат құралдарының белсен­ділігін арттыру ісі өте маңызды. Академиялық ғылымның табыс­тары мен жетістіктері мем­лекет­тік телерадио кешенінің ба­сым­дыққа ие айдарына айналуы тиіс.

Қорыта айтқанда, тәуелсіз еліміз тарихының маңызды кезеңі – әділетті де жаңа Қазақ­стан құру жолында Мемлекет басшысы тарихшыларға зор сенім артып отыр.

 

Гүлбану ЖҮГЕНБАЕВА,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

профессоры, тарих ғылымдарының докторы